Саламаттылық салты
Менің денсаулық саласында жүргеніме 40 жыл, оның 35 жылы бас дәрігер қызметінде. Еңбек жолымды елде хирург, балалар емханасының бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары, республикалық шипажайдың, сондай-ақ соңғы 15 жыл бойы Алматыдағы 100 жылдан аса тарихы бар жедел жәрдем клиникалық ауруханасының бас дәрігері болсам, қазір №2 қалалық емхананы басқарып отырмын. Сондықтан денсаулық сақтау саласының қызметі туралы өзіндік пікір, жеке ойларым бар.
Пенде болған соң адам бос уақытысында бір мезгіл әртүрлі ойларға шомады. Мен де ой үстінде отырмын. Елімізде жасалып жатқан күрделі де маңызды істер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың, Үкімет басшылығының тәулік бойы тынымсыз еңбектері екенін жақсы білемін. Әрине, оның барлығы да ел тыныштығы, ел амандығы үшін. Иә, бәрі сіз бен біз үшін, қазақ елінде, қазақ мемлекетінде өмір сүріп жатқан әр адамның өмір сүруін, әр адамның денсаулығын, тұрмысын жақсартып, тіршіліктегі жасын ұзарту үшін.
Түйіндей айтқанда, елімізде жүріп жатқан экономикалық саяси өзгерістердің барлығы адамның денсаулығын жөндеп, жасын ұзартуға арналған. Елімізде басталып кеткен “Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі” реформасының, “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының 2010-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңі басталып кетті. Ұсынылған бағдарлама Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсартып, ұлтымыздың демографиялық жағдайын көтеруге зор ықпалын тигізері сөзсіз.
Бұл – өте қиын, алайда халыққа өте қажет бастама. Барлық жаңа бастамаларға сын айтылады, ол – өмір заңы. Алғашқы 5-6 айдағы қадамымыз жақсы. Маңыздысы – бірінші кезеңде, яғни 2010-2015 жылдары, осыны халыққа жете дұрыс түсіндіру әрі білікті мамандар даярлау. Осыларды іске асыру үш жағдайға байланысты.
Біріншісі – мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат. Ол жағы бүгінде баршылық. 2004 жылы 93 млрд.теңге болса, 2009 жылы 273 млрд теңге қаржы бөлінді. Алматы қаласының дағдарысқа қарамастан денсаулық сақтау саласына 2010 жылы 27,2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл өткен 2009 жылдан 1,5 есе артық. Мемлекеттік “100 аурухана” бағдарламасы да жоспарлы түрде атқарылып жатыр. Алматы шаһарында соңғы 25 жылдай уақытта бірде-бір емдеу мекемелері салынбаған еді. Биыл Жетісу ауданы “Көкжиек” және Алатау ауданы “Шаңырақ-2” екі дәрігерлік емхана іске қосылды. Ал Бостандық ауданындағы №17 емхана халыққа ең қажетті жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Елбасына алматылықтардың алғысы шексіз. Жылдың соңына дейін тағы 5 емдеу орындары іске қосылмақ. Олардың қатарында жедел жәрдем ауруханасы, ересектер мен балалардың клиникалық ауруханасы, перзентхана қалалық туберкулезге қарсы диспансер бар. Қаламыздың денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бұрын осыншама қаражат бөлініп, халықтың дер кезінде ем қабылдап, дәрігерлерге дұрыс жұмыс атқаруларына жағдай жасалған емес. Осының өзі Президентіміз Н.Назарбаевтың, Үкімет басшыларының, қала әкімдігінің халыққа деген үлкен қамқорлығы.
Екіншісі, жеке адамның өз денсаулығына жауапкершілігі, оның күтініп, уақтылы тексеріліп, саламатты өмір сүруі. Дені сау адам – бақытты, ал, денсаулығын жоғалтқан адамның жайы өзімізге белгілі.
Жалпы, Алматы қаласы бойынша соңғы бес жылда ерлердің өмір сүруі 4 жылға, әйелдердікі 1,5 жылға ұзарды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бала туу 5%-ға өсті, ал өлім саны 6,8%-ға азайды, халықтың табиғи өсіп, көбеюі 12%-ға артты. Соңғы жылы қала бойынша әлеуметтік аурулардың түрін емдеуден, жазудан біраз жақсы өзгерістер бар. Барлық емдеу мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс жарты жылдық жоспардан асып, 110,5%-ға орындалды. Осы жарты жылдық көрсеткіштер денсаулық сақтау саласындағы “Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің” іске аса бастағанының дұрыс көрінісі.
Әрине, 1-2 жыл өткен соң халықтың өтініші бойынша кейбір өзгерістер енгізу қажет болар, ол – өмірдің заңдылығы. Уақыт өткен сайын жақсылыққа, жаңа талаптарға ұмтылуымыз қажет. Сол үшін еліміздегі барлық халықтың өз денсаулығын сақтау үшін, дер кезінде мамандарға қаралып, саламатты өмір сүру – ең басты мәселе. Ол – өмір талабы.
Үшіншісі денсаулық сақтау саласының жұмысы. Мұндағы ең басты мәселе-ұйымдастыру мәселесі, басшылардың біліктілігі, сауаттылығы. Медицинадағы: “Дәрігер қателессе бір адам өледі, басшы қателессе жүз адам өледі” деген қағиданы ұмытпауымыз қажет!
Мықты, білгір акушер-гинеколог, хирург, т.б маманның басшы бола алмауы мүмкін. Олар бөлім меңгерушісі, орынбасарлық сатыдан өтуі қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы ұйымдастырған комитеттері, оның облыстағы екі бөлімшелері өте орынды ойластырылған. Олар ақшаның дұрыс пайдалануын, мекемелердегі емделудің сапасын ғана бақылап қоймай, мамандардың да біліктілігін тексеріп отырады.
Ең бастысы, осы жаңа құрылып жатқан мекемелердің басшылығына министрліктің алқасында мамандардың білімін тексеріп, сараптап, ұйымдастыру ісінің білікті, іскер, сауаттыларын тағайындауға мүмкіндік болғаны – үлкен жақсы жаңалық. Келешекте облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары да осылай бекітілсе, өте орынды болар еді. Барлығы бірінші басшыға байланысты. Ол сауатты, іскер, кішіпейіл, халыққа жақын, елжанды азамат болса, барлық мәселелерді шешіп, елдің көңілінен шығады, рахметін алады.
Алматыда толып жатқан республикалық ғылыми орталықтар мен бір саладағы саны көп, сапасы жоқ кафедралар бар. Оларды қысқартып, Астанадағы тәрізді холдинг құру қажет. Медициналық мекемелердің бәрі бір университеттің шаңырағына шоғырланып, білікті мамандардың, ғылым докторларының бір жерде, бір мекемеде болғаны өте орынды. Қазір олар бір-бірімен айтысып, қарама-қайшы жұмыс істеуде. Ол халықты шаршатады. Жұмыс алға баспайды.
Денсаулық сақтау министрлігі жақында Ақтөбе қаласында Ербол Орынбаевтың қатысуымен жаңа жүйенің басталуына орай “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасында айтылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерінің алғашқы жарты жылдық қорытындысын талқылады. Қосымша жаңа пікірлер айтылды. Ең бастысы, жаңа бастаманың алғашқы жақсы қадамдары қуантады. Ауруханада емделушілердің саны 2009 жылға салыстырғанда 10%-ға төмендеп, емханадағы күндізгі төсекте ем қабылдау 36,6%-ға көбейгені айтылуда.
Келесі жылдарда алғашқы медициналық көмек беру мекемелеріне қаражат үш есе артығымен берілетінін естіп, дәрігерлер қуанып қалды. Себебі, жаңа бастаманың басты бағыты қаражатты көп қажет ететін ауруханалардағы төсек санын азайтып, халыққа ең қажетті алғашқы дәрігерлік көмек беру мекемелерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білікті мамандармен толықтыру.
Жас мамандар мәселесіне келер болсақ, бізде олардың саны бар, сапасы аз. Биыл республикамыздағы барлық дәрігерлер даярлайтын университеттердің диплом алар кезіндегі білімін тексеру сәтінде 30-40% студенттер білімі өте төмен деген баға алған. Бұл не деген сұмдық! Сондықтан елімізде халықаралық стандарт бойынша жеке мамандықтар бойынша 2-3 жылдық резидентурадан өткізу – өмір талабы.
Клиникаларды басқаратын әкімшілік менеджменттерді даярлау да өте күрделі мәселе. Ол мамандардан теориялық біліміне қоса практикалық, өмір тәжірибесі мол болуын қажет етеді. Қазіргі клиника дегеніміз үлкен зауыттан да күрделі құрылым, олар 500-ден астам функциясы бар, экономикалық жүйе.
Біз осындай білімді, сауатты менеджерлер мен білікті кадрлар тәрбиелеуіміз қажет. Резидентураға, аспирантураға институтты үздік бітіргендерді қабылдап, ал басқаларды Үкіметтің шешімімен 2-3 жылға ауылды жерге, ал қалада учаскелік дәрігерлікке жолдамамен жіберсек, өте орынды болар еді.
Иә, дәрігер мамандығының дәрежесін көтеру – өте маңызды мәселе. Ол үшін жалақыны көбейтуіміз қажет. Бірінші кезекте, халыққа аса қажетті үш сала мамандары: ауыл дәрігерлері, қаладағы учаскелік дәрігерлер, жедел-жәрдем стансасы дәрігерлеріне жағдай жасау қажет.
Олардың еңбекақысы жоғары болса, денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің 80%-ы бірден шешілер еді. Себебі, дүние жүзінде (біздің республикамызда да) 80% халық осы саладағы мамандарға көмек сұрап барады. Осылар мықты болса, медицина күшейеді. Халық риза болады, денсаулықтары жөнделеді. Аурудың алдын аламыз, халықпен араласуымыз, қарым-қатынасымыз күшейіп, саламатты өмір сүріп, сәби сүйіп, балалардың денсаулығын күтіп, қазақ ұлтының санын, сапасын көтеруге өзіміздің үлесімізді қосып, қоғам алдында өз борыштарымызды адал атқарар едік.
Амантай БІРТАНОВ, Алматы қалалық №2 емхананың бас дәрігері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП АҚФ бюро мүшесі.