Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда “2011-2015 жылдардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы”, “Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдары бөлінетін кепілдендірілген трансферттер туралы” заң жобасы, “Республикалық және облыстық бюджеттер Астана республикалық маңыздағы қалалар бюджеттері арасындағы жалпы трансферттер көлемі жөніндегі” заң жобасы, 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды.
Алғашқы үш мәселе бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Ол 2011-2015 жылдардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы әлемдік экономиканың, әлемдік тауар рыногының ахуалдарының болжамдарын, сонымен бірге еліміздің экономикалық салаларының 2010 жылғы қаңтар-шілде айлары арасындағы даму үрдістерінің жағдайын ескере отырып жасалғандығын атап көрсетті. Халықаралық валюта қорының болжамдарына сәйкес 2010-2011 жылдар аралығында әлемдік экономиканың өсімі 4-5 пайызды құрамақ. Осыған байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы 2011-2015 жылдар аралығындағы мұнай бағасының болжамын да ескере отырып жасалған. Барынша консервативті болжамдар бойынша, бұл мерзімде мұнай бағасының баррелі орташа есеппен 65 АҚШ доллары көлемінде болады деп күтілуде. Әлемдік тұтыну деңгейінің біртіндеп қалпына келуіне байланысты 2011-2015 жылдар аралығында металдың әлемдік бағасы орташа есеппен 10-15 пайыз артпақ.
Міне, осы жағдайларды ескере келгенде еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі 2011 жылы – 3,1, 2012 жылы – 3,3, 2013 жылы 3,5 пайыз, ал 2015 жылға таман орта есеппен 4,1 пайыз болады деп болжанып отыр. Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру жобалары және отандық өнімдердің экспортқа шығарылуының артуына байланысты 2011 жылы өнеркәсіп өсімі – 3,6, 2012-2013 жылдары 3,9 пайыз деңгейінде болмақ. Жалпы, жобалау кезеңінде өсім орташа есеппен жылына 5 пайыз болады деп күтілуде.
2011-2015 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі орта есеппен жылына 4,3 пайыз деңгейінде болып, 2015 жылы 4,8 пайызды құрайды. Сонымен бірге еліміздің көлік және сауда салаларында да едәуір өсу деңгейі болжанып отыр. Ұлттық банктің болжамы бойынша 2011-2015 жылдар аралығында инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізі аралығында болмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 2011 жылы 6,4 пайыздан 2015 жылы 5,5 пайызға төмендейді.
2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы Қаржы министрі Болат Жәмішев хабарлама жасады. Алдын-ала жасалған жоба бойынша 2011 жылы республикалық бюджет түсімі 4 055,2 млрд. теңге көлемінде белгіленіп, 2010 жылдың анықталған жоспарынан 676,9 млрд. теңге немесе 20 пайыз артық болады деп болжанып отыр. Ал 2012 жылы бюджет түсімі 4380,1 млрд. теңге, 2013 жылы 4786 млрд. теңге болады деп болжануда. Республикалық бюджеттің 2011 жылға арналған шығындары 4657,7 млрд. теңге, 2012 жылы 4961,9 млрд. теңге, 2013 жылы 5168,3 млрд. теңге көлемінде белгіленген.
Үкімет отырысына ұсынылған жобаларды Үкімет мүшелері бірауыздан мақұлдады. Отырысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша атқарылатын жедел шараларға байланысты тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.