10 Қыркүйек, 2010

Дүбірге толы дүние

540 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Еврейлер мен арабтар келісімге жете ала ма? Қыркүйектің басында Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обаманың араағайындығымен Палестина мен Израиль басшыларының арасында келіссөз басталған еді. Екі күндік келіссөзден кейін Махмуд Аббас пен Биньямин Нетаньяху ай ортасында Египеттегі Шарм-әш-Шейх курортында қайта кездеспек болып тарқасты. Әлемдегі ше­ші­мі табылмай ке­ле жатқан осы­нау шиеленіске байланысты бас­та­малар, әрекет­тер үнемі сәтсіз аяқталып келеді. Мұны ең алды­мен бітімге қар­сы­лардың “еңбе­гі” деген жөн шығар. Қарсыластар екі жақтан да бар. Осы Таяу Шы­ғыстағы шиеленістен пайда та­ба­тындар сыртта да кездеседі. Сөй­тіп, әркез келісімнің жолы кесіледі. Израиль-палестина шиеленісін шешу мәселесі халықаралық қо­ғам­дастық тарапынан арнаулы төрт­тікке – АҚШ, Ресей, Еуро­одақ және БҰҰ-ға жүктелген. Қарап тұрсаң, сол төрттіктің осалы жоқ. Шындап кіріссе, бұлардың қолынан көп нәрсе келетіндей-ақ. Бірақ олардың ойлары бір жерден шықпай жататын сияқты. Әсіресе, АҚШ пен Ресейдің мәселеге көз­қарастары әртүрлі екені аңғары­лады. Соңғы жиырма жыл әлетінде АҚШ айрықша белсенділік таныт­са, Ресей марғау ғана емес-ау, тіпті қарсыластар жағын қолда­ғандай да болатыны бар. Осы жерде мына бір фактіге көңіл аударған жөн. Палестинаның өзінде бірі келіссөзді жақтайтын, екіншісі оған қарсы екі топ бар. Сол қарсы топ – ХАМАС соңғы парламент сайлауында жеңіске жетіп, үкімет құру құқығына ие болғанда, оларға қолдау көрсетіп, өздеріне бірінші шақырған да Мәскеу болды. Осыдан да жұрт біраз тұжырым жасаған. Әркез АҚШ Израиль мен Па­лес­тина басшыларын өздеріне ша­қырып, келіссөзге күштегендей отырғызатын. Олардың бір еңбегі деп Ясир Арафатты өз бағдар­ламасындағы Израильді жою бі­рін­ші кезекті мақсат деген тұжы­рым­нан бас тартқызғаны десе де бол­ған­дай. Содан кейін келісімге жа­қын­даған да біраз сәт кезікті. Бірақ ішкі де, сыртқы да арандатушылар оған мүмкіндік бермеген. Сөйтіп, соңғы рет осыдан екі жыл бұрын Газадағы радикалды ХАМАС қоз­­ғалысының әскери құрылымына қарсы операция бас­тал­ғанда к­е­ліс­сөзге де тос­қау­ыл қо­йы­лып еді. Биылғы ке­ліс­сөзге қарсы әре­кеттер де же­тер­лік. ХАМАС ұйы­мы Палес­ти­на бас­шысы Мах­­муд Аббасты сатқын деп қаралау нау­қа­нын өршітіп қа­на қоймай, Израильге қарсы оқ атып, арандатушылық әрекеттерге барып отыр. Олардың Египет пен Иор­дания басшыларына үндеу тастап, палестина-израиль келіссө­зіне қатыспауға шақыруы да бұл оқи­ғаның халықаралық сипатын аң­ғар­тады. Ал Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың бұл келіссөзді “өлі туған” деп күстаналауы өз ал­дына, Аббастың заңды басшы екен­дігіне күмән келтіруі дип­ло­ма­тиялық шеңберге сыймайды. Оған Палес­тина әкімшілігінің өкілі На­биль әбу Рудейна жедел жауап қатып, Ахма­динежадты билікке алдау жолымен келген алаяқ деуі қар­сыластардың қайшылығы тым тереңге кеткенін көрсетеді. Енді келіссөздің алғашқы раун­дына келсек, АҚШ президенті Ба­рак Обама мен мемлекеттік хатшы­сы Хиллари Клинтонның қаты­суымен өткен кездесуден оң әсер қалғандай. Алдымен Аббас пен Нетаньяхудың құшырлана қол алысқанынан жұрт үміт күтеді. Келіссөздің күн тәртібіне жаңа Палестина мемлекетінің шекарасы, Израильдің қауіпсіздігі, Иеруса­лим­нің мәртебесі және палестиналық босқындардың болашағы сияқты сүбелі мәселелердің шығарылуы да жақсылыққа жоралғыдай. Келіссөз бір жылдай мерзімге созылып, мәселелер жан-жақты сараланбақ. Келіссөздің оң нәтиже беруі мүм­­­кін бе? Алғашқы көңіл-күй, жал­пы қалыптасқан саяси жағдай мүм­кін деп тұжырым жасауға жетелейді. Махмуд Аббас пен Махмуд Ахма­ди­нежад бір-біріне қарсы болса, Бинья­­мин Нетаньяхудың алғашқысы жа­ғына шығатыны даусыз көрінеді. Келесі раунд Египет жерінде. Ен­ді оған Хусни Мүбәрак бармай тұ­ра алмайды. Барған соң ара­а­ғай­ын­дыққа жүрмесе және болмайды. Саяси ойын тәлкегіне ұшыраған молдавандар Соңғы апта әлетінде молдавандар маңызды екі оқиғаны бастан кешті. Молдавияның өзінде ел президентін тікелей сайлау жөніндегі референдум дауыс берушілердің аз­ды­ғынан өтпеді деп есептелді, ал одан бөлінген Приднестровье Молдавия республикасы деген өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Белгілі дәре­же­де бұл екі оқи­ғаның бір-бірімен қатысы бар. Сырт­­­­­қы күштердің ық­палымен сонау тәу­елсіздікке қол созған тұста Мол­да­вия респуб­ли­ка­сы өзінің эконо­ми­калық тұрғыда­ғы ең әлеуетті аймағынан айры­лып, оның тауқыметін қазірге дей­ін тартып келеді. Сонда сырт­та­ғылардың қолдауымен пайда бол­ған сепаратистік Приднестровье Мол­давия республикасы бүйірден қа­далған шаншудай орталық Мол­да­вия республикасының саяси да, экономикалық та өміріне қатты ықпал етуде. Тарихқа сөз жіберсек, бұл үшін ең алдымен осы елдің басшыларын кінәлауға болар еді. Олар өз елінің тұтастығын сақтай алмады. Бұған олардың өресі, басшылық кемең­герлігі жетпеді десе де жөн шығар. Сол Приднестровьенің қалай бө­лін­гені, оған сырттан қандай қол­дау болғаны жұрттың есінде. Се­па­ратистердің мүддесін қорғап, онда Ресейдің 14-ші армиясы тұрғаны белгілі. Ал Молдавия басшылары халықаралық ұйымдардың қолдау­ына жүгініп, өз елінің тұтастығын сақтап қалу орнына билікке тала­сып, қырық пышақ болып жатты. Елдің берекесін кетірген сол алауыздық, билікке талас қазірге дейін жалғасып келеді. Бұған өткен жексенбіде болған референдум айқын дәлел. Міне, екі жылдан бері өз президенттерін сайлай ал­май келе жатқан олар референдум өткізуді де ұйымдастыра алмай, масқара болып отыр. Дауыс беруге ең болмағанда халықтың үштен бірі қатыспағандықтан, елдегі билік дағдарысы тағы да біразға созылмақ. Бұл елде президентті парламент сайлап келді. Ол үшін 100 депутат­тың бестен үшінен астамы, яғни 61-ден көбі дауыс беруі керек. Бұ­ған дейін коммунист Владимир Во­ронин сегіз жыл бойы президент болса, оның мерзімі (екі рет) біткен соң, ешкім парламент арқылы сай­ла­на алмай отыр. Қажетті дауыс жи­най алмады. Екі рет парламент та­ратылып, жаңа сайланған де­пу­таттар президентті сайлай алма­ған­дық­тан, прези­дент­ті тікелей сай­­лау жөнінде ше­шім қабыл­дай­тын референдум да өт­пей қалды. Енді жаңа парла­мент сайлауы өту­ге тиіс. Сол жаңа парламент президент сайлауға қа­білетті бола ма? Ол да белгісіз. Демек, Кишинеуде билік дағда­ры­­сы әлі біразға созылатын түрі бар. Екінші оқиға – Приднестровье Молдавия республикасының жи­ырма жылдығына келсек, оны олар­дың өздері де, оның дүниеге ке­луіне тікелей себепші болған Ре­сей жағы да жағымды оқиға са­на­са, халықаралық қоғамдастық олай ойламайды. Жиырма жылдан бері ешбір ел оның тәуелсіздігін таны­ған жоқ. Дүниеге заңсыз келген құрылым деп есептейді. Жалпы, Приднестровье туралы аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, оны ақтаудың реті келген кезде Ресей жағы қапы жібермейді. Осы­дан біраз бұрын Сербиядан Косово өлкесі бөлініп шығып, оның тәу­ел­сіздігін көптеген елдер таныған кезде, Мәскеу мұны Приднес­тровье­мен салыстырып, жағдай бір­дей, ал бағалауда екі түрлі стандарт бар деп шулаған. Ал бұл екі құ­рылым әсте де бір өлшемге сый­майды. Приднестровье Молдавия республикасының орталық басшылығынан ешқандай да қысым көрмеген, сыртқы жақтың қолдауы­на сүйеніп бөлінген сепаратистік құрылым екені белгілі. Ал Косово болса, Сербия тарапынан қатаң ге­ноцидтік репрессияға ұшырап, одан құтылудың жолы тек тәуелсіздік үшін күрес болғанына да жұрт куә. Содан да парасатқа жүгінгендер бұл екі құрылымға екі түрлі баға берді. Қалай болғанда да, молдаван халқы өз елінде қалыптасқан жағ­дайдан тағдыр тәлкегіне ұшырап отыр. Ел бөлшектелген, билік ба­сындағылар халық мүддесінен бұ­рын сол билікте қалуды ойлайды. Бұл берекесіздіктің де қашанға дейін созылары белгісіз. Мамадияр ЖАҚЫП.