Мәселенің мәнісі
МАҚСАРЫ НЕГЕ САТЫЛМАЙДЫ? Мамандардың айтуы бойынша, облыс тұтынушыларының өсімдік майына деген сұранысы жылына 9,0 мың тоннаны құрайды. Бірақ бұл өнім облыста 2,1 мың тонна көлемінде ғана өндіріліп отыр. Сондықтан болар, өсімдік майын өндірудің көлемін арттыра түсу үшін облыста соя дақылын өсіруді ұлғайту мақсатында “Вита-соя” компаниясы және Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорыны жаңа жобаларды қолға алуда. Сондай-ақ, өсімдік майын шығаратын жергілікті “Палванов” және “Төлебай май” кәсіпорындарын қажетті майлы дақылдар шикізатымен толықтай қамтамасыз ету шаралары да жасалынған. Үстіміздегі жылы майлы дақылдар алқаптарының көлемі 2 еседен аса ұлғайтылып, 66,5 мың гектарға жеткізіліпті. Алдағы екі жылда оны 78,5 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бірақ осындай игі ниет, жақсы бастамаларға қарамастан, облыста майлы дақылдарды жинау жұмыстары біткен соң, оны өткерудің сергелдеңі басталады. Олай дейтініміз, облыстағы өсімдік майын шығаратын зауыттар диқандардың майлы дақылдар шикізатын сатып алуға қаржылары жоқ. Тиісті қаржы институттарынан несие-қаржы да ала алмауда. Бұл мәселе өсірген дақылдарын тиімді бағаға сатып, мемлекет тарапынан белгіленген субсидияны алудан үмітті болып отырған шаруаға өте тиімсіз болып тұр. Әрине, шаруалардың өз өнімдерін басқа облыстардағы май зауыттарына сатуына да болады. Бірақ ондай жағдайда облыс шаруалары мемлекеттен тиісті субсидияларын ала алмайды екен. Көріп отырғандарыңыздай, “былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң өгіз өледі” дегендей, қай тарапқа салса да қиындыққа тап болатын шаруа пақыр болып тұр. Облыс мақсары өсірушілері арасында, германдық “BІOSS-Rohstoffe GmbH” фирмасы тарапынан жасалынған, Германия елінің тамақ және фармацевтика өнеркәсібі үшін табиғи бояғыштар жасау мақсатындағы өндірістік қажеттіліктері үшін мақсары дақылының жиналып, құрғатылған және қапшықталған гүлін шикізат ретінде 1 килоcын 10 АҚШ доллары көлеміндегі бағамен қабылдау жөніндегі ұсынысқа үміт артып отырғандар да бар. Бірақ, германиялық фирмаға мақсарының гүлі ғана қажет болып отырғандықтан, шаруалар бұл үміттерін келесі жылы ғана жүзеге асыра алмақшы. Дегенмен, ізденген басшы мен қосшыға қандай тұйықтан да жол тауып, шығуға болады. Облыстың ауыл шаруашылығына жауапты басшылары бұл мәселеден де жол тауып, шаруалардың еңбегін желге ұшырмас деп ойлаймыз. ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨСІРУДІҢ ҚИЫНДЫҒЫ НЕДЕ? Тұтынушыларды отандық қант өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз ету үшін соңғы жылдары облыста қант қызылшасын өсіру ісі қайта қолға алына бастады. Оған бұрынғы жылдардағы тәжірибе тәуекел еткізгендей. Өйткені өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары Жамбыл облысы қант қызылшасының даңқы алысқа жайылған. Қазір ше? Қазір республика бойынша шығарылатын ақ қанттың 97 пайызы (!) импорттық шикізат – қант құрағы-тростниктен өндіріледі. Азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сәйкес өз елімізде өндірілген ақ қанттың 20 пайызына отандық шикізат – қант қызылшасы пайдаланылуы тиіс. Міне, осы мақсатта үстіміздегі жылы облыстағы 2 қант зауыты – Тараз қаласындағы “Қант” АҚ пен Меркі ауданындағы “Меркі қант зауыты” ЖШС-ні қант қызылшасы шикізатымен жеткілікті түрде қамтамасыз ету үшін облыстағы қант қызылшасы алқаптарының көлемі 5,6 мың гектарға жеткізілген болатын. Алайда, биылғы құрғақшылық пен су тапшылығына байланысты 4 мың гектарға жуық алқаптан ғана қант қызылшасын жинауға болатын сияқты. Бұл алқаптардың гектарына қанша тонна түсім беретіні де белгісіз. Мамандардың пікірінше, әр гектардан орта есеппен 200-250 центнерден қант қызылшасы алынғанда, барлық өнімнің көлемі 80 мың тоннадай болады деген болжам бар. Бұл алдын-ала жасалған жобаға сәйкес келеді, өйткені облыстағы қант зауыттары биыл ең кемі 80 мың тонна қант қызылшасын қабылдап алған жағдайда ғана осы бір түбірі тәтті, төгілген тері ащы өнімді одан әрі өндіруге тәуекел етілетін сияқты. Бірақ мына бір жағдай да алаңдата береді. Үстіміздегі жылы Қордай және Шу аудандарының қызылшашылары 25 мың тонна тәтті түбір жинайды деп болжанған болатын. Алайда, қазіргі жағдай екі ауданның өнімін қосқанда, барлығы небары 14-15 мың тонна болатынын көрсетіп отыр. Мамандар мұның себебін, “облыста қант қызылшасын өсіруді қайта жандандырып, жолға қоюға су тапшылығымен қатар, арнайы техникалардың аздығы да қолбайлау болып отыр” деп түсіндіреді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласы басшыларының пікірі, қолға алынып жатқан барлық агротехникалық шаралар алдағы жылдары облыстың қант қызылшасы алқаптары жоғары өнім беріп, қант зауыттары импорттық шикізат тәуелділігінен құтылып, отандық шикізатпен бірыңғай жұмыс істеуіне жол ашылуы тиіс деген сенімге жетелейді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше