08 Қыркүйек, 2010

Әуендер үндестігі

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен жылы қарашада Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапармен барып қайтқан болатын. Сапар барысында екі мемлекет арасындағы достық пен ынты­мақтастық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған шаралардың бірі рухани дәстүрлерді жаңғырту екені ескеріліп, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндерін өткізу көзделген. К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында салтанатты рәуіште ашылған Беларусь Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндерінде Мәдениет министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев пен Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Валерий Брылев екі халықтың мәдени сабақтастығын ұлықтайтын игі шараға тілектерін айтып, қонақтардың “Классик-Авангард” ансамблі Қазақ еліне арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынды. Мәдени шараны Мәдениет министрлігі мен “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ ұйымдастыруа. Ел мен елдің арасындағы рухани сабақтастықты саз өрнектерімен бедерлеуден асқан әсерлі ештеңе таппайсыз. Жүректің мұңы мен қуанышы, сағынышы мен сарқыл­мас бақыты тек құдіретті әуен қанатымен талмай қалықтайды. Халықтың табиғатын танып, жанын барынша ұққысы келетін адамның әуелі осы елдің музыкасына құлақ тосуы бекер болмаса керек. Сол себепті де, мұндай шығармашылық байланыстарға қай ел болсын әуелі өзінің ең қымбат дүниесін ұсынуға тырысып бағатыны хақ. “Классик-Авангард” ансамблі әрбір белорус­тің көкейіне мақтаныш сезімін үялататын, атағы Еуропаға тараған осындай әйгілі камералық ұжым саналады. Ансамбльдің он сегіз мүшесінің әрқайсысы өз алдына жеке тұлға ретінде халықаралық конкурстарда жүлде алып жүрген дүлдүлдер десек, ал ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Владимир Байдовтың дәстүрлі белорус әуені мен классикалық жауһарлардың жақын үндестігінен кестенің әшекейіндей көркем бейне түйген суреткер екенін, “Классик-авангардтың” шығар­ма­шылық шыңдалуына қос­қан толайым еңбегін жұрт ерекше сүйіспен­ші­лікпен айтатыны шын­дық. Витебск қала­сын­да өтетін И.Соллер­тин­­ский атындағы ха­лық­аралық камералық му­зыка фестивалін ұй­ымдастыруға мұрындық болған ансамбльдің жи­ыр­ма жылдан астамғы тарихын түгел шолып шыға алмаспыз, бірақ та өнер ұжымының ұлт­тық радио қорына жа­зылған 150-дей інжу-мар­ж­анын белорус хал­қының қалыптасу дәуі­рін тұтас қамтитын, ке­ше­ден бүгінге дейінгі музыкалық тыныс-тірші­ліктен ті­зіл­ген шежірелік жинақ деуге толық негіз бардай. Қазақ ел­інде алғаш рет өнер көрсетіп отыр­ған ұжымның шығармашылық із­деністегі келбетін ұлттық салт-дәс­түрге негізделген саздары мен XVІІ-XX ғасырлар ара­лы­ғындағы құн­дылықтардан ірік­тел­ген жазбала­рынан айқын танисыз. “Классик-Авангард” ансамблінің елордадағы кеші жұртқа қандай әсер қалдырды дейтін болсақ, ал­дың­ғы саптағы сегіз скрипка мен екі виолончельдің дирижер таяқша­сымен теңдей тербеліп, ал екінші қатардағы үрлемелі түрлі аспаптар қонымды үйлесіп, бірін-бірі толықтырып, бірінің үнін екіншісі әрмен қарай мүлтіксіз жалғастырып, толық түсіністікпен сыңғырлата жөнелуі көңілді көкорай белге жетеледі. Белорустің “Купалинка”, “Полька Янка” халық әндерін орын­даған Беларусь Республика­сы­ның Ұлттық академиялық опера және балет театрының әртісі Анас­та­сия Москвина мен “Иса пайғам­бар­дың әнұранын” айтқан Вла­ди­мир Громовтың айшықты дауыс­тары ансамбль әуенімен жараса қабысып, шеберлік үлгісі көрініс тапты. Әлем және белорус компо­зиторлары қатар шырқалды. Иоганн Штраус, Матей Радзивил, Мечислав Карлович, Станислав Монюшко, Антоний Орловский, Секондо Ка­за­деи, Роман Полестер сынды өт­кен ғасырлар өкілдері қалдырған мұ­раны қапысыз өңдеп, халыққа жеткізуде “Классик-Авангардтың” төкк­ен тері өлшеусіз екеніне көз жет­кізетін мұнан да басқа мысалдар аз емес. Ансамбль кенет қазақтың “Дайрабай”, “Көкпар”, “Ертегі” шығармаларын сызылта тартқанда, жүрек шымырлай жөнелген. Мұн­дай­да бірегей туындының қай ха­лыққа болсын ежелден таныс әу­ен­дей жанына жақын болып кететіні белгілі. Музыка тілінің құдіретіне шек келтірмес мұндай сәттер әсе­рі­нен ешкім де тыс қала алмайды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ----------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.