“Хабар” телеарнасы жаңа телемаусымда “Жаным” телехикаясын көрермендерге тарту етпек
Таяу күндері отандастарымыз “Хабар” телеарнасында “Жаным” атты жаңа сериалды қызықтайтын болады. Осылайша “Хабар” агенттігі” АҚ өзінің 15 жылдық мерейтойлық маусымын тосын хикаямен бастағалы отыр.
Көретін көз, баратын адам болса, бүгінде қазақ кинематографиясында тың туындылар дүниеге келуде, кинотеатрларда жаңа фильмдердің премьералары жүріп жатыр.
Ал “Хабар” телеарнасы ұсынғалы отырған “Жаным” көрермен күткендей дүние болар-болмасы алдағы күндердің еншісінде. Дегенмен, телесериалдың авторлары ол көрермен көңілінен сөзсіз шығатынына сендіріп отыр.
“Хабар” агенттігінің креативті директоры Ержан Сүлейменов:
– Бұл маусымда біз кинокөрсетілімдерге көп көңіл бөлетін боламыз. Эфирде экшн де, әлемдік классика да болады. Бірақ, жаңа телемаусымда “Жаным” телесериалынан бастауды жөн көрдік. Біз көрермендерімізге тағы да отбасылық телехикаяны ұсынамыз. Бұл жәй сәнге айналған үрдіске ілесу немесе рейтинг қуалау емес, отбасындағы татулық, шаңырақтағы жылулық, бәрімізді біріктіретін сыйластық пен сезім туралы хикая, – дейді.
Телехикаяда танымал актерлармен бірге, жас таланттар, тіпті кездейсоқ қабілетті жандарды табуға болады. Қыз Жібек атымен қазақ кинематографиясының шежіресіне есімі енген Меруерт Өтекешова басты рөлдердің бірін ойнайды.
– Көңілден шығар жұмыс тілеп жүрген кезім еді. Жұмыс болғанда да, терең, ойлы, мағыналы, психологиялық рөл болса деп армандап жүргем. Дәл осы ұсыныс менің көңілімнен шықты да, “Жаным” жобасына қатысуға қуана келісім бердім, – дейді Өтекешова. Бұл жолы біз Меруерт ханымды мүлде жаңа қырынан көретін боламыз. Басты рөлдерді ойнайтындардың қатарында Оразхан Кенебаев, Ғани Құлжанов сынды танымал актерлар, Маржан Қазыбаева, Дастан Шәкіров, Яна Бобрыка, Султанна Кәрімова секілді дарынды жастар бар. Сериалдың өне бойында “Жаным” әнін Медеу Арынбаев орындайды.
“Жаным” телесериалының алғашқы маусымы 70 сериядан тұрады. Сериалды түсіру барысында жаңа технологиялық цикл қолданылады, яғни күніне бір сериядан түсіріліп отырады. Актерларға түсіру алаңында түнемесе де, тәулігіне 12 сағат жұмыс істеуге тура келуде. 40 адамнан құралған түсіру тобы бүкіл жаз бойы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей еңбектеніп жатқанына сене беріңіз. “Мен өзімнің кинематографист-әріптестеріммен сөйлескенімде олардың ешқайсысы әлі күнге дейін осындай ырғақта жұмыс істеп көрмепті. Біздер сериалдың алғашқы блогын, 12 сериалды 12 күнде түсіріп біттік”, дейді фильмнің қоюшы-режиссері Бақтияр Сейітқазиев.
Қалай десек те, “сүйегі” мықты сценарий туып жатса, бізде оны келістіріп бейнелейтін таланттар табылады. Бұл сериалдың тағы бір ерекшелігі – бас аяғы бүтін, дайын әдеби шығармаға құрылған. Сценарий телесериалдың продюсері Әлия Увальжанованың “Туысқандарым менің” дейтін дайын көркем дүниесінің негізінде туған.
Сонымен жаңа телесериалдың тұсаукесеріне байланысты өткен баспасөз мәслихатында “Жаным” сериалының мақтауы мен жарнамасынан кемшін көре қоймадық. Қай кездегідей, қазақ тілді журналистердің “Сериал неге мемлекеттік тілде жасалынбады?” деген сауалына, түсіру тобы төмендегідей уәж айтты. Қысқасы, аталмыш телехикая алдағы уақытта көрші елдерде, ТМД аумағында телепрокатта жүретін болады.
Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.
-------------------------------
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.