03 Қыркүйек, 2010

Дүбірге толы дүние

396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Йемен лаңкестердің орталығына айнала ма? Кім де болса өзіне қолайлы жерді іздейді. Бүгінге дейін халықаралық лаңкестік ұйымдар үшін қолайлы жер үкіметтері әлсіздеу, өз аумағына толық бақылау жасай алмайтын Ауған­стан, Пәкстан, сондай-ақ Ирак сияқты елдер болып келді. Шамалыдан бері олар Йемен Республикасын үйірсектеп жүр. Оның басты себебі – “Әл-Каида” ұй­ым­да­ры тамырын те­рең жайған Ау­ған­стан, Пәк­стан сияқты ел­дерде халық­ара­лық күштер мен сол елдердің қа­рулы күштері экстремистерге қарсы күрестерін пәрменділеу жүргізе бастаған соң, олардың тыныстары тарылды. Сондықтан да олар жаңа орталық, өздерінің жексұрын істерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орта іздей бастады. Тапқандары – Йемен. Неге Йемен? “Әл-Каида” – исламдық ортадан шыққан құ­рылым. Басқа діни ортада ол өмір сүре алмайды. Онан соң бел­гілі қолдаушылары болуға тиіс. Сондай-ақ елдің тұрақ­сыз­дығы, өздеріне жұмыла қарсы тұруға мүмкіндігі жоқ ел болуы да шарт. Йемен осы талаптарға сай келеді. Тағы бір маңызды фактор – осы ұйымның негізін қалаушы­лардың шыққан жері де көрші ел – Сауд Арабиясы. Сол елден де ниеттестер табуға болады. Экс­тре­мистер осынау ұлан-ғайыр Араб түбегінде ислам халифатын құруды армандайды. Лаңкестік туралы айтқанда, ойымызға АҚШ-тың оралатыны бар. Осынау алып елдің әлемдік лаңкестікке қарсы күрестің көшбасшысы екенін мойындасақ та, кейде тым қатты кетеді деп айыптайтынымыз да бар. Сөйтсе де, лаңкестікке қарсы күрестегі АҚШ-тың рөлін бағалағанымыз да жөн-ау. Сол лаңкестер Йе­менге қарай ойысқанын жұрттан бұрын аңғарып, оған қарсы әрекеттерді қолға алған да АҚШ. “Вашингтон Таймстың” жа­зуына қарағанда, Йеменде Пен­тагонның адамдары жұмыс істеп жатқан көрінеді. Пентагонның, АҚШ Орталық барлау басқар­ма­сының құрығы ұзын. Йемендегі жағдайды осы елдің өз үкіме­ті­нен кем біле қоймайды. Осын­дағы лаңкестердің басшылық құрамы да ОББ есебінде. 2002 жылы олардың басшылығы толықтай дерлік құртылғандай еді. Кейбірі жой­­ылса, басқалары түрмеге жа­был­ған. Бас көтере алмас делінген. Бірақ осыдан төрт жыл бұрын 23 экстремист Сана түрмесінен қашып кетіп, жа­ңа лаңкестік күшке негіз пай­да болды. Рас, олар күні кешеге дейін сыртта бой тасалап жүріп, тек былтыр ғана өздерінің бар­лығын айғақтады. Йемендік лаңкестердің қазір жұрт таныған көсемдері де бар. Оның бірі – осы елдің тумасы, Батыс елдерінде, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда да өмір сүріп, біршама саяси күрес дайындығынан өткен Әнуар әл-Аулаки. Оның жер-жерде аты шыққан серіктестері де бар. Ол осы Араб түбегінде ғана емес, лаңкестер әлеміндегі беделді тұлғаға айналып отыр. АҚШ үкі­метінің ұсынысымен ол ұсталған кезде бірден өлтіруге болатын лаңкестер тізіміне де кірген. Йемен үкіметі өздерінде пайда болған лаңкестерге қарсы күреске қосылмақ болғандардың барлығына, ең алдымен АҚШ-қа есіктерін айқара ашатыны анық. Өзі үшін. Бұл елде онсыз да орталық үкіметке қарсы күре­сетіндер көп. Елдің солтүстік-батыс жағында шииттер бас көтеріп, өздеріне көбірек билік беруін талап етеді. Ел халқының үштен біріндейін құрайтын оларды Иран үкіметі қолдайды. Сондай-ақ оңтүстіктегі бұрын өздерін Оңтүстік Йемен Респуб­ликасы деп жариялап, кейін бір­тұтас елге біріккен оңтүстік про­винциялар қазір тәуелсіздік күн­дерін үнемі еске алып отырады. Енді соларға “Әл-Каиданың” лаңкестері қосылса, бұл елдің берекесі мүлде кетеді. Экстремистер ешкімге де жақпайды. Йемен үкіметі олар­дың сол жұғымсыздығын мықтап пайдалануды ойлап отыр. Оған бай көршісі Сауд Арабиясы мен лаңкестердің әлемдік атажауы саналатын АҚШ көмек қолын ұсынатыны күмәнсіз.