10 Қыркүйек, 2010

Бізді табысқа ұйымшылдық жеткізді

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқиғаға орайлас ой

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы күніне орай елі­міз­де көптеген шаралар ұйымдас­ты­рылды. Соның ішіндегі басты оқиға Елбасы – Қарулы Күштердің Жо­ғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қазақ елі” монументі жанындағы бас алаңда өткен Ата Заңымыздың 15 жылдығына арналған әскери шеру. Шеру тұңғыш рет 2009 жылы Ас­тана қаласында “Қазақ елі” алаң­ында өткенін көзі қарақты оқыр­ман жақсы біледі. Оған 120-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, 40-тан астам ұшақ пен тікұшақ тартылды. Ал енді биылғы жылғы шерудің өзгешелігіне тоқталып өтейік. Та­мыз айында талайды тамсандырған әскери шеруге барлық әскер тек­те­рі мен түрлерінен жауынгерлік есеп­топтар, 150-ден астам қару-жа­рақ пен әскери техника және 66 авиациялық техника қатысты. Шерушілердің жалпы саны 2200 адамды құрады. Олардың қатарын­да офицерлер, келісім-шарт бойын­ша әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары мен мерзімді қызметтегі сарбаздар болды. Биыл Отан қорғау жолындағы жау­ынгерлік тапсырмаларды ерлер­мен бірге орындап жүрген әскери әйелдерден құралған есептоп тұң­ғыш рет жарқ етті. Жауынгер бой­жеткендер оңтүстік және шығыс өңірінде қызмет ететін қыздардан құралды. Ең тамаша көрініс болып авиа­циялық техниканы аспан көгінде қа­лықтатқан ұшқыштардың шебер­лігі көпшіліктің көкейінде қалды. Бұл ретте армиялық және майдан­дық авиацияның Су-25, Су-27, МиГ-29, МиГ-31 ұшақтары, Ми-17 және Ми-26 тікұшақтары, сондай-ақ Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ұсынған L-39, Ан-26, Ту-134 және Ил- 76 әскери-оқу және әскери-транспорт ұшақтарын ұршықша иірген ұшқыштарға мың алғыс. Механикаландырылған колон­на­да Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі танкі – Т-72Б, жаяу әс­керлердің жауынгерлік мәшинесі – БМП-2, зенитті-ракеталық кешен­дер “Стрела-10”, С-125, С-200, С-300, бронетранспортерлер – БТР-80А, 122 мм-лік Д-30 және 152 мм-лік “Мста-Б” гаубицалары, 240 мм-лік “Тюльпан” минометі, “Град”, “Ура­ган”, “Смерч” сияқты реак­тив­­ті қондырғылар жүйесі мен “Точ­­ка-У” ракеталық кешені ар­миямыздың айбары мен қауқарын асқақтатты. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, әскери шеруге әз­ір­ліктің қызығы да, шыжығы да же­терлік. Жеке құраммен сапта жү­ру сабақтарын өткізу оны жатты­ғу­ларда жүзеге асыру, өзара іс-қи­мыл­ды ұйымдастыру және әскер­лерді техникалық қамтамасыз ету кешегі ми қайнатқан ыстықта та­лайдың терін төккені рас. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру Құрлық әскерлері бас қолбас­шы­сы­ның қару-жарақ жөніндегі орын­­ба­сары генерал-майор А.Оспанов пен Әуе қорғанысы күштері бас қол­басшысы басқармасының Әске­ри әуе күштері бас инженері пол­ковник Е.Подгайскийге, Ракета әс­керлері мен артиллериясы қол­бас­шысының орынбасары полковник А.Тихоненко мен ҚР ҚК Қару-жарақ бас басқармасының бастығы полковник Б.Сыдықовқа жүктеліп, жүзеге асырылғаны белгілі. Әскери шеруде тұңғыш рет шын­жыр табанды әскери техни­калар Т-72 танкісі, БМП-2 жаяу әскерлердің жауынгерлік мәшинесі, “Стрела-10” зенитті-ракеталық ке­шені өздігімен асфальтпен жүріп өт­ті. Көпшіліктің таңғалғаны ас­фальт жолдың зақымданбауы еді. Себебі, шынжыр табанды техни­ка­лар арнайы кебіспен жабдықталды. Бұл Қорғаныс министрлігінің басқаруындағы “НК “Қазақстан инжиниринг” акционерлік қоғамы­ның еншілес кәсіпорны “811 АРЗ” акционерлік қоғамының күшімен іске асты. “811 АРЗ” акционерлік қоғамы қысқа мерзім ішінде Қорғаныс ми­нистрлігі үшін асфальтта жүруге арналған кебісті әзірлеп оны сы­нақ­тан өткізді. Аталмыш өнім өзі­нің сапасы жағынан шетелдік дү­ние­лерден бірде-бір кем емес екен­дігін дәлелдеді. Техникалық қамтамасыз ету жұ­мыстарын жүйелі жүргізу мақ­са­тында құрамында 35 адам мен 12 жылжымалы жөндеу жабдығы бар жөндеу бригадасы құрылды. Қару-жарақ пен әскери техниканы дер ке­зінде тиеуге және көшіруге, сон­дай-ақ жеке құрамды тасу үшін ау­ыр салмақты жүктерді тиейтін трал­дар, жалпы саны 90-нан астам автокөлік бөлінді Сонымен қатар шеруді өткізуде ракеталық артиллериялық қаруға – “ПЗТМ” акционерлік қоғамы мен бронды танкілерге – “Семей ин­жиниринг” акционерлік қоғамы си­яқты отандық өндіріс кешені кә­сіп­орындарының ерекше техни­калық қызмет көрсеткенін атап өткен орынды. Қарулы Күштер мен қорғаныс өндірістік кәсіпорындары арасын­дағы өзара байланысты ұйымдас­тыруға Қорғаныс министрлігі Әс­кери-техникалық саясат депар­та­мен­тінің бастығы полковник М.Қа­­рабеков пәрменді басшылық жасады. Кешегі өткен шеруде Қарулы Күш­­теріміздің мүмкіндіктері мен әле­уеті ғана емес, сонымен бірге бүкіл Қазақстан халқының тәуел­сіз­дік жылдарындағы жеткен же­тіс­тіктері көрсетілді десек орынды болмақ. Жүніс ОМАР, полковник, ҚР ҚМ баспасөз қызметі бөлімінің бастығы.