Кеше Өскемен қаласында басталған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аймақаралық қарым-қатынас жөніндегі VІІ форумы кезінде Білім және ғылым министрлігі Елбасының Достастық елдерінде интеграциялық үдерістерді дамыту туралы бастамасын қолдай отырып, Ресейдің өрттен зардап шеккен аймақтарының оқушыларына гуманитарлық көмек көрсетті.
Бұл акцияға жоғары оқу орындарының, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, республикалық мекемелердің, балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің ұжымдары, педагогтар мен студенттер белсене қатысты. Сөйтіп, Қазақстанның педагогтары мен студенттері өздерінің көрші елге деген достық пейілдері мен сезімдерін білдірді.
Ресей оқушыларына жалпы құны 12 миллион теңгеден асатын мектепке арналған киімдер, сөмкелер, дәптерлер, бояулар, альбомдар және басқа да кеңсе керек-жарақтары жөнелтілді.
“Егемен-ақпарат”.