02 Қыркүйек, 2010

Шетелдіктер шаршы алаңға шыққан жекпе-жектер

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Солтүстік” дивизионына кіре­тін Қарағанды мен Ақмола облыс­тарының арасында өткен айқаста алаң иелері 16:13 есебімен жеңіске жетті. Кездесуде алаң иелері бес рет жеңсе, қонақтар төрт рет ұтты. Ал 52 кг. салмақтағы бір жекпе-жек 5:5 есебімен тең аяқталды. Бұл кездесудің қызықты өтеті­нінің жөні де бар еді. Кезінде, яғни Кеңес Одағы жылдарында, одан кейін еліміз тәуелсіздігінің алғашқы кездерінде та­лай талантты боксшы­ларды тәрбиеле­ген Қарағанды мен Жезқазған өңірі еліміздің бокс ұстаханаларының біріне айналғаны шындық. Қазіргі күні де өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан өткерген облыстық бокс феде­ра­ция­сы жергілікті жерде спорттың осы түрін дамыту, оны насихаттау десе алдарына жан салмай келеді. Оның айқын мысалын Қара­ған­дыда Қазақ­стан Бокс федерация­сының кубогы жо­лында өткен кезекті бәсекеде көре ал­дық. Мұнда өткен доданың бір ерек­шелігі, шілде айынан бері жалғасып келе жатқан жекпе-жектерде алғаш рет облыс атынан шетелдің үш бірдей боксшысы сынға түсті. Өзбек­стан­дық 81 кг. салмақтағы Атабек Иб­раи­мов пен Нозимжан Собиров (69 кг.) және ресейлік Зинат Жан­ды­баев (56 кг.) Қарағанды облысының атынан шығып, соның екеуінде өз­бекстандықтар же­ңіс­ке жетсе, соң­ғы­сы Жандос Момы­нов­тан 0:1 есе­бімен ұтылып қалды. Облыстық бокс федерациясының атқа­ру­шы ди­ректоры Берікбол Қасым­ха­нов­­тың айтуынша, шетелдіктердің сынға түсуі үшін олармен алдын-ала келісім-шарт жасалған. Енді жекпе-жектердің өзіне келер болсақ, ең жеңіл, яғни 49 кг. салмақта Теміртас Жүсіпов алғаш болып Ақмола облысына жеңіс әкел­ді. Ол өз салма­ғында Мірлан Тү­рікбайұлын 1:0 есе­бі­мен ұтты. Одан кейін 52 кг. салмақтағы кез­десу, жоғарыда атап өткеніміздей, 5:5 есебімен тең аяқталды. Көкше­тау­лық Нұрсұлтан Қосшығұлов пен Қанат Тұрғанбаевтың арасында өт­кен бәсеке барлық жағынан алған­да қызықты да, тартысты болды. Бұл кездесуде екеуінің де жеңетін жө­ні бар еді. Алайда, үшінші раунд­тың соңына дейін бір-біріне әлі кел­меген боксшылар шаршы алаң­ды келесі салмақтағыларға босатты. 60 және 64 кг. салмақтағы Ақмола облы­сының өкілдері Дәулет Мұқа­нов пен Дамир Қанафин рингке уақтылы кө­теріле алмаған соң, жеңіліс берілді. Сөйтіп, қараған­ды­лық Ержан Мүсә­піров пен Думан Сүлейменов оңай олжаны қалтала­рына басты. Мұндай жағдай 91 кг. салмақта да қайталанды. Көкше өңі­рінің тумасы Сүйіндік Қолым­баев Алексей Севостьяновқа қарсы шаршы алаңға шықпады. Деген­мен, басқа салмақтарда көкшетау­лық Нұрдәулет Жарманов (75 кг.) пен Андрей Плахотнюк (91 кг.) қар­сылас­тарын оңдырмай жеңді. Ең соңғы жекпе-жекке шыққан қа­ра­ғандылық аса ауыр сақмақтағы Виталий Бондарен­коны көпшілік жақсы білуі тиіс. Биыл Қазақстан чемпионатының финалына дейін сүрінбей жеткен Бондаренко бұл жолы өзінен тәжірибесі аздау қарсы­ласынан жеңіліп қалды. Келесі кездесулер 4 қыркүйек күні Қос­танайда жергілікті бокс­шылар мен Сол­түстік Қазақстан облысының ко­ман­дасы арасында өтеді. Қарағандыда Қа­зақстан Бокс феде­рациясының кубогы жолындағы кезекті жекпе-жектер өтті. Дастан КЕНЖАЛИН.