Қазақ қазақ болып, тәуелсіздігімізді алған сәттен бастап есімізді жиып, еңсемізді тіктеуде сырттағы ағайынның орны орасан зор екенін айқын аңғардық. Себебі, тәуелсіздік – баршамыз үшін ортақ қуаныш болатын. Біздің де күніміз туды ғой деп, өзегіміз талып, бір-бірімізді сағынысқан бауырлармен қауышудың амалын іздеп, қазақ баласының басын қосуды қолға алдық. Міне, соның нәтижесінде Президент бастап, біз қостап, 1992 жылы қыркүйектің 29-ы күні Алматыда дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. Біз сол шақта тілмен айтып жеткізгісіз керемет күндерді басымыздан кештік. Әлі есімде, жан-жақтан келген ағайындарды әуежайдан қарсы алғанымызда ұшақтан түсе сала жата қалып жерді сүйген қандастарымызды көргенде бәріміз де егілдік. Міне, бұл Отанға деген нағыз сағыныштың, сүйіспеншіліктің көрінісі еді.
Сол бабалар жерін көксеген қазақтың атамекенге оралуы үшін еңбек етіп, тер төгіп, талай іргелі істердің басын қайырып жүрген ізетті інілеріміздің бірі – Әкім Әбдіхайымұлы Ысқақ елімізге кеңінен белгілі азамат. Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін де абыроймен атқарды. Тұңғыш ана тілімізде жазылған “Халықтың көші-қоны туралы” Заңның авторы атанды. Осылайша қазақ тілі мемлекеттік қолданысқа жарамайды, тек тұрмыстық дейгейдегі тіл дегендерге нақты іспен тойтарыс бере білді. Шеттегі ағайынның атамекенге келуі жолында шын мәнінде қайраткерлік танытты.
Ерлік – білекте емес, жүректе. Намыс қашанда ердің жаны. Отанды жан-тәніңмен сүйе білу нағыз азаматтықтың белгісі. Әкім намыс пен арды ту ғып ұстап, кездескен кедергіде өзін дәлелдей білді. Парламенттегі бір жылға жуық тартыста Әкім Ысқақтың балама заң жобасы жеңіске жетті. Астанамыз Ақмолаға көшкенде Елбасымыз алғаш қол қойған Әкімнің сол бозторғайдай шырылдап қорғаған “Халықтың көші-қоны туралы” Заң болатын.
Азаматқа тән белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тіліне жанашырлығымен елдің елеулісіне, халықтың қалаулысына айналды. Сол қанға біткен қасиетімен табандылықпен өзі қабылдатқан заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды, облыстарда көші-қон басқармалары шаңырақ көтерді. Он үш жылдан бері қандастарымыздың Отанына оралуы, квота, баспана алу мәселелері осы заңмен іске асып келеді. Алыс және жақын шетелдерден Қазақ еліне қайтуды армандап, зарығумен жүрген қаншама қандастарымыз атамекенімен қауышты десеңізші. Сол ағайындар бүгінде жат жерде жатбауыр болып, өзгеге телмірмей, өз елінде, өз жерінде бақытты ғұмыр кешуде.
Жалпы, ер жігіттің бойында өз Отанына деген сүйіспеншілігі болмаса, мұндай қайратты қадамға бара алмас еді. Бұл үш жүздің басы қосылған Ордабасыда дүниеге келген Әкімнің ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, аталар аманатына адалдық танытуының арқасы еді.
Көші-қон мәселесі әр мемлекеттің стратегиялық негізгі бағыттарының бірі екендігі белгілі. Халқының саны аз, жер көлемі үлкен Қазақстан үшін бұл сала қашанда өзінің маңыздылығын жоймақ емес. Әлемде өз қандастарын шақыртып, жағдай жасап отырған мемлекеттер санаулы ғана. Германия, Израиль секілді сондай мемлекеттердің қатарына бүгінде Қазақстан да қосылып отыр. Қиын- қыстау заманда жер-жерде тағдырдың тауқыметімен тарыдай шашылып кеткен қандастарын жинап, елдіктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген Елбасы саясатының кемелдігіне бұл жерде де көз жеткізуге болады.
1992 жылы ресми делегацияға мүше болып Елбасымен бірге Иранға барғаным есімде. Онда Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары едім. Сол жерде Нұрекеңнің тапсырмасымен мен Иран қазақтарымен кездестім, ұмытпасам 15 мың қазақ тұрады екен. 1993 жылы Иранға елші болып бардым да, Елбасының пәрменімен солардың үш мыңын атамекенге көшірдім.
Елден сыртқа кетіп, тарихи Отаннан айрылу оңай емес. Босқындардың тағдырын мен Иранда жүргенде өз көзіммен көрдім. Ол туралы “Қазақтар қаңбақ емес көше берер” деген мақала да жазғаным елдің есінде болар деп ойлаймын.
Ирандағы қандасымыз Нұрымшат қарияның мына сөзі әлі есімде. Өзі сексеннің жетеуінде еді. “Шіркін, елге жетіп құлау мен үшін арман, тап осы жерден атқа қонсам, бәрі кеудемде сайрап тұр, төтесінен тартып, үш күнде кіндік қаным тамған жерге жетер едім”, – деп еді жарықтық. Елге жетіп өлсем арманым жоқ деуші еді. Көрмеген қорлығы жоқ сол қариялармен сөйлескенімде: “Несін айтасың, шырағым, Иранға келгенде төрт жылдай келіндер бала көтермеді. Құрыдық дедік. Жерсінбей жүр екен, төрт жылдан кейін ғана келіндер бала көтере бастады. Я құдай, бар екенсің ғой, деп көкке қол көтеріп жалбарындық”, – деді. Бір қарияның: “Шырағым, Мырзатай, шетте жүріп өлген қазақтың мүрдеде де сүйегі қызып жататын шығар”, – деген сөзі де жадымнан әсте кетпейді.
Сондықтан Отанға оралу шетте жүрген барша қазақтың арманы, ал кіндік қаны тамған жерде жүрген қазақтар өз Отанының қадірін білуі керек. Өйткені, туған жерден ыстық дүниеде ештеңе болмайды.
“Отан – отбасыңнан басталады” дейді қазақ. Ұлы жол өз үйіңнің табалдырығынан бастау алады. Оралмандар үшін өлшеусіз еңбек еткен Әкім ініміз де кезінде өзінің туған жері Ордабасы ауданы негізсіз таратылып кетіп бара жатқанда депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, тарихи Ордабасы атауын сақтап қалған парасатты азамат. Биліктен де, беделден де туған жерінің абыройын, атауын артық көрді. Кіндік қаны тамған жерін жанындай сүйіп, адал перзенті ретінде ардақтап келеді. Әкімнің “Үш жүздің басын қосқан Ордабасым” атты тарихи-танымдық кітабы елжанды азаматтың туған жеріне, өскен еліне деген мың сан тағзымының куәсі десек болады. Бір жағынан қашанда қазақылықтың туын жықпаған Оңтүстік өңірінде дүниеге келіп, ұлтының уызына жарып өскен Әкімнің бұлай болмауы да мүмкін емес.
Туыстарымыз елім деп еміреніп, атамекенге жете алмай жүргенде қаракөз бүлдіршіндерді шетелге сату адам баласының ақылына сыймайтын жағдай. Қаламгер Ә.Ысқақ осынау өзекті мәселені өз мақалаларында талмай жиі көтерумен келеді. Мәселен, оның депутат болып жүргенде Англия, Америка, Түркия сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттерге арнайы барып, тәжірибе алмасуы, ондағы қаракөз қазақ балаларының іздеушісі болып, олардың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтуы елінің ертеңіне алаңдайтын отаншыл азамат екендігінің тағы бір дәлелі. Өз мақалаларында “Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар” дегендей, Арман, Джо атты қазақ балаларының тағдыры жайында жүрек толқытатын эсселер жазып, “қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ел” деген түйінді сөзді ұлтым деп жаны ауырар зиялылардың есіне салды.
Негізі Әкім табиғатынан жаны нәзік, мінезге бай қарымды қаламгер, көсемсөздің шебері. Оның терең философиялық пайымдауларға негізделген “Жүректегі жазулар”, “Адам іздеп жүрмін” атты эссе кітаптары бүгінде көпшіліктің қолынан түспейтін еңбекке айналды. Оқырмандардың сұранысымен бірнеше мәрте басылып та шықты. Қолына қалам ұстаған шығармашылық иесінің шын мәніндегі бақыты осы деп ойлаймын.
Өзіңмен өзің оңаша қалғанда, түпсіз ойларға сапар шеккеніңде жаныңды жегідей жеген мазасыздықтан айығу үшін бұл туындылардың тағылымы терең деп білемін. Әкімнің кітаптарын қолға алып парақтағанда-ақ өзіңізге бір сырлас дос тапқандай тынысың ашылып, жан сарайың жадырап сала береді.
Ә.Ысқақ қаламы жүйрік, көсемсөз шебері болуымен бірге жамандыққа жаны қас, жан біткенді тек жақсылықтан ғана тұратын жарастықты әлемге жетелейтін ақын. Оның өлеңдері ізгілікке, мейірбандылыққа толы. Адал, шыншыл, атқарған істерінен де, сөйлеген сөздерінен де, жазған шығармаларынан да ірілігі көрініп тұратын абзал азамат. Бала десе ішкен асын жерге қоятын, бала психологиясын жетік меңгерген, ұрпақ дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын қаламгер. Оның қаламынан туған балаларға арналған өлеңдері де өзінің өңіндегі жылылық пен көзіндегі нұр сияқты ылғи шуақты, мейірбан, биязы болып келеді.
Сонымен бірге, Әкімнің жан дүниесіндегі нәзік иірімді әсем әуенмен әуелеткен сазгер екенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ол өзіндік өрнегі бар елуден астам әннің авторы. Әндері – таңғы шықтай таза, тас бұлақтың суындай мөлдір сағынышты әуендер. Елін, жерін, Отанын сүйетін Азаматтың нәзіктікке толы сыршыл әуендері жаныңды әлдилеп, махаббатқа, жастыққа, өткеніңе бас идіріп, еріксіз жүрегіңді тебірентеді. Ән тек құлақтың құрышын қандыратын музыкалық шығарма ғана емес, сонымен қатар ол жүректі қозғайтын, сезімді сергітетін, ой-өрісіңді оятатын поэзиялық дүние. Әсіресе, патриоттық сезімді қоздыратын “Көк тудың желбірегені” атты әні денеңді шымырлатып, мерейіңді өсіре түседі. Ал “Көңіл қымбат” деген әні тұрлаусыз өмірдің тұңғиығынан сыр шертеді. Оның сазды лирикасы жан-жүрегіңді тербетеді, толғандырады. Әкімнің туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі, қоғамда болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарай алмайтын шығармашылық адамына тән терең ойларымен әспеттелген әндері еріксіз тебірентеді, ал ойнақы әуенге толы әндері әрқашан жүрекке жылы тиіп жатады.
Дүние үлкен көл,
Замана соққан жел.
Алдыңғы толқын ағалар
Кейінгі толқын інілер, – дегенде данышпан Абай өмірдің үнемі қозғалыста, өзгерісте болатынын аңғартқан екен.
Талаптың тұлпарын ерте мініп, ел ісіне араласқан ізетті ініміздің біз білетін қайраткерлік, қаламгерлік, композиторлық үш қыры осындай. Әкімге әрдайым бақытың биік, ғұмырың ұзақ болсын, ел үшін еткен еңбегің жанып, абырой биігінен көріне бер, шырағым, деген тілек айтқым келеді.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.