* Дмитрий Огай “Таразға” бас жаттықтырушы болды. Белгілі футбол маманы тамыздың соңғы күндері осы команда тізгінін қолға ұстады. Ол көмекші етіп өзімен Қостанайда бірге жұмыс істеген Юрий Новиковты алды. Биыл 7-12 орындар үшін күресетін команда алдына келесі жылы алғашқы алтылықта болу қойылатын сияқты.
Өзі Таразда туып-өскен Д.Огай ойыншы ретіндегі жолын жергілікті “Химикте” бастаған. Сосын “Пахтакор” (Ташкент), “Қайрат” (Алматы), “Шахтер” (Қарағанды), “Пройссен Хамельн” (Германия), “Актюбинец” (Ақтөбе), “Тараз” (Тараз), “Мұнайшы” (Ақтау) командаларында өнер көрсеткен. Жаттықтырушы ретінде 2000-2001 жылдары “Есіл-Богатырь” (Петропавл), 2002-2004 жылдары “Ертіс” (Павлодар), 2005-2009 жылдары “Тобыл” (Қостанай) командаларын баптады. Қазақстанның 2002 және 2003 жылдардағы чемпионы, 2007 жылғы Қазақстан Кубогының иегері.
* Теміртаудың “арыстандары” хоккей чемпионатына қатысады. Осы кеншілер қаласында бір кездері “Строитель”, “Болат” және ЦСКА атты хоккей командаларының болғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Кейін қаржы тапшылығынан қалаға команда ұстау мүмкін болмай қалған. Енді бұрынғы даңқты дәстүрді қайта жалғастыратын уақыт келді. Теміртауда “Арыстан” атты жаңа команда пайда болды.
Маусымға қызу дайындалып жатқан хоккей жасағы құрамы айтарлықтай күшті. Ол негізінен сырттан келген тәжірибелі ойыншылардан құралған. Команданы жаттықтыру Теміртау хоккейінің түлегі Вячеслав Беланға сеніп тапсырылды. Ол бұған дейін “Барыс” және “Казцинк-Торпедо” клубтарының жаттықтырушылар жүйесінде жұмыс істеген. Ойыншы ретінде “Болат”, “Қазақмыс”, “Барыс” және “Казцинк-Торпедо” командалары құрамында ойнаған.
* “Классиктер” әлем чемпионатына баратын құрамын анықтады. Мәскеуде өтетін жаһан біріншілігіне қатысатын еліміздің грек-рим күресі құрамасының сапы белгілі болды. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы 2006 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2009 Азия біріншілігі мен Голден Гран-при финалының қола жүлдегері Асхат Құдайбергенов (55 кг), 2008 жылғы Универсиаданың жеңімпазы, 2009 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 2010 жылғы Иван Поддубный халықаралық турнирінің жеңімпазы Алмат Кебіспаев (60 кг), Азияның 2009 жылғы чемпионы Дархан Баяхметов (66 кг), 2006 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2009 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Роман Мелешин (74 кг), жасөспірімдер арасындағы 2008 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алхазур Оздоев (84 кг), Азия біріншілігінің 2007 жылғы күміс жүлдегері, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетов (96 кг), жасөспірімдер арасындағы 2007 жылғы әлем чемпионаты мен 2010 жылғы Иван Поддубный халықаралық турнирінің қола жүлдегері Нұрмахан Тынәлиев (120 кг) бар.
“Егемен-ақпарат”.