Егіншілікті әртараптандыру: табыстар мен түйткілдер
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Челябі ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтында СИММИТ-тің (Жүгері мен бидайды жақсарту селекциясы бойынша халықаралық орталық) ұйымдастырумен Қазақстан мен Ресей ғалымдарының КАСИБ (Жаздық бидайдың селекциясы бойынша Қазақстан-Сібір бірлестігі) бағдарламасы бойынша семинар кеңес өтті. Оның негізгі мақсаты жаздық бидайдың абиотикалық және биотикалық стресстерге берік немесе төзімді сорттарын шығарудағы жетістіктер мен түйткілдерді талдау еді. Биыл Ресей мен Қазақстанның көптеген аймақтарында жаз бойы аптап ыстық пен түскен ылғалдың тапшылығынан егіс алқаптарының түсімділігі күрт төмендеп, біраз жайылымдықтар мен орман алқаптарын тілсіз жау өрт шарпыды. Енді биотикалық стресске от келсек – бұл бидай егісінде кең таралған тат, септориоз және т.б. аурулар. Жаңбыр мол жылдары аталған аурулар эпифиттотия дәрежесіне дейін дамып, өнім 20-30%-ға, тіпті кейде одан да жоғарғы мөлшерде төмендейді. Демек, Ресей мен Қазақстан селекционерлерінің бұл кездесуі бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселеге арналған. Жиынға Қазақстаннан Орталық Қазақстан өсімдік шаруашылығы мен селекциясы, Павлодар және Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының, Қарабалық және Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе стансаларының (АШТС) селекционерлері және осы мақала авторы қатысты. Басқосуда мен Қазақстанда жаздық бидайдың тат және септориоз ауруларына берік сорттарын шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндадым. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша 650 млн тонна бидай өндіріледі екен, 2050 жылы бұл көрсеткішті 900 млн тоннаға жеткізу қажет. Өкінішке орай, бидай түсімділігінің артуы адам өсімділігінен әлдеқайда төмен екен. Бұл мақсат үшін дүние жүзі бойынша жинақталған генетикалық қорды пайдалану 2%-дан аспайды. Дақыл түсімділігі мен көптеген қажетті қасиеттер арасында кері байланыстың болуынан табысқа жету қиынға соғып отыр. Осыған байланысты келешекте трансгенді бидай шығару (ГМО) күн тәртібіне қойылуы мүмкін, гендерді түбегейлі өзгерту арқылы ғана бидай түсімділігін айтарлықтай көтеруге болады. Ресей мен Қазақстанның астық өндіруді арттыруда әлде де пайдаланыла қоймаған біраз мүмкіндіктері бар көрінеді. Соңғы жылдары біріншісінде бидай өндіру қарқындап өсіпті, 1978 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі еседей артып, 46 млн тоннаға жеткен. 2000-2008 жылдары жыл сайынғы экспорт 15 млн. тоннаны құрапты. Келесі назар қоятын бір мәселе ауа райының өзгеруі. Соңғы 30 жылда Азия мен Еуропа және Африка континенттерінде ауаның температурасы орта есеппен 1-2 градусқа жоғарылаған. Ғалымдардың болжауы бойынша 2050 жылға дейін Ресейдің көп аймақтары мен Солтүстік Қазақстанда бидай өндіруге ауа райының қолайлылығы арта түседі. Келешекте жаңа аурулар татпен қатар масақ фузариозы және т.б. үлкен түйткілге айналмақ. Әрине Қазақстанның бидай өндіруде қол жеткен табыстары аз емес, шешуін таба алмай жатқан түйткілдер де жоқ деуге болмайды. 2008 жылы Астанада басталып, Шортандыда жұмысын жалғастырған халықаралық конференцияда егін шаруашылығын әртараптандыруға көп көңіл бөлінген еді. Нарықтық экономика жағдайында өндірілетін және экспортқа шығарылатын өнімдердің мөлшері мен құны оған сұранысқа тікелей байланысты екені белгілі. 2006-2008 жылдары бидай өніміне сұраныс артып, баға біраз шарықтады. Осыған байланысты тауар өндірушілер 2009 жылы бидайды 14 млн.-ға жуық гектарға егіп, өкінішке орай, жиналған өнімді 110-130 долларға өткізе алмай зар болды. Осыған орай егін шаруашылығын әртараптандырудың маңызы өте зор екеніне күмән жоқ. Бүгінде осы шара қалай іске асып жатыр? Үстіміздегі жылы республика-ның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы және Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарынан басқа аймақтарда ауа райы жағдайы егін шаруашылығы үшін қолайсыз болды. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында ерте көктемнен басталған аңызақ пен жаз айларында жалғасқан аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан 70-80% егіс көлемінен себілген дәннің өзін жиып алу мүмкін болмай отыр. Құрғақшылыққа өте төзімді, шілде айында түскен шамалы ылғалмен көтеріліп кететін тарының өзі де табиғаттың шамадан тыс қатыгездігіне қарсы тұра алмады. Ұзаққа созылған ауа райының мұндай құбылысына тек күнбағыс дақылы ғана төтеп бере алған сияқты. Негізгі астықты алқап – еліміздің солтүстік өңірін де үстіміздегі жылы құрғақшылық жайлап, топырақта ылғалдың жетіспеушілігінен көптеген алқаптарда егін мезгілінен әлдеқайда ерте пісті. Жиналып жатқан өнім мардымсыз, гектарына 7-10 центнерден аспауда. Бұдан әлдеқайда жоғары өнім алатын шаруашылықтар бар екеніне 9-12 тамыз аралығында Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының біраз шаруашылықтарын аралағанда байқадым. Егінжаймен танысу Қостанай облысының Қарабалық ауданында орналасқан селекционер В.Ганеев басқаратын “Фитон” ЖШС-нің жұмысынан басталды. Бұл серіктестік жаздық бидайдың селекциясы мен тұқым шаруашылығына маманданған. 520 гектар жері бар олар бір-бірінен қашықтығы 30-40 шақырымға жететін үш оқшау танапта орналасқан екен. 5-6 адам істейтін шағын ұжымның селекция учаскесі жақсы жолға қойылған. Жұмыс көлемі ғылыми-зерттеу институтының арнайы бөлімдерінен артық болмаса, кем емес. Түсімділігі жоғары және жергілікті жағдайға, әсіресе қуаңшылыққа бейімделген жаңа сорттарды көбейту питомнигі бірнеше гектар танаптарға егілген. Бір сөзбен айтқанда, мұнда біртұтас селекция үдерісі қарқынды жолға қойылған. Серіктестік селекция жұмысымен қатар егіс көлемі Қостанай облысы мен Ресейде 1 млн. гектарға жететін бидайдың “Любава” сортының тұқымын көбейтумен де айналысады екен. Көбейту питомнигінен жиналған тұқым тікелей осы ауданда орналасқан “Ақ бидай” ЖШС тұқым шаруашылығында егіліп, ол тауар өндіретін шаруашылықтарды суперэлита және элитамен қамтамасыз етеді. Вадим Ануарович “Любава” сортының өндірісте егіліп келе жатқан басқа сорттардан артықшылығын көрсету үшін Ресейдің Челябі облысына дейін созылып жатқан “Зерновая индустрия” компаниясына қарасты ірі шаруашылықтардың егіс алқаптарымен таныстырды. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан “Ақ бидай” мен “Агротор” ЖШС көптеген танаптарында бұл сорттың түсімділігі 15-20 центнерден кем емес, ал жақсы алғы дақылдардан кейін 25-30 центнерге жететін түрі бар. Өткен жылы сүріден кейін егілген бір танаптың гектарынан 68 центнер өнім жиналыпты. Біздің сапарымыз “Шайтанкөл” деп аталатын топырағы сортаңдау келетін учаскемен аяқталды. Мұнда “Фитон” ЖШС-нің егіс алқаптары Қарабалық АШТС және де басқа шаруашылықтардың егіс алқаптарымен түйіседі екен. Осы арада “Омская-24”, “Казахстанская раннеспелая”, “Лютесценс-32” және “Қарабалық-90” сорттарының түсімділігімен салыстырмалы сынауға мүмкіндік болды. Құрғақшылықтан және жердің сортаңдануынан аталған сорттардың егісі ойдым-ойдым болса, Любаваның сүріден кейінгі 4-дақылының егісі біркелкі, түсімділігі де 4-5 центнерге жоғары, демек бұл сорттың табиғаттың қолайсыз жағдайына көнбіс екендігі анықталды. 10 тамызда Алманияның Қазақстанда тіркелген “БАСФ”, “Рапуль” және АҚШ-тың “А.S.К. Техник” ЖШС-лері бірлесіп, Қостанай АШҒЗИ-дың егіс даласында өткізген семинарға қатыстым. Аталған үш компанияның негізгі мақсаттары Қазақстанда рапс, күнбағыс және т.б. дақылдардың жаңа сорттары мен будандарын, өсіру технологиясы мен оларды зиянды организмдерден қорғайтын пестицидтердің тиімділігін шаруа қожалықтарының мамандарына көрсету. “Рапуль” ЖШС-нің өкілі С.Подободтың мәліметіне қарағанда, әлемдік рынокта майлы дақылдардың ішінде күнбағыстан кейін рапс екінші орын алады екен. Оның негізгі өндірушілері ЕО мемлекеттері мен Қытай және Канада, ал негізгі тұтынушылары халық саны көп Қытай мен Үндістан. Еуропада рапсты Германия мен Франция көп егеді екен, оның егіс көлемі 1,5 миллион, ал Украинада 1200 мың гектар. Егер 1995 жылы Германияда рапстың егіс көлемі 974 мың га, түсімділігі гектарға шаққанда 31,9 ц. болса, 2009 жылы бұл көрсеткіштер 1471 мың га және 42,9 центнер, ал жиналған өнім екі еселеніп 6205 тоннаны құрапты. Қазақстанға келсек соңғы жылдары рапстың егіс көлемі біраз көтеріліп, үстіміздегі жылы 350 мың гектарға себілген, түсімділігі бүгінгі таңда 10 центнерден аспай отыр. Енді рапс дақылына осыншама қызығушылық не себептен деген сұраққа жауап іздесек, Германияда өндірілетін өнімнің 60 пайызға жуығы биоотын ретінде, 15 пайызы тамақ өндірісінде, ал қалғаны парфюмерия және т.б. салаларда қолданылады екен. Қостанай АШҒЗИ-дың “Заречное” тәжірибе шаруашылығында рапс селекциясымен айналысатын төрт орталықты біріктіретін Германияның “Рапуль-Ринг ГмбХ” компаниясының сорттары “Абилити”, “Герос”, “Хантер”, “Лизора”, будандары “Сиеста”, “Хидалго”, “Траппер” бірінші буындары сынақтан өтіп жатыр екен. Биылғы ауа райының құрғақшылығына қарамастан олардың түсімділігі гектарына 15-20 центнер мен 30-40 центнер шамасында. Барлығына тән қасиет майлылығы жоғары, түсімділігі тұрақты. Өндірісті жақсы білетін ғалым, Қостанай АШҒЗИ-дың бас директоры В.Двуреченский рапсты өсіру технологиясының, себу мерзімі мен мөлшері, жиын-терін жұмыстарының ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Рапстың тамыры терең кететіндіктен бұл дақыл топырақтағы ылғалды тиімді пайдаланумен қатар, оның беткі қабатын жақсы қопсытатынына және оның жаздық бидай үшін тамаша алғы дақыл екендігіне баса көңіл бөлді. Осы сапарлар мені біраз ойландырып арнайы мақала жазуға түрткі болды. Нақты білетінім, біз жақын жылдары Германия мен Жапонияның, Швейцария мен АҚШ-тың алпауыт химиялық компанияларының өніміне бәсекелес болатын өсімдік қорғау құралдарын шығара алмаймыз. Бұл өндірістің тарихы аталған мемлекеттерде терең жатыр, осыдан 75-100 жылдай бұрын тамырын жая бастаған, материалдық базасы жоғары, білікті мамандары бар, ғылым мен өндіріс бір-бірімен ұштасқан. Олардың көпшілігі жылда түсетін табыстарының 20-30%-ға дейінін ғылыми ізденіске, жаңа препараттар шығаруға, болмаса оларды жақсартуға бағыттайды. Соңғы жылдары өсімдік қорғау құралдарын шығаруды көршіміз Қытай мен Үндістан қатты қолға алып, рыноктан Батыс Еуропа елдерін ығыстыруда. Ресейдің де өсімдік қорғау препараттарын шығаруда жинақталған тәжірибесі мол, Кеден одағы жағдайында бұл мемлекеттің де өнімдеріне жол ашық. Екінші мені толғандырған мәселе, Германия мен АҚШ және Ресей мемлекеттерінің өздерінің шығарған сорттары мен будандарын Қазақстанда таратудағы белсенділігі. Әрине, жаңа дақылдар, мәселен, рапс пен зығыр бойынша, олардың сорттарына бәсекелес сорттар немесе будандарды жақын жылдары шығара алмаспыз. Күнбағысты алсақ та мәселе осылай сияқты. Осыдан 2-3 жылдай бұрын Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында Украина ғалымдары шығарған ондаған сорттар мен будандар сынақтан өтіп, бірден мыңдаған гектар егіс көлеміне таралғанын көзіммен көргенмін. Рапс және күнбағыс дақылдары бойынша селекция жұмысы Қазақстанда да жүргізіліп жатыр және азын-аулақ табыстар да бар. Бірақ екінші дақыл бойынша Шығыс Қазақстанда орналасқан бар-жоғы 2-3 ғалым істейтін, материалдық жағынан жабдықталуы сын көтермейтін, шағын ғана селекциялық орталық табиғаты әртүрлі келетін бүкіл Қазақстанды бұл дақылдың тұқымымен қамтамасыз ете алмайтынын мойындауға тура келеді. Рапсқа келсек, бұл дақыл бойынша селекция жұмысымен Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы мен А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы институттарында шағын ғана топ айналысуда. Енді бидай мен арпаға тоқталсақ, бұл дақылдар бойынша селекция жұмысымен республиканың оңтүстігі мен солтүстігінде, батысы мен шығысында және орталығында 70-80 жылдық тарихы бар селекциялық орталықтар айналысуда. Аталған дақылдар бойынша олардың шығарған жақсы сорттары да жеткілікті. Республикада Ресей сорттарының егіс көлемін көбейте берсек, оның көлеңкелі жағы да бар. Ертеңгі күні біздің сорттарымыз бәленбай мың гектар жерге егілді, авторлық құқығымыз үшін бәлен ақша төлейсіз деген әңгіме болмасына кім кепілдік береді. Өкінішке орай, осы семинарлардың ұйымдастырушылары Қазақстанда өз бөлімшелерін ашқан шетел компаниялары болды, республиканың ғылыми-зерттеу мекемелерінен бар-жоғы 2-3 маман ғана қатысты. Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. * * *ЖОЛ МҰРАТЫ
Қостанай облысында тас жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Жол қатынастары өңірде жыл сайын жақсарып келеді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болат НАҚАНОВ біздің тілшімізге осы салада атқарылып отырған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берген еді. – Болат Әуезханұлы, өңірдегі тас жолдар сапасының жақсаруы экономикаға қаншалықты ықпал етеді? – Жолдың маңызына не жетеді? Әуе, су, темір жол, тас жол болсын экономиканың нағыз күретамыры болып саналады. Жолсыз экономиканың кемесі қайырлайды. Дүниенің о шеті мен бұ шетін керуенмен жалғаған Ұлы Жібек жолы сан ғасырлар өтсе де адамзат жадында. Өзім көп жылдар бойы осы салада қызмет істегендіктен, тас жолдың экономикаға да, әлеуметтік салаға да маңызының орасан зор екенін білемін. Қазір тас жол арқылы алып өтпейтін зат жоқ. Ең арғысы суға дейін тасылады. Жол жақсы болса, көлік тез тозбайды, ауылшаруашылық тауарлары, басқа да керек-жарақтар белгіленген жеріне тез жеткізіледі. Бір ғана мысал айтайын, Қостанай облысының жер көлемі үлкен екені белгілі. Арқалық, Торғай өңірі облыс орталығынан бір күндік жол. Бұрын Арқалықтан шыққан көлік Қостанайға Есіл, Державин, Октябрь кенттері арқылы келетін. Бұл оралып жүретін жол тегіс болғандықтан жолаушы оның алыстығына да мойынсұнатын. Қазір Амантоғай-Дәмді-Әулиекөл арқылы тез жетеді. Себебі осы жол жөнделгелі жолаушының да, жүк таситындардың да көзі ашылғандай болды. – Облыстағы жолдарды жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? – Біздің Қостанай-Торғай өңірінде барлығы 8106 шақырым тас жол бар. Оларды жөндеуге биыл бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ауданаралық Ұзынкөл-Сарыкөл, Қойбағар-Қарасу-Севастополь, Қарасу-Большая Чураков, Федоров-Ленин-Вишнев елді мекендерінің араларын қосатын жолдар қайтадан жөнделеді. Ал Арқалық пен Торғай кентінің арасындағы 300 шақырым жол бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл оның 9 шақырымы жөнделмек. – Жылына 9 шақырым дегеніңіз құлаққа жайсыз естіледі екен. Бұл жұмыс қарқынының баяулығын көрсетпей ме? – Бұл жұмыс қарқынына емес, қаржыға байланысты баяулық. Жұмыстың көлемі қаржының жетуіне қарай бітеді. Жақсы жөнделген, тақтайдай тегіс жол жолаушының жан рахаты. Бірақ ол өте қымбат жұмыс екенін жұрт бағамдар деп ойлаймын. Құрылысқа қажетті материалдардың біразы Ресейден алынады. Битумның өзі өте қымбат материал, оның тасымалын қосыңыз. Сонда бір шақырым жолдың өзі ондаған миллион теңгеге шарықтап шыға келеді. Былтыр мен биыл “Жол картасы” шеңберінде біраз іс бітті. Үстіміздегі жылы осы бағдарлама бойынша жасалған 9 жоба ауданаралық және қала ішіндегі жолдарды жөндеуге арналды. Бұрын Рудный мен Качар кенті арасындағы 60-70 шақырымға жүрген жолаушы жолдан шаршайтын. Міне, осы жол жөнделуде. Сондай-ақ облыс орталығынан шалғайда жатқан Качар-Федоров, Әулиекөл-Жалдама, Жітіқара-Қамысты-Ливан елді мекендерінің арасы тақтайдай тегіс тас жол жалғастыратын болады. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы, қалаға іргелес Затобол кентіндегі көшелердің жөндеу жұмыстары да “Жол картасының” арқасында ретке келетін болады. – Қазір қай саланы алсаңыз да жаңа технология мен өнімді техникаларды пайдаланып, істің сапасын жоғары деңгейге көтереді. Жол төсеу ісінде жаңалықтар бар ма? – Мердігерлеріміз жаңа техникалар алып жатыр. Ресейден, Қытайдан асфальт төсейтін, тегістейтін және өнімді экскаваторлар да алынды. Жұмыс тек техникамен атқарылатын болғандықтан, оған басты назар саламыз. Жаңадан жол салу да, оны жөндеу де оңай емес, жұмыс сипаты да, үдерісі де ауыр. Үнемі топырақты аударып, тасты қопара бергендіктен қандай техника болса да тез сынады. Жолдың өзінің сапасына келсек, болмасақ та ұқсап бағудамыз. Бұрын асфальттың қалыңдығын бес сантиметр ғана төсейтінбіз. Ол жиі ойылып кете беретін. Қазір оны 12 сантиметрге жеткіздік. Еуропа елдерінде, мысалы, Германияда бұл қалыңдық 30 сантиметр, олар төселген тас пен құмды есептегенде жолдың биіктігін 60 сантиметрге дейін апарады. Ондай жолдың төзімділігі де ұзақ мерзімге есептелген. – Жолдардың күтімі туралы не айтар едіңіз? – Бұл мәселе біздің облыста өте жақсы шешімін тапқан. Жолдың күтімін біз жеке меншікке беруді дұрыс көрмедік. Өйткені жолдарды тазалайтын, кішігірім жөндеу жұмыстарын атқаратын техникаларды сатып алу қазір жеке кәсіпорындарға өте қиынға түседі. Жолдағы барлық жұмыс техникалармен атқарылады дедім ғой. Сондықтан техника нашар жерде жұмыс та ақсайды. Ал қыстыгүнгі борандарда жолдарды үріп жауған қар бөгеп тастайды. Мұндай кезде жолды тездетіп аршу тек қуатты техникалар арқылы ғана мүмкін болады. Біз сол үшін облыста бірнеше мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар құрдық. Оларға бюджет қаржысына қуатты шетелдік озық техникалар алып бердік. Бұл құрылымның нәтижесі жақсы болды. Қазір қыс айларында аудандарға, алыс елді мекендерге қатынайтын жолдар қардан уақтылы аршылып отырады. Олар жаз айларында жолдардағы белгілердің дұрыс тұруын қадағалайды, су шайып бүлінген жерлердегі уақ жөндеу жұмыстарын да атқара салады. – Көпір де жолдан айырғысыз ұғым. Бұл орайда облыста қандай іс бітті? – Көпір салу қашаннан игілікті іс. Облыс өңіріндегі өзендер мен жолдарда 64 көпір бар. Өткен жылы Қостанай қаласының шығаберісіне үлкен көпір салынды. Бұл жаңа үлгідегі құрылыс жолды Тобыл суының шайып кетуінен сақтайды, яғни көлік өзен тұсынан кідірмей өтетін жағдайға жетті. Оның сыртында жыл сайын кішігірім көпірлер, өзендер үстінен өтетін жолдарға қойылатын құбырлар жаңартылады, жөнделеді. – Сіздің барлық саналы ғұмырыңыз құрылыспен, оның ішінде жол құрылысымен байланысты. Осы жұмысты өзіңіз қалай бағалайсыз? – Мен ұзақ жылдар Амангелді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында құрылысшы-инженер, бұрынғы Торғай облыстық агрокомитеті төрағасының құрылыс жөніндегі орынбасары болып қызмет істедім. Одан кейінгі жылдарда да Амангелді ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде құрылыс ісіне жауап бердім. Сондықтан маған ауыл шаруашылығы құрылысы, әсіресе, жол құрылысы етене жақын, жинаған тәжірибем де жетеді. Нарық жылдары Торғай облысы тараған кезде Қостанай облыстық инфрақұрылым және құрылыс департаменті директорының орынбасарлығы қызметіне келдім. Кейінгі оншақты жылда осы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарамын. Жол салудың сауабын айтпағанда, бұл өте қызықты әрі қиын шаруа. Әңгімеміздің басында осы іске бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлінетіндігін айттым. Сол қаржының барлығы да жаз, күз айларында, әлі жерге тоң қатпай тұрған уақытта игерілуі керек. Сондықтан жолаушылар үшін жаздың әр күні, әр сағаты қымбат. Қазақстанның солтүстік облыстарында жаз маусымы қысқа, қыс ұзақ. Жол құрылысшылары қар кетіп, жер құрғағаннан тоң қатқанға дейін бел жазбай еңбек етеді. Жаз айында өзім демалып көрген емеспін. Еңбек демалысымды қараша немесе қыс айларында аламын. Ал бұл жұмыстың қызықтығы, еткен еңбегің адамдардың, елдің игілігіне айналғанын көресің. Жолаушылар біз жөндеген тақтайдай тегіс тас жолдың үстінде өмір-өзен сияқтанып ағылып жатады. Бұдан артық еңбегіңнің қайтарымы бар ма. — Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.