Сәрсенбі күні Ақордада Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1989-2009 жылдар аралығында сөйлеген тұғырнамалық және бағдарламалық сипаты бар сөздерінің бес томдық таңдамалы жинағының жарық көруіне байланысты жетекші қоғамдық-саяси басылымдардың журналистерімен брифинг өткізді.
Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет шығарылып отырған еңбек, деп бастады ол өзінің сөзін. Барлық өркениетті елдер өздерінің басшылары сөздерінің таңдамалы жинағын шығарады. Оның үстіне Н.Назарбаевтың сөздері мен баяндамалары шешендік өнердің қомақты қазынасы деуге лайықты. Алайда осы кезге дейін олардың көбі түрлі дереккөздерде – архив құжаттары қалпында, БАҚ-та, жекелеген брошюлалар мен кітапшалар түрінде, ведомстволық басылымдарда “шашыраңқы” жағдайда қалып келді. Соның салдарынан әр алуан қажетті мәтіндермен оқып-танысу тіпті мамандар үшін де қиындық келтіріп жүрді. Осылай дей келіп, М.Қасымбеков Елбасының әр жылдарда жазған мақалалары, ғылыми еңбектері, көпшілікке арналған сөздері мен баяндамалары Қазақстанның саяси тарихының құнды құжаттық дереккөздері болып табылатынын атап көрсетті. Олар Президенттің Ұлт көшбасшысы, саяси қайраткер, мемлекеттік құрылыстың ірі теоретигі әрі практигі ретіндегі саяси-философиялық көзқарастары эволюциясының нақты көрінісі деп айта аламыз. Жинаққа енгізілген сөздер мен баяндамаларда нақты тарихи оқиғаларға, сондай-ақ мемлекеттік құрылыстың, әлеуметтік-экономикалық жаңаландырудың, ұлттық қауіпсіздіктің, халықаралық қатынастардың, мемлекетімізді дамытудың жолдары мен келешегінің мәселелеріне деген оның көзқарастары мен пайымдаулары, сондай-ақ берген бағасы көрініс тапқан, деп қорытты өзінің сөзін.
Таңдамалы сөздер жинағы әзірге орыс тілінде шығып отыр екен, бірақ жақын болашақта оның қазақ тіліндегі нұсқасы да жарық көрмек. Сондай-ақ Президент сөздері мен шығармаларының толық жинағын шығару ісі де қолға алынбақ көрінеді.
Жинақты әзірлеу барысында Президент Мұрағаты мен Тұңғыш Президент мұражайының, Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдар қорларының мұрағаттық құжаттары, стенограммалар мен басқа да материалдардан, сондай-ақ бұрын басылған кітаптардан, республикалық және шетелдік БАҚ-тарда жарық көрген барлығы 267 сөз бен баяндама мұқият іріктеуден өткізіліп, жинаққа енгізілгені белгілі болды. Жинақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес топтастырылып, 7 кітаптан тұратын 5 томнан құралады екен. Соның ішінде Президенттің 1989-91 жылдары сөйлеген сөздерін қамтитын том “Тәуелсіздік табалдырығында” деп аталыпты. Оған Н.Назарбаевтың Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезеңінен бастап, Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған КСРО-ның соңғы сәттеріне дейінгі кезеңде сөйлеген сөздері енгізілген. Екінші том “Жол басы” деп аталады. Оған Елбасының тәуелсіз ел іргесінің айқындалып, 1991-1995 жылдардағы, бұрынғы кеңестік жүйенің күйретіліп, мемлекеттің жаңа моделін жасау, нарықтық экономика қалыптасуының күрделі үдерісі жүріп жатқан ең бір драмалық әрі шешуші кезеңдердегі таңдамалы сөздері енгізілген.
“Реформалар бағытымен” деп аталған үшінші томға 1995-1998 жылдар аралығындағы сөздер енгізіліп, олар 1995 жылғы Конституцияның қабылдану және соның негізінде саяси, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда жүргізілген реформалар, сондай-ақ “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы қабылданып, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезеңіндегі оқиғаларды қамтыған. Келесі, төртінші том “Өркендеу стратегиясы” деп аталады. Онда елдің тұрақты экономикалық өсу кезеңіне жеткен 1999-2005 жылдардағы сөйленген сөздер енгізілген. Осы аралықта саяси жүйені одан әрі демократияландыру, сондай-ақ сыртқы саясаттағы АӨСШК, Еуразиялық медиафорум, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу сияқты әлемдік бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы сөздер қамтылған.
“Көшбасшылыққа бағдар” атты бесінші том Президенттің Қазақстанның Орталық Азия аймағында және ТМД кеңістігіндегі көшбасшы ретінде таныла бастаған 2006-2009 жылдар аралығындағы сөздері мен баяндамаларын қамтыған. Осы, бесінші және төртінші томдар енгізілген сөздер мен баяндамалар ауқымының молдығына байланысты әрқайсысы екі кітаптан тұрады.
Әрбір томның беташары болып саналатын алғысөздерде кітап қамтыған жылдардың ерекшеліктері сипатталып, оның негізгі кезеңдері көрсетілген.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Махмұт Қасымбеков таңдамалы сөздер жинағы Президент Кеңсесі қызметкерлерінің күшімен дайындалғанын айтты. Сонымен қатар Елбасының сөздеріне ешқандай өзгерту, қысқарту немесе қосу енгізілмегенін жеткізді. Қазақ тіліндегі кейбір сөздерінде кездескен жыр жолдарын да Кеңсе қызметкерлері орыс тіліне өздері аударыпты. Жобаның жетекшісі Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков болған. Кітаптың шығыны мемлекеттік тапсырыс негізінде жабылған. Қазір ол еліміздегі барлық кітапханалар мен ғылыми орталықтарға, мемлекеттік мекемелерге, оқу орындарына таратылу үстінде екен.
Жақсыбай САМРАТ.