07 Қыркүйек, 2010

Жайықтың жағаны ұрар толқыны қайда?

1105 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көкейкесті

Трансшекаралық өзен суы азайып барады Адамзат тіршілігі үшін су қаншалықты маңызға ие болса, Батыс Қазақстан мен Атырау облысының экономикасы үшін Жайық өзені ең басты күретамыр іспетті. Жайық өзенінің суына көршілес Ресейдің өзі де тәуелді. Өйткені, Жайық өзенінің бастауы Ресейдегі Орал тауынан бермен қарай Башқортстан аумағымен, Челябі, Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын қуалай өтіп, Каспий теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2428 шақырымға созылатын өзен­нің Қазақстан аумағындағы бөлігі – 1049 шақырым. Қос мем­ле­кетке ортақ, яғни трансшекаралық ма­ңыз­ға ие Жайық өзенінің су жи­нақтау алаңы – 237 000 шаршы ша­қырым. Өзеннің көпжылдық орташа ағысы Қазақстан шекара­сын­да секөнтіне 292 текше метрді құрайды. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығып оты­рады дегенімізбен, соңғы жыл­дары бұл соншалықты байқала бер­мейді. Қыс айларында қар қалың жауып, топырақтың ылғалдылығы мол болған жылдары Жайық суы Орал қаласы тұсында 500 см-ге, ал Атырау қаласы маңында 650 см-ге дейін көтеріліп, шабындық алқап­тар­ға су өздігінен жайылатын. Мәселен, 1990, 1994, 1998, 2002, 2004-2005 және 2007 жылдары дәл осылай болғанын өңір жұртшы­лы­ғы ұмыта қойған жоқ. Су ресурс­тарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас­ты­ғы Бисен Қуановтың мәліметіне жүгінсек, соңғы үш жылда Жайық өзенінде су мүлдем азайып кетіпті. Өзен суының азаюы 1973, 1975, 1982, 1999, 2000, 2001, 2003 және 2006 жылдары да байқалыпты. Ал “Қаз­гидромет” мамандары соңғы үш жыл қатарынан Жайық өзеніне көктемгі тасқын су нормадағыдан 2-3 есеге аз түскен, негізгі себеп то­пы­­рақтағы ылғалдың аздығы мен қардың болмауы, деген болжам айтады. Алайда, Жайық өзеніндегі су­дың азаюына басқа да себептер әсер ететінін жоққа шығаруға бол­майды. Өзен суы негізінен Ири­клинский су қоймасы арқылы рет­теліп келеді. Орынбор облысын­дағы Ор қаласынан жоғарыға қарай 80 шақырымдық қашықта орналас­қан аталған су қоймасы 1949-1957 жылдар аралығында салынған. Оны толтыру 1958 жылдың 17 сәуі­рі­нен басталып, 1966 жылдың 8 ма­мырында су қоймасына жинақтал­ған су қорының деңгейі жобалық көлеміне жеткен. Су қоймасының жобалық көлемі – 3260 миллион тек­ше метр. Міне, осы су қойма­сы­ның толық толтырылмауы Жай­ық өзеніне судың аз мөлшерде ке­луі­не әсер етері даусыз. Мәселен, 2009 жылы Ириклинский су қой­масындағы су мөлшері 2410 мил­лион текше метрді құраған. Яғни, жобалық деңгейден 850 миллион текше метрге төмен. Ал биылғы жылы су қоймасындағы су деңгейі былтырғыдан да азайып, 1 наурыз­дағы дерек бойын­ша онда 1988 мил­лион текше метр су жинақ­тал­ған. Де­мек, Орынбордағы су қой­ма­сы өз дең­гейінде шүпілдеп толып тұрған жоқ. Мамандардың есеп­­теуін­ше, Ири­клин­ский су қой­ма­­сына маусым айына дейін­гі 1047 мил­лион текше метр су сыятындай бос орын болған. Дегенмен, Жай­ық өзенінің ор­тай­ған арнасы тек Ириклинский су қоймасынан жі­берілген сумен то­лады десек, онда қатты қателескен болар едік. Рас, Жайық өзеніндегі көп­жылдық орташа су шығыны секөнтіне 292 текше метрге тең болса, мұның 26,4 пайызы ғана Ири­клинский су қоймасынан жібе­ріл­ген су есебінен қамтылады. Ал қалған 73,6 пайызы өзге де өзен­дердің суымен толығады. Мәселен, Сакмара өзенінен 47,6%, Илек өзе­нінен 20% су Жайыққа құйылады. Сонымен бірге, Большой Кумак (3,4%), Орь (3%) өзендерінен де аз мөлшерде болса да су түсіп тұрады. Осыған байланысты Су ресурс­та­рын пайдалануды реттеу және қор­ғау жөніндегі Жайық-Каспий бас­сейндік инспекциясының бастығы Бисен Қуанов мынадай тұжырым жасайды: – Жайық өзенінің су қорын тек Ириклинский су қоймасының суы есебінен реттеу Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының экономи­ка­сын өркендету үшін сумен қамту проблемасын толық шеше қой­май­ды. Себебі, Жайық өзеніндегі су­дың аздығына күзгі ылғалдың, со­ны­мен қатар, қардың аз мөлшерде түсуі де әсер етеді. Егер Ири­клинский су қоймасында күзгі-қыс­қы кезеңде қардың қоры қа­жетті мөлшерде жинақталғанда, су қоймасының бос алаңын толты­ры­лып, Жайыққа жіберілер су Жайық­тың төменгі сағасына дейін толық көлемде жетер еді. Өкінішке қарай, 2009 жылы Ириклинский су қоймасына көктемгі тасқын судан тек 175 миллион текше метр көле­мінде ғана су түскен. Осы су қой­ма­сының суы Жайық өзеніне әсі­ре­се, жаз айларында өте-мөте қа­жет. Жайықтың келешегі үшін шы­рылдап жүргендер аз емес. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқа­лиев жақында осы мәселені көтер­ді. Ал Орал қаласының бұрынғы басшысы болған, бүгінде Парла­мент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко жыл сайын экологиялық экспедиция ұйымдастырады. Не үшін? Әрине, жеке бас қамы үшін емес. Жайықтың арнасын ортайт­пау үшін, сол арқылы экологияға зиян келмеуі үшін. Ең бастысы, Жайықтың жағасында Батыс Қа­зақстан, Атырау облыстарының бірнеше елді мекені орналасқан. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігі осы Жайықпен тығыз байланысты. Индер, Махамбет, Исатай аудан­дарының көптеген елді мекенінде тұрғындар Жайықтан бастау ала­тын каналдардан мал суарып отыр. Арнайы мақсаттар үшін Жайық өзе­нінен су алынады. Мәселен, биыл Атырау және Батыс Қазақ­стан облыстарынан экономиканың түрлі салалары үшін 820,83 мил­лион текше метр су алуға тапсырыс беріліпті. Мұның ішінде 48,0 миллион текше метрі ауыз суға пай­далануға сұралған. Міне, осы­ның өзінен Батыс Қазақстан, Аты­рау облыстары үшін Жайық өзе­нінің маңызы қаншалықты екенін пайымдай беріңіз. Алайда, кезінде “Ақжайық, се­нің орның алабөтен” деп ән әуе­леткен Ғарифолла Құрманғалиев­тай өнер тарланы жанындай жақсы көрген Жайықтың бұрынғыша жа­ға­ны ұрғылап тұрар толқыны жоқ. Өйткені, Жайықтың арнасы өз дең­гейінен көп төмендеді. Оны тол­ты­рардай су қоры Ресейдегі өзендер арқылы келетінін жоғарыда айттық. Бірақ жылдан-жылға азайып бара­ды. Себебі, Ресей алдымен өзде­рін­дегі су қоймаларын толтыруға мүд­делі болады. Мәселен, Башқорт­сан­дағы Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасында 64 су қоймасы бар. Оған 225,9 миллион текше метр су жиналуы қажет. Онсыз Жайыққа су жіберілуі мүмкін бе? Күзгі-қысқы ылғалдың және қардың мөлшерден тым аз түсуі адамдардың қолымен жа­салып отырған қиындық емес. Табиғаттың жазылмаған заңына шара жоқ. Ендеше, мәселеге басқа тұрғыдан қарап, көрші мемлекеттің тарапынан Жайықты шөміштен қағарлықтай қыспақтың жасалуына жол бермеген жөн. Бұл тек мем­лекетаралық деңгейде шешімін та­бар мәселе. Жайықтың арнасы құр­ғап, табаны кеберсіп қалмауы үшін. Қос өңірдің тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамту үшін. Эко­ло­гияны сақтау үшін. Экономиканың әр са­ласын, соның ішінде ауыл шаруа­шылығын өркендете беру үшін. Қысқасы, трансшекаралық ма­ңызға ие Жайық өзеніне бір кез­дер­дегідей Арал өзенінің кебін ки­гіз­беудің қамын бүгіннен ойлас­тыр­ған абзал. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.