Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол ауылында “Тарих тұңғиығына үңілейік” атты тарихи-мәдени ескерткіштердің фотосурет көрмесі ашылды. Көрменің осы ауданда ашылуының да өзіндік себебі бар. Аудан аумағындағы Хан моласы қорымында ХVІІІ ғасырдағы қазақ мемлекетінің қайраткері Әбілқайыр хан жерленгені тарихтан белгілі. Мұнда Әбілқайыр ханның мәйітін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Фотосуреттер көрмесі аудандық “Халықтар достығы” мұражайында “Киелі мұраға тағзым” республикалық акциясы аясында өткізілді. Оны ұйымдастыруға “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы бастамашы болды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дариға Байжанова осы аудан аумағындағы Хан моласы деген жерден тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғалиев бастаған археологтардың Әбілқайыр ханның зиратын іздестіріп жатқанын, көрме экспонаттары мен мұражайлық құжаттардың осы жұмыстар туралы хабардар ететінін, сондай-ақ, көрмеден жастардың өңір тарихымен танысатындығын жеткізді. Көрменің салтанатты ашылуынан кейін жиналғандар “Тыңгер” мәдениет үйінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Рысты Досованың “Әбілқайыр хан – тарихи тұлға” атты лекциясын тыңдады. Нұротандықтар аудан орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке әр түрлі тақыраптағы танымдық кітаптарды сыйға тартты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.