07 Қыркүйек, 2010

Полковниктің күйреуі

522 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
“Мен әскери қызметшімін, полков­ник­­пін, әскери ғылымдардың канди­даты­мын. Әскери бөлім командирі қызметінде жүріп, мен әскери проку­ра­ту­ра және әскери-тергеу басқармасы тарапынан әскери қызметшілерден пара алудың жақсы жүйеге салынғандығына көз жеткіздім. Парақорларды ақылға кел­тіре алмағандығымнан нақты лауа­зым­ды адамдарды көрсетіп, сынадым. Бұған жауап ретінде бірден маған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Кейін қамауға алындым. Бопсалау, қорқыту және іс жүргізу заңдарын бұзу тергеушілер мен прокурорлар мінез-құлқының нормасы болды. Мені ойдан шығарылған қыл­мыс­ты жасадың деп, табанды түрде мой­ындатуға тырысты. Маған қатысты тергеу ісін мен сынаған прокурордың туысы жүргізді. Мұның өзі іс жүргізу заңын бұзу болып саналады. Айғақтар бұрмаланды, алибилер іске тіркелген жоқ. Тергеу басқармасының бастығы тергеуге жетекшілік етті. Табандылық көрсеткенімнің арқа­сында мен бостандыққа шығарылдым, ал қылмыстық іс қосымша тергеуге жіберілді. Өйткені, менің кінәлі екенім дәлелденбеді. Тергеушілер 2006 жылдың қаңтар айында шығарылған рақым­шы­лық заңы бойынша қылмыстық істі қысқартуды ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс менің таза атағымды ақтап бере алмай­тын еді.  Сондықтан мен келіспей, тер­геу­дің жалғасуын талап еттім. Содан кейін мені тергеуден қашып жүр деген сылтаумен түрмеге қайта жапты. Кері­сінше мен тергеуден қашқан жоқпын, ақтау үкіміне сеніп, тергеу мен соттың заңды жүргізілуін талап еткен болатын­мын. Бірақ тергеу ісі тараптарды бітіс­тіру арқылы істі қысқартуға тырыса­тынын байқатты. Мен келіспедім. Жал­пы, түрмеде бір жыл отырған соң мен тағы да бостандыққа шығарылдым, ал қылмыстық іс тағы да қосымша тергеу­ге жіберілді. Жалпы алғанда, жеті рет сот, тоғыз рет қосымша тергеу болды. Соттар өздеріне жауапкершілік алғысы келмеді, сондықтан істі қосымша тер­геуге жіберіп отырды. Ал прокурорлар істі тоқтатқысы келмеді, өйткені бұл жағдайда олардың маған қатысты құқыққа қарсы әрекеттері әшкереленіп қалар еді. Тергеу басталғаннан үш жылдан кейін тергеушілер менің әрекеттерімде қылмыс құрамының болмауынан қылмыстық істі қысқартуға мәжбүр бол­ды. Мен өз елімнің адал азаматы ретінде әскери құқық қорғау орган­дарының менен кешірім сұрауын және тергеушілерге шара қолдануларын талап еттім. Бұған жауап ретінде маған қарсы тағы қылмыстық іс қозғап,  тіпті жалған қылмыс құрамын да тапты. Маған қатысты қозғалған қылмыстық іс тергеушілерді де, прокурорларды да, судьяларды да жалықтырған болуы керек. Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен Жоғарғы Сот қаулысының талап­тарын бұза отырып, маған садақа лақтырғандай, шартты жаза түріндегі айыптау үкімін шығарды. Әрқашан үлгілі офицер болып танылсам да, бүгінгі күні соттың ше­ші­мі бойынша қарулы күштер қатарынан шығарылдым, сотталғандығымнан жұ­мысқа орналаса алмай жүрмін. Әділеттілік орнап, бұрынғы мәртебем мен таза атағымды қайтарып алуыма қолұшын береді деген сеніммен “Егемен Қазақстанға” арызданғанды жөн санадым...”. Бұл хаттың иесі – Бауыржан Өте­пов. Өзі айтқандай, әскери қызметші – бірақ бұрынғы, әскери шені полковник – ол да бұрынғы. Әскери ғылымдардың кандидаты. Әуелі редакцияға хаты келді. Кейін күйреген, күйзелген сияқты көрінген өзі көрінді. Әлбетте, ашынған адам арыз жазады. Әрине, арызында өзін ақтап, өзгені даттап жазуы да ықтимал. Сондықтан қандай нәрсенің де екінші жағы болатынын ескере отырып, осы мәселеге байланысты журналистік зерттеу жүргізуді жөн санадық. Екі жақты да тыңдап, екі жақты да сөйлету арқылы ғана ақиқатқа көз жеткізуге болар еді. Осы бұрынғы полковниктің хатына орай Алматы қаласындағы ҚР қылмыс­тық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы Советхан Сәкеновке жолықтық. – Сотталған Бауыржан Өтеповтің Алматы гарнизоны әскери сотының өзіне қатысты шығарған 2007 жылғы 20 тамыздағы үкіміне байланысты апелляциялық шағымын ҚР Әскери сотының қылмыстық істер алқасы 2007 жылдың қыркүйегінде қарады, – деді Советхан Сәкенұлы. Бұл жөнінде №1 а – 71/2007 нөмірлі қаулы қабылданды. Әскери бөлімнің бұрынғы командирі, полковник Бауыржан Өтепов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы, екінші бөлімінің “а”, “б”, “в” тармақшаларымен айыпты деп танылып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айыруға сотталған. Рақымшылық заңын қолдану арқылы ол жазасын өтеуден босатылған. Негізінде Өтепов соттың үкімімен төмендегі жағдайларға байланысты айыпты деп танылған. Ол 15632 әскери бөлімнің командирі қызметінде жүріп, 2001 жылғы 13 қарашадан 2003 жылғы қыркүйек айына дейінгі аралықта қызмет бабын пайдаланып, жанар-жағар май қоймасының меңгерушісі – жанар-жағар май қызметі бастығының міндетін уақытша атқарушы Нәленовке заңсыз бұйрық беру арқылы ұрлыққа итермелеген. Бір топ кісі алдын ала келісе отырып, бірнеше рет, атап көр­се­тер болсақ, 2002 жылғы 7 және 12 қыр­күйекте, 2003 жылғы 6, 7, 20 және 24 ақпанда 15632 әскери бөлімінің 27 933,9 кг. жанар-жағар майын Ақыл­баев деген азаматқа өткізіп жіберген. Және жасаған қылмыстарын жасыру мақсатында Өтепов өзінің қызмет бабын пайдаланып 2003 жылдың қаңтар айында қарамағындағы Нәленовке жалған құжат жасауға бұйрық береді. Өтепов өзінің апелляциялық шағымында соттың үкімін өзгертіп, қылмыстық істі қысқартуды сұрайды. Полковник Б.Өтеповтің әскери бөлім командирі– мемлекеттік лауазым иесі бола тұра өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін қызметтік өкілеттігін теріс пайдалана отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, бірнеше рет ұрлағаны жөнінде айыбы қылмыстық іс материал­дарында жинақталған. Және сот үдерісінде жан-жақты толық зерттелген. Бірнеше нақты дәлелдемелердің жиынтығы мен өзінің дәлелін тапқан. Сондықтан да бірінші сатылы сот оны үш жарым жылға бас бостандығына айыру жазасына үкім шығарған. Кейін рақымшылық заңының негізінде Өтепов бұл жазаны өтеуден босатылған. – Бірақ Өтепов өзіне шығарылған бұл үкімге разы емес қой... – Сондықтан да ол апелляциялық шағым түсірді емес пе. Оның бұл шағымын қарап, үкімді өз күшінде қалдырдық. – Өтепов сол апелляциялық  шағымына қатысты шығарылған қаулыға да көңілі толмай отыр ғой. – Сот шешіміне риза емес тараптардың әртүрлі пікір айтып, әртүрлі көзқарастарын білдіріп жатуы мүмкін. Олар бар болғаны көзқарастар мен пікірлер ғана. Күшіне енген үкім – ол заң. Ал заң орындалуға тиіс. – Өтеповтің айтуынша, Әскери прокуратура және әскери тергеу органдары оның ақталуына жол бермейтін сияқты. Соттың ақтау үкімін шығаруына түрлі кедергілер жасап жатқан да солар дейді. – Мен бұл істі бір кісідей-ақ білетін судьямын. Егер шынымен-ақ ақталуға жататындай негіз болса, судьялар әлдеқашан ақтау үкімін шығарған болар еді. Осы істі қараған судьялар тобы тергеушілер мен прокурорларды немесе басқа тараптарды жақтап, мүдделілік танытты деп ойламаймын. Кәсіби судья ретінде бұған сенбеймін де. ...Сонымен Б.Өтеповтің редакцияға жазған арызының толық мәтінін де, осы істі қараған судьямен болған шағын сұхбатымызды да оқырман назарына ұсынып отырмыз. “Біріктіріп айтса, бидікі жөн, құрастырып айтса, құлдыкі жөн” дегеннің кері келді. Әркім өзінікін дұрыс дейді. Ал бұл мәселе бойынша біз өз пікірімізді білдіруден аулақпыз. Оған құқымыз да жоқ. Дегенмен, нүктесі қойылмаған секілді көрінетін осы іске қатысты жазылған мақаламызға да әзірше нүкте қоя алмайтын сияқтымыз. Кім біледі, “Егемен Қазақстанды” қолына алған Бас әскери прокуратура басшыларының бірі осы бір қиын түйінді іске қатысты тексеру жүргізуге шешім қабылдар. Сол тексеру істің ақ-қарасын ашып та берер. Күйреген, күйзелген полковниктің ісі бәлкім оңынан шешілер, мүмкін керісінше оның айыпты екені нақты дәлелденер. Не де болса осы бір іске байланысты дуалы ауыздың нақты шешімі қажет-ақ сияқты. Шарафаддин ӘМІР. АСТАНА – АЛМАТЫ – АСТАНА.