08 Қыркүйек, 2010

“Егеменге” елден келді

515 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Салтанат музей ашқысы келеді... Газетіміздің облыстағы тілшілер қосынына хат жазған Салтанат Бектемірқызы Май ауданының ор­талығы Көктөбе ауылында тұрады. Өзі жиырма жылдан бері аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келеді екен. Әнші, домбырашы. Осыдан он бес жыл бұрын аудан орта­лы­ғындағы “Көктөбе” кинотеатрын талан-таражға түсіп, бұзылып кет­песін деп сатып алған көрінеді. Со­дан, 2006 жылға дейін кинотеатрда жастарға арналған ойын-сауық ұй­ымдастырып, қолынан келгенше аудан орталығының мәдени-ру­хани өмірі үшін пайдаланып, сақ­тап тұ­рыпты. Ал кейінгі кезде ки­нотеатр ғимаратын күтіп-баптап ұс­тау, жы­лу мәселесі, күзетші жалдау Сал­танатқа қиынға түседі. Сырттан келіп қызығушылық танытқандар бұл үйді бұзып, құрылыс мате­риалдарын алмақшы болыпты. – “Мәдениет үйін бұздырғым кел­мейді, осы жерден аудан бас­шы­лығы өткенді, халқымыздың өнерін, салт-дәстүрін жаңғыртатын ұлттық мұражай, музей ашса деген ойым бар. Оған барлық жиған-тер­геніміз дайын. Жөн-жобасын сы­зып, дайындап та қойдық. Тек қана музей емес, шығармашылық бір ор­талық та болар еді. Менің ойым осы бұрынғы кинотеатр үйін аудан бюджетінен азын-аулақ қаржы бө­ліп, сатып алып, оны аудандық мә­дениет бө­лімінің немесе мәдениет үйінің қа­рауына алып іске асырса, аудан орталығы үшін жақсы бір игілікті мәдени-рухани орталық болар деп ойлаймын”, – депті ол өз хатында. Өзінің осындай ұсыныс-пікірін Салтанат облыс әкімдігінің сайты виртуалды қабылдау бөлме­сіне де жазып жіберген екен. Оған: “Құр­мет­ті Салтанат! Сіздің ұсы­нысы­ңыз­­дың орынды екенін ескере оты­рып, 2010 жылы Май аудандық бюд­жеті қаражаты есебінен кино­театр ғимаратын сатып алу қарас­тырылатын болады” деген жақсы жауап та алыпты. Сол кездегі об­лыстық мәдениет басқармасының бастығы Айым Қанафина да Сал­танатқа арнайы хат жазып, бұл ки­но­театр ғимаратының аудан орта­лығы үшін әлеуметтік маңызы бар нысан екенін ескере отырып, аудан әкімінің келісімі бойынша облыс мәдениет басқармасы аталмыш үйді аудандық бюджет қаражаты есебі­нен осы жылы сатып алуды ұсы­ныпты. “Сонымен, міне, жайдары жаз өтіп, күз де келіп қалды, жылда осындай уәде беріледі, айтылады, қалады, менің ұсынысыма назар қой­ған облыс әкімі Бақытжан Са­ғын­таевқа рахмет, енді қалған бас­шылар да осы ұсыныстың орында­луын қолға алса екен, – дей келіп, ол мәдениет үйін аудан басшылығы өз қарауына алып, “Жол картасы” арқылы күрделі жөндеу жасайды, ел игілігіне пайдалануға береді де­ген үмітім бар. Басшылар арасын­дағы қолдан қолға өткен хаттардан кейін өзім оқитын ел газеті – “Еге­мен Қазақстан” газетінен кө­мек болар деген оймен хат жазуға тура келді”, – депті. Жалпы, Көк­тө­бедегі бұл ғимарат мәдени орын ашуға дайын тұрған бірден-бір орын. Сырт келбеті де жаман емес. Өкініштісі, бостан-босқа тұр­ған осы кинотеатрдың қасында жалпы білім беретін орта мектеп, өнер мектебі қатарлас орналасқан. Қазіргі әкім Нығман Пішенбаеқа дейін бұл ауданда төрт-бес әкім қыз­мет етіп кетті. Бүгінде бос тұр­ған ғимарат үйін іске жа­ратып, мә­дени орынға айналдыру ешкімнің ойына келмегені өкінішті-ақ, әрине. Екіншіден, Май ауданы тарихы шежірелі, сыры тұңғиық аймақ. По­лигон жарылыстарының зарда­бын да көрді. Айтар әңгіме жете­ді. Осы жерде Малайсары ба­тыр атын алған ауыл бар. Бұл да те­гін емес. Этнографиялық қазба жұ­мыс­тары да осы жерден бастау ал­ды. Қиын-қыстау кезеңде неміс халқына пана болған ауылдар әлі күнге дейін бар. Мәдени мұраның аты – мәдени мұра, сондықтан ұлттық мұражай-музей ашқым ке­леді деп жүрген Салтанат Бекте­мір­қызының өті­нішін жергілікті бас­шылар, Қанат Кәрімов басқаратын мәдениет бас­қармасы енді жерде қалдырмайды деп ойлаймыз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.
Соңғы жаңалықтар