01 Қыркүйек, 2010

Өр Алтайдың төрінде

954 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Өр Алтайдың төрінде тұңғыш рет жыршылар байқауы және “Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасы дүркіреп өтті “Ғасырлар ескен – Есілім, жырлармен жеткен есімің” Міне, осындай тақырыппен Кенді Алтайдың жүрегі — Өске­менде тұңғыш рет жыршылар бай­қауы өтеді деген үш-төрт айдан бері қала тұрғындарының беймаза күйге түскені анық. Себебі, халық арасында кең тараған ұлтымыздың жыршылық жадын жаңғырту, қазақтың фольклорлық жырларын, қиссаларды жатқа айтуды өз құ­лағымызбен есту деген шын бақыт қой. Айта кету керек, облыстық жыр байқауы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докто­ры, профессор, елге жағымды жа­ңалықтарымен, қарқынды істерімен көзге түсіп, жұртшылықтың құрме­тіне бөлене бастаған Бейбіт Мам­раев пен ҚР Мәдениет қайраткері “Алтын арқау” қоғамдық бірлесті­гі­нің директоры Сағынбек Ақа­нов­тың бірлескен авторлық жобалары негізінде дүниеге келді. Ал “Алтын арқау” қоғамдық бірлестігі жанын­да­ғы ынталы топтың мүшелері, есімі елге сыйлы азаматтар Тиас Түсіпов, Базарбек Омаров, Сай­лау­хан Аухадиев, Төлеухан Әбіл­қа­сымов, Қасым Бұқбаев, Рамазан Түсіпов, Құскен Баймолдин, Шәкерхан Әзмұхамбетов, Құнафия Шайханов мырзалардың алғашқы жыр байқауын өткізу кезінде шы­ғармашылықпен қызмет жасағанын атап өте кеткен жөн. Ол үшін қала тұрғындары азаматтарына алғысын айтты да. “Ғасырлар ескен – Есілім, жырлармен жеткен – есімің” атты жыр­шылар байқауы екі күнге со­зыл­ды. Бірінші күні Халықтар дос­тығы үйінде өткен жыр бәсекесіне 21 жыршы қатысып, күш сынасты. Соның ішінде ерекше қабілетімен, жыр айтудағы қарымы мен әдіс-тәсілін меңгеріп алған он жыршы финалдық жыр додасына жолдама алды. Ертеңінде, яғни 28 та­мызда ШҚМУ бас корпусындағы үлкен залда он жыршы өз өнер­лерін ортаға салды. Жыршылар сайысын облыс әкі­мінің орынбасары, өлкенің мәде­ниеті мен өнерін дамытуға ерекше үлес қосып жүрген белгілі азамат Түсіпхан Түсіпбеков мырза ашты. – Ардақты ағайын, құрметті қонақ­тар! Ерке Ертістің ерінде, қарт Алтайдың төрінде, шырайлы Шығыстағы тұңғыш рет өтіп отыр­ған жыршылар байқауына хош келдіңіздер. Бұл жыр байқауының Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясының қабылданғанына 15 жыл толу мерекесіне, Өскемен қаласының 290 жылдығы және хакім Абайдың туғанына 165 жыл толуы құрметіне арналғанын біле­сіздер. ҚР Конституциясының 37-ші бабында “Қазақстан Республи­ка­сының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мә­дениет ескерткіштерін қорғауға міндетті” деп жазылған. Ендеше “ештен кеш жақсы” дегендей, бү­гінгі жыр байқауына халық, сіздер баға бере жатарсыздар. Бүгін біз үшін ерекше күн: атақты ғалым-жерлесіміз, фольклордың жетік ма­маны Сейіт аға Қасқабасов өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жеңгемізді ертіп келіп, жыр дода­сы­на қатысып отыр. Мерейіңіз үстем болсын, академик аға! Сонымен бірге жыр байқауының жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат департаменті бөлім меңгеру­шісінің орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қаламгер Әлібек Асқаров, “Егемен Қазақ­стан” республикалық газеті” акцио­нер­лік қоғамы­ның президенті, филология ғылым­дарының докто­ры Сауытбек Абдрах­манов қаты­су­да. Бүгінгі шара облыс әкімі Берді­бек Сапар­баевтың бастамасымен дүниеге келген “Туған ел – алтын бе­сігім”, “Туған жерге тағзым” акциялары­ның заңды жалғасы іс­петтес. Ен­деше жыршылар байқауы халықтың көзайымына айналсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Т.Тү­сіп­беков. Кешті жүргізуші ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Арыс­тан­бек Кәкеевтің үні кең залды жаңғыртып жіберді: “Тереңнен терсе сөз маржан, Шымырлап денең қозғалған. Жетпістің келіп шыңына, Артында сөнбес сөз қалған. Талайға үлгі тәлімі, Қаламнан кетпес тәлімі, 70-ке келді қазақтың Академик ғалымы. Ардақтаған Алашы, Аманат еткен бабасы. 70-ке келді жең түріп, Шығыстың Сейіт ағасы!” деген жыр жолдары әуеде қалықтаған кезде атшаптырым залдың іші жи­налғандардың ризашылығына бөле­ніп, барлығы тұрып, академик жер­лес­теріне құрмет көрсетті. Айта кету керек, биыл академик Сейіт Қасқабасов 70-ке толып жат­са, қасиетті Абай елі, Семей жері мен Шығыс өңірінде 70,80,60 жыл­дық мерейтой иелері қазан айында Ұлы Абайдың 165 жылдығымен Семей өңірінде аталып өтілмек. Бұл жайлы облыс әкімінің орын­басары Т.Түсіпбеков ел алдында айтып берген еді. Академик Сейіт Асқарұлы бұл жолы да С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғы­лыми кітапханасына әдебиеттану, фольклортану бойынша өзі жазған кітаптары мен шығарған 80 кітабын тарту етті. Университетте ұйымдас­ты­рылған “Академик Сейіт Қасқа­басов – 70 жаста” деген бұрыш-мұ­ражай алдында академик ағамыз жур­налистерге сұхбат беріп те үлгерді. Іріктеу кезеңіне қатысып, ақтық сайысқа шыққандар, ақыры сахна төріне шықты-ау. Бірінші болып зайсандық Мұратхан Домбаев ор­таға шықты. Өзі де, әні де көркем Мұратханды бұрыннан танимыз. Бірақ оның тағы бір өнер иесі екенін, яғни жыр айтатынын білмеппіз. Мәдениет саласында 1978 жылдан бері қыз­мет жасап келе жатқан М. Домбаев бұдан алты жыл бұрын “Әміре әндері” байқауының бас жүлдегері атанған. Қазір ол Зайсан ауданын­дағы “Айнакөл” халықтық ән-би ансамбліне жетекшілік етеді. Жыр, терме айту, күй шерту және ән шығарумен айналысатын Мұратхан Домбаевтың “Домбыра”, “Қызғыш құс”, “Жәнібекті жоқтау”, “Махам­бет” атты өзі шығарған әндері өл­кеге тарай бастаған. Бірінші күнгі сайыста М.Домбаев “Арқалық батыр” жырын нақышына келтіріп орындаған. Бүгін “Ақнайманды” шырқамақ. “Ақнайман” жырын көпшілік біле бермейді. Негізінен Шығыс өңірінде оқта-текте шырқалып қа­латын көрінеді. Ақнайман-Абылай хан ордасына жақын жүрген батыр. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай батырлардың серігі. Сарысу, Шорға, Алқабек білезік, Ша­ған, Сарыбелдегі шайқастарға қатысқан. Жоңғар жеріндегі (1750-1755), Цин империясының жау­лары­мен шайқас кезінде ерлік көр­сеткен Ақнайман батыр туралы жырды нақышына келтіріп айтып берді. Мұратхан жыр айтқан кезде бабымен, келістіріп отырып шырқайды екен. Бірақ жыр айту кезіндегі эмоцияға берілу, қимыл-әрекеттер жасау арқылы халықты баурап алу жағы жетіспейтін болып көрінді. Несі бар, алдағы уақытта бұл жағы ескеріле жатар. Жармалық жыршы Нағым Омарғалиева бірінші күні “Қал­қа­ман-Мамырды” жырлаған. Жыр айтуға әбден машықтанып алған Нағым Солтанбекқызы екінші күні “Сабалақ батырды” жырлады. Үшін­ші болып сахна төріне көте­ріл­ген тарбағатайлық Данияр Әке­леевтің “Түсіпхан Сүлейменнің зары” жыры көпшілікті баурап алды. Алтайдың ақтаңгер ақыны Абаш Кәкенов баптаған Данияр­дың жыр айтудағы шеберлігі, ән­шілігі, жыр мазмұнына қарай түрін өзгертіп, басқаша мақамға бірден көшетіні көпшілікке ұнады. Қуатты зор дауысы бар Д.Әкелеевтің бола­шағы алда. Оның үстіне “Түсіпхан Сүлейменнің зары” соңғы кезде ғана айтыла бастаған. Мұңға, зарға, азаматтың тағдыр тауқыметін мой­нымен көтеріп алудағы ерлігі өнеге болса керек. Көкпекті ауданындағы Самар ауылындағы Болғанбаев атындағы орта мектебінде “Бабалар сөзі” әдеби клубының құрылғанына бір жыл толды. Бастауыш сынып мұ­ғалімі Файруза Мәмбетова “Баба­лар сөзі” әдеби клубына 12 оқушы мүше екенін айтады. Аталмыш клуб­ты құрудағы мақсатымыз ше­шендік өнер тарихын жас жеткін­шек­тердің бойына сіңіріп, халқы­мыздың ұлтжанды ұрпағын тәр­биелеу, дейді клуб жетекшісі Фай­руза Жақытқызы. Міне, бір жыл­дың ішінде жыр айтуға біршама төселіп қалған 8  жасар Санжар Зейнолданов пен Әділбек Ғазезов ақтық сайысқа жолдама алыпты. Ал 16 жастағы Дастан Рахымғалиев финалға өте алмаса да жыр айтуды қатты ұнатады екен. “Келесі жылы есемді бермеспін” дейді ол. Бойы қолындағы домбыра­сы­нан сәл ғана ұзын Санжар “Тарлан мінген Ер Тарғын” жырын орын­дады. Есте сақтау қабілеті жақсы, қазірдің өзінде екі-үш жырды то­лық жаттап алған сегіз жасар бала­ның талабына разы болдық. Әттең бір кемшілігі, домбырада ойнау жағы кемшін түсіп жатыр. Домбыра дегеннен шығады, жырды домбы­ра­ға, сырнай немесе қазақтың көне аспаптарына қосылып шырқа­са орындаушы ұтады. Тарбағатай­лық Беделбек Әбілмәжінов осыдан ширек ғасыр бұрын өзінің төрт жасар ұлымен домбырада қазақтың шертпе күйлерін шеберлікпен орын­дайтын. Егер баптаушысы келіссе, домбыраға баулу, күй өне­рін меңгеру аса қажет дүние. “Баба­лар сөзі” клубының жетекшісі Файруза қарындасымыз алдағы уақытта осы жағын ескерер деген ойдамыз. Екінші сынып оқушысы сегіз жасар Әділбек Ғазезовтың тұң­ғыш өткізілген жыршылар сайы­сында жүлдеге ілінгені бала­лардың болашағынан үміт күту деп түсіндік. Өскемендегі тұңғыш жыршылар байқауына қатысқан ең тәжірибелі Дүйсенғазы Нығметжановқа ерек­ше тоқталғымыз келеді. 61 жастағы Дүйсекең 1972 жылдан бастап Семей қаласындағы зағиптар қоғамында еңбек етеді. Қазақ тілі бастауыш ұйымының төрағасы. Республикалық, облыстық  айтыс­тар­ға қатысып, 14 рет жүлдеге ие болған. Оның репертуарында жиыр­мадан астам жыр-дастандар бар. “Алпамыс батыр”, “Қобы­лан­ды батыр”, “Ер Тарғын”, “Қыз Жі­бек”, “Айман-Шолпан”, “Арқалық батыр”, “Зал батыр”, басқа да ха­лық арасына кең тараған інжу-маржандар Д.Нығметжановтың асыл қазынасы болса керек. Көкі­регі ояу, жыр дастандарын тәулік бойы жатқа соғатын арынды жыр­шы ағамыз осы жолы “Алтын ар­қау” қоғамдық бірлестігінің дирек­торы Сағынбек Ақановтың сұрауы бойынша бес-алты жырдан үзін­ділер орындады. Реті келгенде айта кету керек, Д.Нығметжановтың мақамымен айтылған “Қалқаман-Мамыр”, “Ер Қосай”, “Арқалық батыр” жырлары Қазақ радиосы­ның алтын қорына өтті. Өнер қайраткері, жыршы, әнші, күйші Беделбек Әбілмәжінов бұл жолы “Шағидың зары” атты күйді орындап берді. Беделбек ағамыз Алтайдың шертпе күйлерін шебер орындайтын, өзі де күй шығаратын талантты жан. Белгілі журналист, қазақ радиосы “інжу-маржан” бағ­дарламасының редакторы, қа­зы­лар алқасының мүшесі Қошан Мұста­фаұлының көмегімен Шығыстағы жыр-дастандарды, терме-толғау­лар­ды айтатын өнер адамдарының дауысы таспаға түсіп, Қазақ радио­сының алтын қорына жазылыпты. Соның ішінде Беделбектің бірнеше күйі, “Шағидың зары” да бар. Күйді тыңдаған кезде бойың шы­мырлайды, көзге еріксіз жас келеді, атамыз қазақтың көне өнерінің құдіретіне еріксіз бас иесіз. Ұландық Серікхан Олжабаев, Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің ұстазы, жыршы, әнші Ануза Жұмаханова, семейлік Роза Шарифуллинаның жырлары да жұрт көңілінен шықты. Сахна тө­ріне шығып, ақжарма тілегін, жер­лестерінің өнері жайлы тебірен­ген Сейіт аға былай деп толғады: – Бүгінгі Өскеменнің төріндегі жыр сайысы Шығыс Қазақстанда жыршылық дәстүр үзілген дегенді теріске шығарды. Жыршылық дәстүр қалың қазақ­тың асыл қазынасы, мұрасы. Тәуел­сіздік алғалы қазақ халқының ұлттық өнері жаңарып, қарқын ала бастады. Бүгінгі сегіз жасар екі ба­ланың сахна төрінде өнер көрсетуі көп жайды аңғартады. Жырға деген ыстық ықылас, сағыныш жандана бермек. Кешегі Жанақ, Мұсабай, Шөже, тіпті Шәкір Әбеновтің жыр­шылық мол тәжірибесі жас­тарға үлгі-өнеге боларлық қасиет. Менде мынадай бір ұсыныс, пікір бар. Бүгінгі жыршылар байқауы­ның жандануына үлкен үлес қосып келе жатқан университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев жоғары оқу орны жанынан жыршылар мектебін ашса деген ой бар. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты ұстаз Қанипа Бітібаева оған дәріс берсе. Тіпті мен де келіп қолғабысымды тигізе аламын. Ал бүгінгі байқаудан байқағаным – әлі де проблемалар жоқ емес.  Жыр­­шы – әртіс. Жыр айтқан кез­де эмоцияға беріліп, қимыл-әре­ке­тін өлең жолдарымен білдіріп отыр­са, көрерменін жалықтыр­май­ды. Бүгін семейлік Дүйсенғазы інімнің бойынан сондай қасиетті аңғардым.  Ал жыр айтысына қа­тыс­қан көптеген жастардың бой­ла­рынан мұндай қасиетті байқай алмадым. Десек те, Алтайдағы жыр­шылар байқауы жаман өткен жоқ, алдағы уақытта да сіздерге сәттілік тілеймін! Бұдан кейін Сейіт аға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атқарып жатқан істеріне жоғары баға берді. “Өскемен – өскелең қала. Бердібек келгелі қаланың екінші тынысы ашылды. Абай мен Пушкин ескерткіштері асқақтап тұр. Қала көшелері әсем, таза, гүлзарлар көздің жауын алғандай. Қала әкімі Ислам Әбішев мырзаға да өскемендіктер қатты риза екен. Сонымен жыр сайысы мәреге жетті. Әділ қазылар алқасының төр­ағасы, Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік университеті филология факультетінің деканы Сіләмбек Оразалин мен Сағымбек Ақанов жеңімпаздарды сахна төріне шақы­рып, марапаттады. Ынталандыру сыйлықтарына С.Жақиянов, Д.Ра­хым­ғали, Қ.Құдайберген, Э.Ма­мыр­баева, А.Жасмұхан, тағы бас­қалар ие болды. Үшінші орын­дар­ды сегіз жасар таланттар Әділбек пен Санжар, Нағым Омарғалиева, Роза Шарифуллина, екінші орынды Беделбек Әбілмәжінов, екі бірінші орындарды зайсандық Мұратбек Домбай мен Данияр Әкелеев иеленіп, қомақты қар­жыны алды. Ал бас жүлде 100 мың теңгені се­мейлік ақтаңгер жыршы Дүйсен­ғазы Нығметжанов жеңіп алды. Өскемендегі жыршылардың ал­ғашқы байқауына Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университетінің ректоры Б.Мамраев, басқа да аза­маттар көп көмек көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Т. Түсіпбеков байқау аяқталған соң демеушілік жасаған жігіттерге алғысын айтты... “Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасынан кейінгі ой Еліміз 19 жылдың ішінде талай асу, белес­тер­ден өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың сара саясаты нәтижесінде Қазақ­стан деген елді бүкіл әлем жұрт­шы­лығы танып білді. Соңғы бірер жылда қала адам танымастай өзгер­ді. Ең бастысы, орыстанып кеткен өлкеге ұлттық рең, береке кіре бастады. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс тізгіні Елбасының сенімді серіктерінің бірі, қазақтың ұлтжанды азаматы Бердібек Мәш­бекұлына сеніп тапсырылды. Жаңа әкімді тағайындарда Елбасы Н.Назарбаев өңір басшысының қасиеттеріне ерекше тоқталып, оған үлкен жүк, сенім артқан еді. Қош, сонымен бір жарым жылда Шығыс шырайлана түсті. Апат айтып келмейді. Жаңа бас­шы­ны бір сынап алайын дегендей, Алтайдың қысы алты айға созылды. Өңірде бұрын-соңды болмаған қалың қар жауып, аяз минус 50 градустан асып түсті. Облыстың тас жолдары апталап жабылып қалды. Ал оны тазарту, жолаушылар аман­дығын сақтау өңір басшысының көп міндеттерінің бірі. Биіктігі алты-жеті метрден асатын қалың қар күрт жылыған кезде Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жәнтікей, Қызылкесік, Күршім ауданының Маралды, Қаратоғай, Зайсан ауда­нының Тасбастау ауылдарын тасқын су басып, бес жүзге жуық тұрғын үй жарамсыз болып қалды. Елу мыңға тарта мал қырылды. Міне, сол күннен бастап екінші “майдан” басталды. Ақыры өңір басшысы Б.Сапарбаевтың басшылығымен өңір халқы оны да жеңіп шықты. Елбасының көмегімен миллиард­та­ған қаржы келді. Төтенше жағдай­лар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев мырза да ұйқысыз түндерді бастан кешті. Қазір жағдай жақсы, апат аймақтарында тұрғын үйлер беріліп жатыр. Күзде мектеп, басқа да әлеуметтік ғимараттар пайдалануға берілмек. Кенді Алтай жұртшылығы Елбасына алғысын айтып тауысар емес. Ендеше үш бірдей мереке құр­ме­тіне халықаралық мүшәйраны өт­кізгенге не жетсін. Конститу­ция­ның – 15, Өскеменнің – 290 және хакім Абайдың 165 жылдығы құр­метіне облыс әкімі Б.Сапар­баевтың бастамасымен мүшәйраны өткізуге шешім қабылданды. Ел еңсесі көтерілгенге не жетсін! Қала әкімі И.Әбішев Қазақстан Жазушылар одағының басшыларымен бірлесіп, мүшәйраның бағдарламасын жаса­ды. Мүшәйра шарты бойынша әр ақынның төрт өлеңі қала, Конс­титуция және Абайдың мерей­тойына арналуы тиіс, ал төртіншісі – еркін тақырып. Өскемендегі мү­шәйраға қатысып, бағын сынаймыз деген ақындардың саны 600 адам­нан асты. “Жұлдыз” журналының бас редакторы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Ұлықбек Есдәу­лет төрағалық еткен әділ қазылар ал­қасы шашасына шаң жұқтырмай кел­ген 21 ақынның өлеңдерін таң­дап алды. Олардың барлығы Өске­мендегі халықаралық мүшәйраға келіп, бағын сынады. Қытай, Моң­ғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан­нан келген шайырлар ақтық сайыста бір ғана өлеңнен оқыды. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың шақыруы бойынша келген қала қонақтары қатарында Қадыр Мыр­за Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қа­лихан Ысқақ, Төре­гелді Шарманов, Сейіт Қасқабасов, Темірхан Медет­бек, Исраил Сапар­баев, Көпен Әмірбек, Ғалым Жайлыбай, Ра­фаэль Нияз­бе­ков, Қасымхан Бег­ма­нов, Жәр­кен Бөдешов, Жанат Әс­кербек­қызы, Тыныштықбек Әбді­кә­кі­мов сияқты ел саңлақтары болды. Айтыс ақыны Аслан Ғафуров жырдан шашу шашты. Бұдан кейін сахна төріне облыс әкімінің орын­басары Түсіпхан Түсіпбеков пен Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай шығып, жиналғандар алдында тұңғыш рет өткізіліп отырған мүшәйраның мәні мен мағынасы жайлы айтып берді. “Туған ел – алтын бесігім” акция­сының заңды жалғасы жыршылар мен ақындар мүшәйрасы алдағы уақытта да жалғасын таба береді, деді әкімнің орынбасары. Ғалым Жайлыбай әділ қазылар алқасы қатарында Қадыр, Түменбай, Темір­хан, жергілікті ақындар Серік Ғаб­доллаұлы мен Нұржан Қуан­тайұлы, Қытайдан келген ақын Жеңісхан Нүсіпұлы, Ұлықбек пен өзінің бар екенін айта кетті. Тұяқтарымен жер тарпып тұр­ған “от ауызды, орақ тілді” ақын­дар мүшәйрада таңдаулы деген бір жырын ғана оқыды. Жыр сайы­сын­да арқалы ақындар Қасымхан Бег­манов, Жәркен Бөдешов, Талғат Ешенұлы, Қазыбек Иса, Рафаэль Ниязбеков Өскеменде бой көтерген Абай ескерткіші, жаңарып-жасар­ған Өскемен, ерке де сұлу Ертіс өзе­ні жайлы жазған өлеңдерін кес­теледі. Астаналық Жанат Әскер­бекқызы “Ертіс пен Үлбі хикаясы” жайлы өлеңін оқыр алдында Ертіс деген жігіт Үлбі деген аруға ғашық болыпты. Солардың тағдырын ай­та­мын деп алды да лирикаға толы жырын бір демде аяқтады. Ал се­мейлік Тыныштықбек Әбдікәкімов қала көшелеріндегі жарнамалардың кейде сауатсыз жазылатыны жайлы айтып, “мына жерде республи­ка­лық ақындар мүшәйрасы” деп жа­зылыпты, шынында халықаралық дәрежеде емес пе деп, бір түйреп алды да “Таң. Өскемен трамвайы” деген жырын оқып берді. Қыр­ғызстанның ақыны, бір кезде көрші елдің Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі қызметін жемісті атқарған Акбар Рысқұлов “Екі естелік” өлеңін оқи бастады: “Шығысында қазақтың, Өскеменде, Шынар терек бой тіреп  өскен елде. Екі естелік (қазақшасы  ескерткіш) ашылды екі ақынға Елдігіме қуанам естігенде. Кітапхана Пушкин атындағы, Пушкиніне бір қадам  жақындады. Абай атам алыстан қол созғаны, Ақын жұртын алдыға  шақырғаны” деп жыр жолдарын төгілдіргенде, жи­налғандар қазақ пен қырғыз хал­қы­ның достығы мен татулығының мәң­гілік екеніне көз жеткізгендей болды. Қарапайым, көп сөзге үйір емес Акбар ақынды бұрыннан танитын­быз. Бір үзілісте әңгімелесе қалға­нымызда, ол өз еліндегі жағдайдың тұрақталып қалғанын, Елбасы Н.На­зарбаевтың қысылған шақта көп көмек көрсеткеніне ризашы­лы­ғын білдірді. Ұлықбек ақынның жан досы Акбар бұрындары Шы­ғыста, Өскеменде, Зайсанда сан мәрте болған, енді сол өлеңдерін жинаққа енгізіпті. Әбубәкір Қайран, Иранғайып, Рафаэль, жас ақын Ақберен Ел­ге­зек, шымкенттік Бақытжан Алдия­ров, Серік Ақсұңқарұлының жыр­ла­ры көпшілікті баурап алды. Моң­ғолиядан келген Серғазы Болат, Қытайдан келген Омар Сұлтан, Ресейден келген ақындар да жыр мүшәйрасында өздерінің жақында ғана жазған жырларын тебірене оқып берді. Сонымен халықаралық мүшәй­ра­ның бас жүлдесін Қарағандыдан келген талантты ақын Серік Ақсұң­қарұлы жеңіп алды. Ол 1 миллион теңгеге ие болды. Бірінші орын мен алғыс хатты және 700 мың теңгені семейлік арқалы ақын Тыныш­тық­бек Әбдікәкімов иеленді. Екі екінші орынды (әрқайсысы 500 мың теңге) Қасымхан Бегманов пен Бақытжан Алдияр, үш үшінші орынды Қазыбек Иса, Зейнолла Тілеужан, Әбубәкір Қайран жеңіп алды. Бұдан кейін ақындар Қадыр, Тұманбай ағалар мен Ұлықбек, Темірхан арнаулы сыйлықтарды тапсырды. Бауыржан Қайырбек қала әкімінің арнаулы сыйлығын алды. Бұл сыйлық та қомақты – бір мың АҚШ доллары мөлше­рінде. Төлеужан Ысмайылов атын­дағы сыйлыққа Жанат  Әскер­бекқызы, ақын Нұрлан Мәукенұлы атындағы сыйлыққа Жарас Сәрсек ие болды. Жыр мүшәйрасының арқасында белгілі жерлестеріміздің аты бір естіліп қалды. Акбар Рыс­құлов, басқа да ақындар сый-сыяпаттан құр қалған жоқ. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың жүрекжарды лебізі жиналғандарды бір сілкіндіріп тастады. “Бұдан 20 жыл бұрын Өскеменде ақындар мүшәйрасын өткізу туралы ойлау мүмкін бе еді? Ұйымдастыру коми­тетінің төрағасы, қала әкімі Ислам Әбішев пен әділ қазылар алқасы­ның төрағасы, өзімнің орынба­са­рым Түсіпхан Түсіпбековке, Ұлық­бек Есдәулетке алғысымды айтқым келеді. Олар аз уақытта осындай шараны жасауға қол жет­кізді. Аманшылық болса, бұл шара келесі жылы да жалғасын табады деген ойдамын. 600 өлеңді кітап етіп бастырамыз. Оның кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелі жақтары аз емес”, деді өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы. Ұлықбек ақын 17 жасында жазған “Көтеріп туын Шығыстың” деген өлеңін оқып бер­ді. Ғалым Жайлыбай да Өске­мендегі жыр мүшәйрасына жоғары баға беріп, өңір басшыларына алғысын айтты, бір өлеңін оқыды... Ән мен күйге бөленген Өскемен Үш күн бойы Өскемен ән мен жырға бөленіп тұрды. Қала мере­кесі қарсаңында төрт субұрқақ іске  қосылды. Қала көшелері жөнделіп, өн бойына жаңа ағаштар, гүлзарлар отырғызылды. Бәйтерек Ертіс өзені бойынан сап түзеді. Стендтік оқ атудан ашық қала біріншілігі өтті. Христиан дініндегілер жаңа шір­кеу­ге ие болды. 30 тамызда қа­ла­ның еңбек ұжымдары, оқу орын­дары өкілдерінің мерекелік шеруі өтті. Спорт жарыстары әр көшеде өтіп жатты. Облыс әкімі Б.Сапар­баев Республика алаңында жинал­ған мыңдаған адам алдында акаде­мик Серік Қасқабасовқа Елба­сының Алғыс хатын тапсырды. Қала әкімі И.Әбішев Төтенше жағдайлар министрлігінің медалі­мен, бір топ өнерпаздар “Мәдениет қайраткері” төсбелгісімен мара­патталды. Слав­ский атындағы жағалауда әуе және су феериясы өтіп, кешкілік “Ба­қытты Қазақ­стан” мерекелік кешкі бағдарлама шалқыды. Оған Олим­пиада чем­пиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, күміс көмей әншілер Медеу Арын­баев пен Жеңіс Сейдолла, жерлес әншілер, Астана мен Алматыдан келген ақын-жазушылар, басқа да қонақтар қатысты. Кубадан келген “Копокабана”, Италияның “Мамбо Италия” топтары бал фестиваліне қатысты. “Халықаралық бал фес­тивалі – 2010 жыл” бағдарламасы аясында 32 тонна бал саудаланды. “Ең дәмді бал” атағын Күршім ауданының Маралды ауылының омарташылары жеңіп алды. Об­лыс­тық ауыл шаруашылығы басқарма­сының бастығы Дүйсембай Сели­хановтың айтуынша, алдағы уақыт­та бізде бес миллиард АҚШ долла­рының бал өнімдерін шығаруға болады екен. Мерекелік кеш от­шашумен аяқталды... Оңдасын ЕЛУБАЙ, Суреттерді түсірген автор.