Оңтүстікке Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев бастаған делегация келді. Астық атасы – нан. Биылғы қуаңшылықты пайдаланып пайда табу үшін нан өнімдері бағасын көтеріп жіберуге болмайды. Ал, бағаны ырықтан шығармауға мүмкіндіктер бар.
А.Күрішбаев Елбасының тапсырмасына сәйкес “ҚазАгро” АҚ, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ қатысуымен астық өсірмейтін және осы дақыл жеткізілмейтін аймақтарды қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойылатындығын айтты.
Әкімдіктер астықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етіп, нан өнімдерінің бағасына бақылау жасап отыруы керек. Сонда ғана ішкі рыноктағы астықтың бағасына тәуелділікті ырықтандырып, бағаны тұрақты ұстай аламыз. Аймақтарды қажетті өнімдермен қамтамасыз еткеннен кейін астық өндірушілер өз өнімдерін шетелдерге әлемдік рынок бағасы бойынша сатуға шығара алады.
“ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ қорынан операторлардың белгіленген баға мөлшерінде астық ала алатынын айтты.
Министрдің айтуы бойынша, Қазақстанның осы өнімдерге қажеттілігі 3,5 млн. тонна. Корпорацияда өткен жылдардан қалған 1.5 млн. тонна қор бар. Ендігі міндет, тоннасын 180 долларға бағалап, астық өндіруші өз диқандарымыздан 2 млн. тонна дәнді дақыл сатып алынса, ішкі рынокты толық қамтамасыз етуге болады.
Ал Оңтүстіктің жылдық қажеті 439 мың тонна. Яғни, ай сайын 34 мың тонна астық кестеге сәйкес жеткізілуі керек.
Осы орайда “Амангелді ұн” корпорациясының президенті Нұрлан Құралов “ҚазАгро” АҚ басшысына астықты екінші дәрежелі банк кепілдігі арқылы сатып алуды ұсынды. Өйткені, шаруалардың қолында көтерме бағамен сатып алатындай қаржы жоқ. “ҚазАгро” басшысы екі жаққа да тиімді ұсынысты қолдады.
Облыс басшысы Асқар Мырзахметов облыс диқандары өндірген бидайдың да ішкі қажеттілікті өтеуге жұмсалатынын айтты.
Жиын соңында тараптар меморандумға қол қойды.
Биылғы күз оңтүстіктік диқандар шамамен 266,2 мың тонна астық жинап алды. Гектар түсімі 15 центнерден айналды. Бұл өткен жылға қарағанда төмендеу болғанымен басқа өңірлермен салыстырғанда көңіл тоғайтатын мөлшер. Бүгінде облыс диқандары күзгі астық үшін жер айдауды бастап кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.