Соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы істің мінсіз әрі тиянақты жүзеге асуы, бірінші кезекте, олардың әу баста дұрыс жобалануларына тікелей байланысты. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі “Мемсараптама” РМК-нің бас директоры Бірлік ЕРЕЖЕПОВПЕН төмендегі әңгіме де осы төңіректе өрбиді.
– Бірлік Бекмырзаұлы, технологиялық күрделілігі жоғары категориядағы жобалардың мемлекеттік сараптамадан өтетіні белгілі. Сіздің ойыңызша, еліміз үшін маңызды ғимараттардың сенімділігі мен қауіпсіздігін жобалау сатысының өзінде-ақ қалайша қамтамасыз етуге болады?
– Ұзақ жылдар бойы қалыптастырылған жобалау жүйесі, өкінішке қарай, соңғы жылдары бүлініске ұшырауда. Жобалау-сметалық құжаттар сапасының төмендігін бүгінде басты проблемалардың қатарына жатқызуға болады. Қазіргі уақытта техникалық жағынан күрделі әрі айрықша сипатты нысандарды жобалау мен іздену жұмыстарына өткізілген тендерлерде көбіне-көп адам саны аз жобалау ұйымдары жеңімпаз болып жүр. Оған себеп “Мемлекеттік сатып алулар туралы” заңда жеңімпазды анықтаған кезде оған қатысушылардың бірі белгілеген төменгі баға, яғни өтініш берушінің бағалық көрсеткіші шешуші критерий болып табылады деп көрсетілген. Ондай жағдайларда жеңіп шыққан компанияларда көбіне-көп тиісті тәжірибе мен материалдық-техникалық база және білікті мамандар бола бермейді. Осыдан келіп олар субмердігерлерді тартады, ал ол жобалаушылар жауапкершілігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Болмаған жағдайда біздің сарапшыларға жобаларды қайта қарап, оның бүкіл бөліктеріне түзетулер енгізуге тура келеді. Іс жүзіне келгенде, бөгде біреулердің қателіктерін түзетудің сыртында, олар жобалаушыларды оқытумен де айналысып кетеді.
Қалыптасқан осындай жағдайда Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі жобалау ұйымдары мен жобалаушылар үшін лицензиялар беру жүйесін қайта қарау туралы мәселе қойып отыр. Ұсынылғалы отырған жаңалықтың түп-төркіні жобалау ұйымдарын өздерінде бар әлеует пен ресурстарға сәйкесті күрделілігі мен ауқымы әртүрлі деңгейлердегі нысандарды жобалаумен айналысуға рұқсат ала алатындай дәрежеде мамандандыруға келіп саяды. Әңгіме компанияларды категориялар бойынша екшеу жөнінде болып отыр. Дәл осындай көзқарасты құрылыс-монтаж ұйымдарына қатысты да ұстану қажет.
– Бір сұхбатыңызда сіз жұмыстары қанағаттанғысыз деп танылған күнде мердігерлерді қазірдің өзінде “қара тізімге” енгізіп немесе лицензияларынан айыруға болады деген едіңіз. Айыпты болған компаниялар көп пе?
– Біз реестр жүргізіп, ең сенімсіз деген жобалау ұйымдары бойынша Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне тоқсан сайын ақпарат беріп отырамыз. Агенттіктің құрылуына байланысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерімен айналысатын барлық субъектілерге деген талап айтарлықтай артты, лицензия алушыларға қойылар біліктілік талаптары қатайтылды және нақтыландырылды, сол сияқты лицензия алғандардың жұмысына бақылау да күшейтілді. Бұл бағытта Астана және Алматы қалалары әкімдерімен бірлесе отырып жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда үстіміздегі жылы Астанада бірқатар компаниялардың, олардың ішінде жобалаушылар ғана емес, сонымен қатар құрылыс компаниялары да бар, лицензияларынан айырылғанын атап өту керек.
Дегенмен, бұл да жауапсыз жобалаушыларды тоқтата алған жоқ. Ең ғажабы сол, олардың көршілес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау ұйымдарына (өңірлердегі) өтініш беру арқылы, өзге өңірлерде лицензия алу мүмкіндіктері бар. Ал жобалау ұйымдары өз қызметін елдің бүкіл аумағында жүргізуге құқылы. Рынок біліктілік әлеуеттері ала-құла мыңдаған компаниялардың ұсыныстарына толы, бірақ олардың арасында толыққанды кәсіби құрылымдар саусақпен санарлық қана. Сондықтан тиісті қызметтер үшін лицензия алғандарға бақылау жасау қиынға түсуде. Осыдан-ақ саланы лицензиялаудың жобалаушылар мен құрылысшыларға лицензия беру мен бақылау жүргізудің бірегей республикалық бақылау тетігі бар жоғарыдан төмен қарайғы жүйесіне қайта көшу қажеттігі туғанын аңғаруға болады.
Біздің ойымызша, бұл проблеманы жобалау және ізденіс жұмыстарына лицензияны орталықтандырылған жүйе арқылы беру және жобалау ұйымдарының бірегей регистрін құру арқылы шешуге болады. Ал жергілікті атқару органдарына өз аумақтарында орналасқан құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға қатысты лицензиялар беру функциясын ғана қалдыру керек.
– Білуімізше, Ресей құрылыс саласын лицензиялау жүйесінен бас тартқан. Онда жобалау, ізденіс, құрылыс, жөндеу жұмыстарына рұқсат беруді кәсіпорындарды салалық принциптер бойынша біріктіретін өздерін өздері реттеуші ұйымдар мойындарына алған. Қазақстан үшін солтүстіктегі көршіміздің тәжірибесі қаншалықты тиімді?
– Біздің елімізде кәсіптік бірлестіктер бақылау құзыреттеріне ие емес, сондықтан аталған нұсқа біз үшін үйлесе қоймайды. Өзін өзі реттеуге көшуде саланың ерекшелігін де ескеру қажет. Ал ол жұмыстар мен қызметтердің сан-алуандығына, құрылысты салу мен оны одан әрі пайдаланудағы тәуекелдердің аса жоғарылығы сияқты проблемаларға келіп тіреледі. Мәселен, өзін өзі реттейтін ұйымдар құра отырып, Ресейде саланы мемлекеттік реттеп отыру да ішінара сақталған. Атап айтқанда, жобаларға мемлекеттік сараптама жасау мен құрылыс қызметіне бақылау жүргізу бұрынғыша қалып отыр.
Жобалау, құрылыс және құрылыс материалдарын шығару саласын лицензиялау мен мемлекеттік сараптама жасау мәселесі ТМД-ға мүше мемлекеттердің Құрылыс қызметі жөніндегі үкіметаралық кеңесінің ХХІХ отырысында айтарлықтай пікірталастар туғызды. Кәсіптік ортада бұл мәселеге қатысты пікірлер әлі де біркелкі емес.
– Сіз нысандарға тапсырыс берушілердің, бірінші кезекте, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жобалаудың сапасы мен нормативтік мерзімдерін сақтауына қатысты жауапкершіліктерін арттыру проблемасын талай мәрте көтердіңіз. Содан бергі жерде қандай да бір өзгерістер болды ма?
– Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында біз мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын нысандар бойынша 3934 құжаттар пакетін қарадық, бұл жобалардың жалпы санының 80,3 пайызын құрайды. Міндеттердің басымдығын ескере отырып, “Мемсараптама” РМК мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша әзірленіп жатқан жобаларға айрықша назар аударды. Талдау конкурс жағдайында мемлекеттік ұйымдардың нысанның бар болғаны бір жыл ішінде жобаланып, құрылысының басталуын қарастыратынын көрсетіп берді. Ал кеңестік кезеңде күшінде болған нормативтер бойынша өнеркәсіп алыбының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 48 ай, яғни 4 жыл бөлінетін.
Біз кеңестік кездегі алып құрылыстарға әуестенушіліктен бас тарттық, бірақ қазіргі уақытта да қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыстық, коммуналдық мақсаттағы ірі кешендер тұрғызылуда. Ал ерекше нысандарға мұқият көзқарас қажет. Өкінішке қарай, тіпті естуге де оғаш, сапаның төмендігі жоспарлау, қаржыландыру және мемлекеттік сатып алулар тәжірибесінің әп деп басталу кезеңінен-ақ орын алады. Осыған енді одан кейінгі саты – жобаны жүзеге асыруда нормативтік мерзімдер мен құрылыс технологиясының сақталмайтынын қосыңыз. Мысалға, бастапқы жобалауда қарастырылған материалдар қолданылмайды. Бізде әлі күнге нысанның құрылысты жүргізу барысында бекітілген жобалық шешімдерге қаншалықты сәйкес болып шыққанына кәсіби тұрғыдан баға бере алатындай инжинирингтік компаниялар жоқ.
Осындай әрекеттердің, дәлірек айтқанда, әрекетсіздіктердің салдары құрылыс сапасының төмендігіне әкеліп соқтырады, ал тапсырыс беруші, кең мағынада алғанда, ол үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Қазіргі сәтте Әкімшілік кодекс бойынша ең зор жаза – ол ірі компаниялар үшін маса шаққандай да әсер етпейтін айыппұлдар. Тапсырыс беруші нашар орындалған немесе мүлде орындалмаған жұмыс үшін жауапкершілікте болғанда ғана оның тиісті бақылауды жүзеге асыруға деген мүддесі арта түспек.
– Кемшілікке кеңшілік жасаушыларды Құрылыс кодексінің талаптары тәртіпке шақырады деген үміт бар. Айтқандай, осынау маңызды заң жобасының тағдыры не болып жатыр?
– Жалпы, құрылыс сапасына жауапкершілік мәселесін азаматтық-құқықтық қатынастар саласынан іздеген жөн. Құрылыс қызметін нормативтік қамтамасыз ету және техникалық реттеу жүйесіне келер болсақ, қазіргі уақытта Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі қолданыстағы база мен оның құрылымдарын түбегейлі реформалау тұрғысында үлкен жұмыстар жүргізуде. СНиП-тер (құрылыс нормативтері мен ережелері) жүйесінен біртіндеп бас тартудамыз. Нәтижесінде техникалық регламенттері бар, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Құрылыс кодексі басты салалық құжатқа айналуы тиіс. Таяу болашақта құрылыс саласындағы заңнамалық талаптарды Кеден одағы бойынша әріптестеріміз – Ресей және Беларусь елдерінің заңдарымен үйлестіруіміз қажет.
Қазақстандық нормаларды халықаралық талаптарға бейімдеу мәселесіне келсек, агенттік америкалық және еуропалық стандарттарға талдау жасап, оларды біздің нормативтермен салыстыру жұмыстарымен айналысуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ең ұтымды деген нұсқа қабылданатын болады.
– Отандық сарапшылардың біліктіліктерін көтеру жүйесі қалайша жолға қойылған?
– Біз мемлекеттік сарапшылардың кәсіби тұрғыда өсуі, жобаларға мемлекеттік сараптама жасаудың ықпалдылығы мен тиімділігін арттыру үшін қыруар жұмыстар жүргізудеміз. Тұрақты жұмыс істейтін сарапшылардың біліктіліктерін көтеру жүйесі осы мақсаттарды көздейді. 2010 жылдың алғашқы жартысында ғана “SCAD Offіce”, “ЛИРА”, “Солярис” қазіргі заманғы бағдарламалар кешені мен басқа да инженерлік бағдарламаларды оқыту бойынша бірнеше республикалық семинар өткізілді. Бавар құрылыс индустриясы одағының шақыруымен Мюнхенде өткен мамандандырылған семинарға қатыстық. Онда құрылыс алаңдарындағы қазіргі заманғы логистика мәселелері талқыланды. Халықаралық су ассоциациясының (ІWA) Мәскеу конференциясында сумен жабдықтау және ағын суларды тазартудың көкейкесті мәселелері қозғалды. Австрияда қазақстандық сарапшылар зауытта бола отырып су құбырлары желілеріне колодезсіз орнатуға арналған бітегіш арматуралар өндірісімен, ал Германияда қазіргі заманғы жолдармен және жол техникасымен танысты.
Осы жылдың басында “Мемсараптама” РМК мен оның аумақтық бөлімшелері “ТЮФ СЕРТ” және “ИНТЕР СЕРТ” халықаралық сертификаттау орталықтарының тиісінше сапа менеджменті және менеджмент жүйесін интеграциялы енгізу (ИСМ) сертификаттарын алды.
– Сіз жаңа құрылысты ынталандыру мен жүйенің мөлдірлігі туралы айтып өттіңіз. Бірақ “Мемсараптама” атына да дәл осындай сындар айтылып жатады...
– Біз келіп түсетін ескертпелерге тұрақты мониторинг жүргізіп, өз жұмысымызда сарапшылар жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігіне баса назар аударып отырамыз. Бас офисте біз өзіміздің сайт арқылы қанатқақты режімде ашық электронды хабарласу жүйесін енгіздік. Жыл соңына дейін бұл жүйе біздің бүкіл аумақтық бөлімшелерімізде де енгізілетін болады. Осы арқылы инвесторлар мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, тапсырыс берушілер мен жобалаушылар өздерін қызықтырған жобаның мемлекеттік сараптаудың қай сатысында тұрғанын, сарапшылардың қандай ескертулер жасағанын, тапсырыс берушінің қандай қорытынды алғандығын біліп отыруларына болады. Кез келген кәсіпорын басшысының өз бағыныштыларының сөзіне ғана иек артып қоймай, сараптамада жатқан жобаның жағдайы мен сарапшылар ескертпелерін орындау жөніндегі жұмыс үдерістерін тексеріп отыруларына мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік сараптамаға деген талаптар жыл өткен сайын қатая түсуде. Сондықтан біз оларға сәйкес болып қана қоймай, сонымен бірге жаңа жұмыс жағдайларына күні бұрын дайындала да білуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.