02 Қыркүйек, 2010

Кеншіден өскен генерал

875 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Есімі елге елеулі Жылдар көші ілгері қарай жыл­жыған сайын қай адамның да “Осы мен өмірімде ел үшін не тындырып, не қойдым? Өзімнен кейінгі тол­қынға, қала берді өсіріп-жеткізген перзент­теріме ұлағат етіп айтар­лығым бар ма?” – деген қалың ойдың құшағына берілетіні рас. Ал әркімнің азамат болып қалып­тасуы – өзінен. Кейбіреулер айтаты­нындай, бәрі де Жарату­шыңның бақ-талайыңа жазға­нынан болады. Дүние-ғалам есігін ашып, Жұ­мыр жер – талдан иген бесігін сай­лап, Әке – мейірін танытып, Ана – ақ сүтімен өмірдің нәрін бер­ген­де, данагөй ұлы Абайдың сө­зімен айтсақ, “ақыл, қайрат, жү­ректі бірге ұстаған...” перзент болу да екінің бірінің қолынан келе бер­месі хақ. Ал перзент бола білген­дердің бел ортасынан ойып тұрып орнын алуға лайық тұлғалардың бірі де бірегейі біздің бүгінгі кейіп­ке­ріміз Бекболат Мұқышев десек жөн. Үлкендердің батасы, әке-шеше­нің, туған-туысқандардың үміті мен тілегі болар, Бекболат Бапанұлы бү­гінде өсіп-өнген шаңырақ иесі. Ке­шегі қырқыншы жылы туған ол жет­піске аяқ басып отыр. Бірінші сы­ныпқа барған 1948 жылы әкесі Ба­пан дүниеден өткенде, оның ту­ған ағасы Мұқажанмен, екі шеше­мен қалған ол, 1958 жылы 10 сы­нып­ты тәмамдасымен, жоғары оқу орнына түсуге білімі мен білігі жете тұра жұмысқа тұруға шешім қабылдады. – Әлі есімде, №2 шахтаның басқарушысы Евгений Мазур деген болды. Түсті металдар институтын бітірген кен инженері болатын. Соған барып жағдайымды айтып едім, бірден “өтінішіңді жаз” деді. Сосын: “Бәрі түсінікті. Бұғанаң бе­кімеген жассың. Сен шахтаның ас­тына түсіп, жұмыс істерсің-ау, бірақ ол саған өте қиын болады. Тым бол­маса бір жылдай осы мынау шах­таның үстінде рудаларды бун­керге тасымалдайтын техниканың машинисі бол, саған қолайлысы сол”, – деп кеңесін берді. Содан №2 шахтада “откатчик” болып 3-ші разрядпен жұмысқа кірістім, айлық алып үй-ішіне менің де қаржылай көмегім тие бастады. Алған жалақымды түгелімен ше­шеме әкеліп беремін. Қысқасы, үй-ішінің қалауымен 1959 жылы мау­сым айында, Көкшетау облысы, Қы­зылту ауданына қарасты Чапаев атындағы совхозда тұратын Мақұл­қызы Алтынмен бас құрадым, – дейді ардагер аға сөзін әрі сабақтап. 1964 жылдың қазан айы Бек­болат Мұқышевтың өміріндегі нағыз бетбұрысты кезең болды. Ке­ніш комсомол комитетінің жолда­ма­сымен милиция органына қыз­мет­ке орналасты. Бұл оның Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген кезі еді. Бас­тап­қыда учаскелік уәкіл, арада біраз уақыт өткенде қылмысты іздестіру бөлімінің уәкілі болып жоғарылады. Көп кешікпей оны қылмысты жедел іздестіру уәкілі, аға уәкілі етіп тағайындады. Бұл алтын өндіру кентінде қоғамдық мүлікті, асыл металды ұрлау асқынып тұрған кез болатын. Осыларды ашудағы Бек­болат Мұқышевтың тапқырлығы мен іскерлігі кезінде журналист, марқұм Тұрсынбек Тасқожиннің Целиноград облыстық “Коммунизм нұры” газетінде “№19116 іс”, жур­налист Аманкелді Жұмабектің “Құ­рықталған “қулар”, “Шырқы бұ­зыл­ған мереке” деректі очерк­терінде жан-жақты баяндалған. – Алғырлығым, талапты да жігерлі жастығымды елеген болар, 1970 жылы шілде айының 20-да облыстық ішкі істер басқармасының бұйрығымен Қорғалжын ауданына лейтенант қана шенім бар мені милиция бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы етіп жоғарылатты. Қорғалжынға барға­нымда ауданның бірінші хатшысы Ақтан Төлеубаев деген ағамыз екен. Ол елге, тек Ақмола өңірі емес, рес­публикаға танымал, өте тәжі­рибелі, парасатты, алды кең, адамшылығы мол, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сол ауданға барғаныма өзім риза болдым, – дейді ардагер аға. 1974 жылдың күзі Бекболат Бапанұлының қызмет бабында тағы бір саты жоғарылаған өмір беле­сіндегі кезекті асу болды. Оның өз ісіне шынайы берілгендігін, қыл­мысты іздестіру саласындағы іс-тәжірибесінің әбден қалыптас­қан­дығын, әсіресе өз бөлімшесі қыз­мет­керлерімен тіл табыса небір тү­йіні шешілмес ауыр қылмыстарды ашудағы жұмыс істеу ерекшелігін жете бағалаған Целиноград облыс­тық ішкі істер басқармасының бас­шылары оны Шортанды аудандық милиция бөліміне басшылық қызметке ауыстырды. – Осы қызметті 1980 жылға дей­ін атқардым. Абыройсыз бол­ған жоқпын. Мұнда да бірталай аза­маттармен қызмет бабында да, жайшылықта да жақсы қарым-қа­тынаста болдым. Бұл кезең тағдыр толқынындағы менің бұдан биікке көтерілуімнің, тағанын берік қалау­ымның бастауы болған еді, – дейді Бекең әңгімесін сабақтай түсіп. Бекболат Бапанұлының осы айтқан сөзінің жаны бар. Қыранға да қанат қағар биіктік керек. Міне, сол мақсатпен ол 1980 жылы Мәс­кеу­дегі Ішкі істер министрлігі акаде­миясының күндізгі бөлімінде екі жыл оқыды. Академияны 1982 жылы бітіріп келгеннен кейін Бек­болат Бапанұлы Ақмолада облыс­тық қылмысты іздестіру бөлімі бас­тығының орынбасары, бір жылдан кейін бастығы болып тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде министр­лік оны жаңадан құрылып жатқан Торғай облысының облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығы қызметіне жіберді. Арқалықта Торғай облысы 1988 жылы бірінші рет жабылғанға дейін қызмет жасады. – Мен Арқалықта қызмет істе­ген кезде обкомның бірінші хатшы­сы елімізге белгілі, мемлекет қай­рат­кері Оразбек Қуанышев еді. Ол аға­мыздың маған жасаған жақсы­лығы мен қамқорлығын әсте ұмыт­пас­пын. Әсіресе, 1986 жылғы Жел­тоқ­сан оқиғасынан кейінгі іле-шала басыма төнген қауіптің бетін де қай­тарған сол кісі еді. КГБ-нің қыз­меткерлері “Бекболат Бапанұлы “желтоқ­саншыларды” жақтаушы, со­ларға ақыл-кеңес беруші” деген тұрғыда жоғары жаққа мәлімет берсе керек. Содан ондағылар мені қыз­мет­тен аластатып, біржолата құтылудың жолы – Ауғанстанға жіберу деген ше­шім қабылдаған. Бұл тіпті пар­тияның Орталық коми­те­тінде де сөз болған. Бармаймын деп айта алмай­сың. Комис­сия­ның бәрінен өттім. Денім сау, он екі мүшем аман. Содан ба­ра­тын болып Арқалыққа келдім. Арада екі-үш күн, әлде бір апта уақыт өтті ме, Оразбек Қуанышев іздеп жатыр деген хабар келді. “Апыр-ай, не болып қалды, ол кісі шақыра қоятындай жұмыс жоқ сияқты еді. Бәлкім, облыстағы жал­пы қылмыстық ахуалды білгісі кел­ген болар” деймін. Бастығым дем­а­лыста, мен соның міндетін уа­қыт­ша атқарып жатқанмын. Хатшы­сының хабарлауымен ішке кірсем, Орекең жалғыз екен. – Ал, Бекболат, жағдай қалай, тыныштық па? – дейді ол. –Тыныштық, – деймін мен. – Сен Ауғанстанға барады деген не сөз, өз еркіңмен барайын деп жатырсың ба? – деді ол. – Бұл жоғарыдағылардың ше­ші­мі. Олар барасың ба деді, мен бара­мын дедім. Бар әңгіме сол. Енді бұйрық күтіп отырмын, – дедім мен.. – Сонда... сенің шын барғың келіп отыр ма? – деді Оразбек Сұлтанұлы таңғалған қалыппен. – Оразбек Сұлтанұлы, соғыс жүріп жатқан, қан төгіліп жатқан жерге соқа басым, бойдақ болсам, әрине, қарайлап жатпас едім. Бала-шағам, қартайған анам бар. Мүм­кіндік болса, бармағаным дұрыс еді. Мені сол ой мазалайды, – дедім ағымнан жарылып. – Олай болса, бастығыңның істеп жатқан қызметі де шамалы. Оны осы бірер айда ауыстырамыз. Сені соның орнына бастық қоймақ­шымыз. Сондай ұсыныс жасаймын. Сені Ауғанстаннан алып қаламын, – деді. – Жақсы, рахмет, Ореке! – дедім елпілдеп. Сонымен менің көзімше тікелей байланыс арқылы Алматымен сөйлесіп: – Ал енді естідің ғой, қызме­тіңді әрман қарай істей бер. Осы жақын арада бір шешімге келеміз, – деді. Алайда содан көп кешікпей Торғай облысы тарап, 1988 жылы Бек­болат Мұқышев Батыс Қазақ­стан (ол кезде Орал) облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, көп ұзамай бастығы болып тағайындалды. Бұл еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі енді ғана жарияланған тұста жер-жерлерде әртүрлі топтар, әсіресе, Оралдағы казактар Қазақстанды іштен ірітуге, өздерінің автономияларын құруға жанталаса әрекет етіп жатқан кез болатын. Бекболат Бапанұлының Оралдағы қызметі осындай алмағай­ып тұспен сәйкес келді. Осындай, ел ішінде дүрбелең туып жатқанда түрлі күштердің қақтығысып қалуына жол бермеуде сол кездегі ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Бекболат Бапанұлының батылдығы мен жігерлілігі айрықша көрінген еді. Өйткені дүрмекке түсіп, толқыған халықты тоқтату үшін үлкен біліктілік қажет болатын. Осы орайда Бекболат Мұқышев­тың ел үшін сіңірген еңбегі зор бол­ды. Ол жайында Батыс Қазақстан облысындағы оны білетін азамат­тар­дың барлығы әлі күнге дейін жырдай, тіпті аңызға бергісіз етіп айтатыны сондықтан. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығы дәрежесіне көтерілген, генерал-майор шенінде отставкаға шыққан, бүгінде Қазақстан Респуб­ликасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы генерал-пол­ковник Қайырбек Сүлейменовтің бірінші орынбасары қызметіндегі Бекболат Мұқышевтың өмір өрімдері осындай. Бәдуан ИМАШ, журналист. Астана.