Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сигэо Нацуиді дипломатиялық қызметінің аяқталуына орай қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Елші өз сөзінде Қазақстан мен Жапония арасындағы халықаралық келісімдерді бекітуге Парламенттің белсенді атсалысқанын атап өтті. Бірнеше келісімдерді заңдастырған құқықтық база қос мемлекеттің ынтымақтастығын нығайту үшін өте маңызды болды. Жуырда Жапония парламентшілері Астанада болып қайтқаны белгілі. Олар Мәжіліс үйіне келіп, әріптестерімен де кездесулер өткізді. Елші Жапония депутаттарының үлкен ризашылықпен аттанғанын мәлім етті.
“Сіз екі жыл бойы Қазақстанды жан-жақты біле түстіңіз. Парламенттің қызметімен де жақынырақ танысып, біраз жұмыстарды бірге атқардыңыз. Парламентаралық байланыстың дамуына үлес қостыңыз. Еліміздегі нәтижелі қызметіңізге алғысымызды білдіреміз”, – деді О.Мұхамеджанов.
“Мен екі жыл бойы жаңа әлемді танып-білгендей болдым. Қазақстанның тарихы, халқының салт-дәстүрі менің жүрегімде үлкен әсер қалдырды. Жапония тұрғындары әзірге Қазақстан жайлы аз біледі. Сондықтан жапон халқы Қазақ елін көбірек білуі үшін екі ел арасындағы байланысымызды жақсы деңгейге көтеруіміз керек. Сол секілді Қазақстан тұрғындары да Жапония жайлы тереңірек білгенін қалаймын. Туризм саласы әзірге баяу дамуда. Алдымызда тұрған міндеттер аса ауқымды. Мүмкіндігіміз өте зор. Мен бұл елден кетсем де, әркез Қазақстанның жетістіктерін насихаттап жүретін боламын”, – деді С.Нацуи.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы өз әріптестері атынан елшінің Қазақстандағы мәртебелі қызметіне ризашылығын жеткізе келіп, келешектегі жұмысында табысқа жете беруіне тілектестігін білдірді.