02 Қыркүйек, 2010

Саммитке қатысушылар қауіпсіздігі басты назарда

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
16 тамызда Ақордада болған жиналыста Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астана қаласында алдағы 1-2 желтоқсанда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитіне  дайындық үшін түрлі бағыттарда арнайы жұмыс топтары құрылған болатын. Кеше Астанада ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мем­ле­кеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі  Қанат Саудабаев алғаш рет 11 жылдық  үзілістен кейін бо­латын ірі халықаралық форум қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы арнайы жұмыс топтарымен жиналыс өткізді. ЕҚЫҰ саммитіне қатысушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қадамдары жөнінде ҚР Пре­зиденті Күзет қызметінің бас­ты­ғы М.Аюбаев, ҰҚК төрағасы Н.Әбі­­қаев, “Сырбар” сыртқы бар­лау қыз­метінің директоры А.Жан­құ­лиев, Қорғаныс ми­нистрі Ә.Жақ­сы­беков, Ішкі істер ми­нистрі С.Бай­мағанбетов, Тө­тен­ше жағ­дайлар министрі В.Бож­ко және Астана қала­сы­ның әкімі И.Тас­мағамбетов хабарлама жасады. Жиналысты қорытындылай келе, Қ.Саудабаев: “56 мүше мем­лекеттің басшыларын, ЕҚЫҰ-ға  әріптес 12 мем­ле­кет­тің және не­гізгі халықаралық ұйымдар басшы­ларын қосқанда 5000-ға жуық адамның қатысуы күтіліп отырған  осындай  жоға­ры дәрежедегі және ауқымды басқосу Қазақстанның ғана емес, посткеңестік елдердің та­рихында болған емес. Біздің Елбасымыз айтып өткендей, Ота­нымызға деген бұл үлкен құрмет және жауапкершілік. Астанада қо­нақтардың қауіпсіздігін, заңды­лық­ты және тәртіпті сақтау жоға­ры деңгейдегі тарихи маңызды кездесуді жемісті өткізудің бірден-бір талабы болып табылады”, – деді. Отырыстың нәтижесі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.