02 Қыркүйек, 2010

Қоңыр үн. Күміс қоңырау

809 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше кең байтақ Отанымыздың барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, қоңыр үн үлкен-кішінің жүрек қылын тербеді. Бұл әрбір ұл мен қыздың есінде мәңгі қалатын қуанышы бөлек, шаттығы шалқар сәт. Ал олардың ата-аналарының да ұрпағының тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын алтын ұя мектебіне деген ілтипаттары мен ізетін  алғашқы қоңырау соғылған сәттегі тебіреністерінен айқын аңғаруға болады. Биыл еліміздегі 7525 білім ұясының табалдырығын 2 488 978 оқушы аттаса, оның 239 458-і бірінші сыныпқа барыпты. Осындай айтулы күндегі атаулы көріністерден жазылған топтама мақалалар мен суреттерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Качардың қазақ мектебі Биылғы күз Качар кентінің жұртына үлкен қуаныш сыйлады. Осындағы қазақ орта мектебінің оқушылары жаңа оқу жылын зәулім ғимаратта бастады. Жыл бойы жөндеу жұмыстарынан өткен мектеп үйі интерактивті тақта, компьютер сыныптары сияқты заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Әр мектептің де адам сияқты өмірдерегі, тарихы болады. Ел тәуелсіздігіне дейін Качар кентінде қазақ мектебі түгіл, қаракөз ағайын­дар­дың өзін көшеден ілуде бір көретінсіз. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз көшті ата мекенге бұр­ған кезде осы Качар кентін құтты қоныс деп біл­ді. Мұндағы қазақ мектебінің ашылуы да алыс­тағы ағайындардың осында оралуына тікелей байланысты еді. 2006 жылы тұңғыш қа­зақ мектебі ашылғанда партада 59 бала отыр­ған еді. Міне, енді биыл Качардағы қазақ орта мек­тебі оқушыларының саны 350-ге жетіп отыр. 90-шы жылдары нарыққа байланысты Качар кен басқармасының кемесі қайыр­ла­ған­да кеншілердің көбі кентті тастап кетті. Соған орай балалар саны да азайып, орыс мектебінің ғимараты босап қалған болатын. Ал орыс және қазақ мектептері сығылысып, бір ғимаратқа жай­ғасуға мәжбүр болды. Ал терезелері үңі­рейіп, қабырғалары ырсиып он жыл бос тұрған орыс мектебінің бұрынғы ғимаратын құрылыс­шы­лар өткен жылы жазда қайта қолға алды. Қа­зір ол адам танымастай өзгеріп, мемлекеттік тіл­де білім алатын жас ұрпақтың игілігіне айналды. – Мектебімізде 5 интерактивті тақта, бір­неше компьютер сыныптары бар. Би залының қабырғаларына түгел айна жапсырылған. Спорт залының өзі неге тұрады! Бүлдіршіндер үшін шағын орталық та мектептің бір жағына орналасқан. Ондағы дайындық тобына 20 бала барады, – дейді мектеп директоры Ермек Иманқұлов. Качар қазақ орта мектебі баланың саны жөнінен облыстағы білім ошақтарының арасында белді орын алады. Енді негізінен оралмандар балалары оқитын мектептің өзіндік дәстүрі де қалыптаса бастары сөзсіз. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Качар кенті. Жаңаталапта жаңа оқу ордасы Биыл Байзақ ауданындағы Қа­ра­су ауылында – 120, Жуалы ауда­нындағы Жаңаталап ауылында – 180, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда 300 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараттары шәкірт­терге есіктерін айқара ашты. Соның бірі Жуалы ауданын­да­ғы Жаңаталап ауылындағы жаңа мектеп. Бұл мектептің құрылысы өт­кен жылы басталып, биыл пай­далануға беріліп отыр. “SAT Con­truc­tіon” ЖШС мектеп құрылы­сына 379 миллион 275 мың теңге жұмсапты. Құрылыс жұмысына барлығы 120 адам тартылса, оның жартысына жуығы жергілікті құрылысшылар екен. Жуалы аудандық білім бөлімі басшыларының айтуына қара­ған­да, алыстағы ауылдан бой көтер­ген еңселі мектепке көрші Күр­кі­ре­усу стансасы мен Мариянская ауылынан келіп оқуға көптеген шә­кірт­тер тілек білдіріп отыр екен. Сондықтан екі-үш шақырым жер­ден қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы автобус та қарас­ты­рылып қойыпты. Сондай-ақ, кеше облыс әкімі Қанат Бозымбаев Байзақ ауданын­дағы Қарасу  ауылынан 120 оқу­шыға арналып салынған орта мек­тептің ашылу салтанатына қаты­сып, ұстаздар мен шәкірттерге жаңа оқу жылында жаңа табыс­тарға жетуге тілек білдірді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Білімге ыстық ынтамен Арайлы күздің алғашқы таңы алаулай атып, арқан бойы көтеріл­ген күннің көзі шіліңгір шілде­де­гі­дей мол қызуын Жер-анаға жо­марттана төгіп тұр. Егемен еліміз­дің барыс бейнелі  болашағының иелерін тәрбиелеп жатқан білім ошақтары тегіс қызу қарбалас құ­ша­ғына бөленген. Бүгін – Білім күні. Тәуелсіз Қазақстанның ай­шықты дамуының асқақ айбы­ны­на айналған Астана қаласының мек­тептерінде биыл 120 мыңнан астам бала дәріс алмақ. Елба­сы­ның тікелей бастамасымен өмірге келген 2020 жылға дейін білім са­ласын дамытудың жаңа мемле­кеттік бағдарламасы аясында білім бұлағынан сусындауға ынтыққан бүлдіршіндердің жарқын жүздері ел ертеңі үшін бүгінгі күннің ерекшелігін паш еткендей. Білім күні құшақтары алқызыл гүл шоқтарына толып мектепке асыққан жас өркеннің қуанышына ортақтасып, елордадағы 40 жылдан астам тарихы бар іргелі білім оша­ғы – №28 орта мектепке атбасын бұр­дық. Биыл бұл мектеп қабыр­ға­сында 1120 оқушы оқитын бола­ды. Оның ішінде 132 бүлдіршін тұңғыш рет мектеп партасына отырмақ. Мемлекеттік тілдің мәр­те­бесін көтеру жолында атқа­ры­лып жатқан игі шаралардың арқа­сында ұзақ жылдар бойы таза орыс мектебі болып  келген бұл іргелі білім ошағында да уақыт та­ла­бына сай бетбұрыс басталды. Биыл №28 орта мектепте алғаш рет қазақ сыныбы ашылып, отызға тарта бүлдіршін бірінші қазақ сы­ныбының табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылының ашылуына орай өткен салтанатты жиналыста сөз алған мектеп директоры Татьяна Брусевичтің айтуынша, білім ошағының қалыптасқан берік дәстүрі бар. Мектептің вокальды би үйірмесінің түлектері қаламыздағы талай жарыстарда жүлдегер атанған. Оқу орнының түлектері мемлекеттік тілді терең меңгеру бағдарламасы бойынша қала мектептерінің ішінде үздіктер қатарынан саналады. Білім күні мерекесіне арналған салтанатта бірінші сынып мұға­лім­дері М.Мырзалиева мен А.Дубовая мектеп табалдырығын алғаш атта­ған бүлдіршіндерге сәт сапар ті­ле­ді. Содан кейін биыл мектеп бі­тіре­тін түлектер мен білім орда­сы­на енді ғана қадам басқан бүл­дір­шіндер өнер жарыстырып, шағын қойылым өткізді. Тәуелсіз Қа­зақстанның Әнұраны орындалып, алғашқы қоңырау соғылды. Мыңнан астам балаға білім нәрін құятын іргелі білім оша­ғын­да жаңа оқу жылының алғашқы ашық сабағы басталды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Астана. Оқушыларға барлық жағдай жасалған Білім күні қарсаңында Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жиырма мыңға жуық халқы бар ауылда негізінен шетелдерден тарихи Отанына оралған қандас бауырларымыз тұрып жатыр. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы негізінде бой көтерген ғимаратқа бюджеттен 1 млрд. 379 млн. теңге қаржы қаралып, мектеп құрылысын “Оңтүстікқұрылыс компаниясы” ЖШС жүргізді. Мектепте 8 – лингафонды кабинет, 4 – компьютер сыныбы, 2 – интерактивті тақта, 720 орынға арналған мәжіліс залы және саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үлкен спорт залы, волейбол, баскетбол, теннис, футбол алаңдары бар. Оқушыларды еңбекке баулуға арналған металл өңдеу, ағаш өңдеу және тігін шеберханалары, аспаздыққа үйрететін арнайы оқу бөлмелерімен жабдықталған. Үлкен кітапханасы, оқу залы да қарастырылған мектепте 170-ке жуық ұстаз жеткіншектерді білім нәрімен сусындатпақ. Гүлия ТАЙТЕЛИЕВА. Оңтүстік Қазақстан облысы. Сәбилерге сый Ата Заңымыздың айтулы мерекесі және Білім күні қар­са­ңында Ақжайық ауданының Қа­рауылтөбе ауылындағы жағымды жаңалыққа куә болдық. Бұрынғы мектептің ғимараты жасанды­рылып, “Нұрбақыт” атты бала­бақшаға айналғанына жұрттың риясыз көңілден шаттанғаны мемлекетіміздің өз халқына қамқорлығының бір айғағы болса керек. Бұл жылға толмайтын мерзім ішінде ауданда пайдалануға бе­ріліп отырған төртінші бала­бақ­ша. Яғни, “Балапан” бағдарла­ма­сы бойынша Ақжайықта алымды адым жасалып отыр. “Жол кар­тасына” сай, “Нұрбақыт” бала­бақ­шасына облыс қазынасынан 50 млн. теңге қарастырылған екен. Міне, ғимараттың іші-сырты көздің жауын алады. Бұл үшін тұрғындардың “АЖАС­ст­рой” ЖШС-нің (директоры А.Тө­легенов) азаматтарына алғысы зор. Сәбилердің ойнайтын, ты­ны­ғатын бөлмелері, онда қойыл­ған жиһаз, құралдар, ойыншық­тар – бәрі-бәрі сәнді, талғамды. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.