(Ағаны аңсау)
Тал бойы сұлу жігіттен мін табу қиын. Ал Ақаңның – Ақселеудің біреу тілін, біреу түрін, біреу жүрісін, біреу тұрысын, біреу аңшылығын, біреу әншілігін, біреу әңгімешілдігін мақтайтын. Азаматқа тән келісімнің бәрі бойынан табылып жатқан Ақаңның сол қасиеттерінің барлығынан гөрі мен оның салалы саусақтарын ерекше бағалайтынмын. Шорлана мүйізделіп, майыса біткен сол сұқ саусақ пен ортан терек болмаса руханиятымызды байытқан қаншама кітаптардың жазылмай қалатыны да рас еді. Бірақ мені ол да таңдандырмайтын. Шынын айтсам, Ақаңның сол сүйрік саусақтарына домбыра шерткен кезінен басқа уақытта мән де бермеппін.
Ал сол саусақтар домбыраға тиген кезінде, шіркін-ай, ерекше салаланып, сұлуланып, қасиеттеніп кететін еді. Сәл басын иіңкіреп, қаршыға көзі пернелерге қадала түсіп, затына атын дәл тауып қойғанындай, Бетпақтың ен даласындағы жалғыз төбенің басына өскен жалғыз тал сұңғыла ақ селеудей сүйріктеніп, бүлкілдете жөнелгенде – даланың өзі қоңыр, мұңды, шерлі үнмен боздап қоя бергендей болатын. “Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, дәмеленсе, күндесе білдірмеген”, – деп Абай жарықтық сипаттаған Онегиннің тірі сұлбасы сияқтанып, жеңіл күрсінісін де білдірмей, дымыңды демімен өзіне тартып ала қоятын. Жат дыбысты сорып алып шанақтың ішіне дем етіп салып жіберетін. Содан кейін мысыңды жеңілдеу леппен басып, жеңіл тылсым ауамен самалдатып, шымырлата шымши жөнелетін. Оң қолын шанақтан жоғары серпе тоқтатып, бас бармағын қайқайта қайырғанда, көз алдыңа елестеп отырған Ертөстіктегі “Көшпелі дүниенің” шымылдығын серпе жауып жібергендей болушы еді. Әлгі әсер де шорт үзіліп, жаның тыным табатын.
Соншама ауыр, аңсары басылмайтын сарынның лебін сол салалы оң саусақтарын жаза тоқтағанда, өзінің ішіне тартып алған демімен қайта сыртқа шығарып жібергендей әсер қалдыратын. Сарғайған сартап даланың сартап сазының жеңіл ғана желпінісі көңіліңе ұйып, санаңда тек таңданыстың сарасы ғана қалатын. Іле, әлгі ауыр ой мен түйсікте таты қалған таңданысты сейілткісі келгендей, Ақаң тыңдаушысының көңіл ауанына орай өзі тартқан күйге өзі таңданып, өзі тамсана сөйлей жөнелгенде, мына әңгіме алдыңғы күйдің әсерінің бетін сырғытпалап өтетін. Ондайда небір шешенің Ақаңның қасында жіп есе алмайтын.
Сарын мен сөздің үстемелеген екпінімен әсерленіп отырған сенің дымыңды сыртқа шығарып, деміңді алдыра беріп, сол арада сондай бір жарасыммен шақшасының түбін тықылдатып қаға бастайды. Содан соң насыбайды алақанына сырбаздана сілке салып, бабымен бір атып үлгеріп, жайбарақат қана: “Біздің Арқада, тура біздің ауылда...”, – деген кезінде бойың жадырап сала беретін. Ар жағы “асу-асу бел, Арқадан соққан жел, жағалай қонған ел” болып кететін де, әсердің ауаны мамыражай күйге ұласып, жаның тыныштық тауып, санаңда рахатты бір таңданыс қана қалатын.
Бойды үйрете, еркелікті үстемелете келе, “ғылыми тұрғыдан зерттей келе”, оның саусақтарының қимылын жаттап алғандай болдым. Әбден меңгерген кезімде барып, сырт көз боп бақылаған тұста ғана аңғардым: бұл ішке тартылған дем, тылсым ауан, мұңлы сарын, таң-тамаша тамсаныс, сейіл әңгіме, ащы насыбай – Ақаңның қолқа-жүрегін кеулеген, “аспандағы күннің, жердегі халқының мейіріне тоймаған” ұлы сарын мен аңсары екен.
Сондайда алақаныңды жая қойсаң, көңілі көншіп отырса: “Іһі-һі-һі, айналайын сол... Ана ауызыңдағы аттың тезегінен көрі мынау құмарыңды қандырады. Тастасайшы, соны”, – деп; көңілі самарқау тартып отырса: “Бұл да бір дүниенің уы ғой. Уды у қайырады. Усырап отырсаң, мә! Айтпақшы, осы насыбай сенің атаң Құнанбайдан қалған”, – деп салалы саусақтарымен өлшеп, шымшып, мысқалдап салып беретін. Әкемнің атағы шыққан насыбайшы екені рас еді. Бесігімнен темекі мен насыбайдың, қылша мен бозталдың қабығының күлінің иісін тұщынып өскен маған бұл сөздің астары жаныма жағатын. Әкемнің насыбай уқалайтын саптаяғы әлі де бар. Атадан қалған бар мұраның жұрнағы сол. Соны емеурін ете мен де: “Шіркін, Ақаңның насыбайы – насыбай-ақ қой”, – деймін емексітіп. Көзі күлімдеңкіреп: Шіркін, насыбайым – насыбай-ақ еді. Шақшасы да өзіне сай еді. Қазір ғой сәні кетіп, түбінің құрғап жүргені. Мә, қалтаңа салып қой, сөзің буыныма түсіп кетті ғой!”, – деп сүйріктей салалы саусақтарының арасына әдемілеп қатталған қағазды қысып алып, шымшымдап насыбай салып, баппен төртбұрыштап орап, төс қалтама сол саусағының сұғымен сондай ептілікпен сала қоюшы еді. Мұндай ептілікті кім көрген, әлгі ертегідегі сауысқанның қауырсынын білдірмей жұлып алатын ептінің нақ өзі еді!
Саусағының сол ептілігін өзге емес, құрдастарымен кейде түнделетіп, күнделетіп созылатын карта ойынында бір рет пайдаланып, әріптестерінің жағасын ұстатқаны бар. Ырғасуы ұзап, мезі ете бастаған ойынның соңында қарсы ойыншылардың маңдайы тарылып: карта жасайсың – деп Ақаңның ығырын шығарды. Шыдамаған Ақаң: – Жігіттер, дүние – картаның ойыны деген емес пе. Мұнда да бопсаға шыдаған ұтады. Бағанадан қол жүрді. Доғарайық десем, болмадыңдар. Картаны олай жасамайды, былай жасайды. Қарап отырыңдар. Қапы қалмаңдар. Ұстап алсаңдар бар нәпақаларыңды қайырып, үстіне қосып берем. Ал байқамасаңдар, өз обалдарың өздеріңе. Онда қайтып менімен ойнамайтын боласыңдар, – деп картаны өзі үлестірді. Үш адамға да ойын қатар шықты. Ақыры мизерге Ақаң алды. Картаны ашып, жүрісті есептеп кеп жібергенде, ана екеуінің тілі байланып, алған деміне булығып, жүздері қабарып, талып қала жаздады. Ақаңның қолындағы қарғаның жалғыз королі еш ұсталмайды. Қарғаның тұзы біреуінің қолында жалғыз отыр. Қалай айналдырса да шықпады. Әріптестері іштен тынып, орындарынан үнсіз тұра берді. Ептілік пен есепті үйлестірген, қайран саусақ! Жалпы, Ақаңа кісіні таңдандыру да, тамсандыру да қиын емес еді. Оған он саусағынан тамып тұрған өнердің құдіреті мен сиқыры толық жететін.
Соңғы ант мезгілі сәтінде де, өзі айтқан әңгімесіне өзі сеніп қалатын аңғал да қапышыл, менің қайран ағатайым, “аспандағы күннің, жердегі жұртының мейіріне қанбай кеткенін” жан досы Қойшы-ағаңа арнаған өсиет хатты да сол салалы саусақтарымен жазып кетіпті. Қаупің неден болса, қатерің содан дегенді Құнанбай дегдар қалай айтты екен?
О, дәурен! Ол саусақтарда қаншама сыр мен жыр жатыр еді, ол саусақтар өзімен бірге қаншама құпия құбылыстарды ала кетті десеңші! Ол саусақ не көрмеген саусақ еді. Маған салса Ақаңның қасиетті жазмышы сол саусақтарға тікелей байланысты болатын. Ол саусақтар болмаса... Ол саусақтар сүйріктеніп сүркілдете күй шертпесе, ол саусақтар майысып сурет салмаса, қайысып қандауыр мен тімтуір ұстамаса, жұмылып жоңқа жонбаса, ол саусақтар... Ол саусақтарсыз қазақ өнері де біраз сілкіністен ада қалар еді. Ақтамбердінің толғауы мен “Сарыарқа”, “Дәурен-ай”, “Алтын асық, күміс қасық” дүниеге келмес еді. Өлі күйлер тірілмес еді. Жәнібек Кәрмен сияқты сұңғыла әншілердің дауысы халқының жүрегіне толық жетпей өшіп тынар еді.
Әлі есімде, жетпісінші жылдардың орта тұсы болатын. Ақселеу ағамыз Қарағандыдан Алматыға ауысып, “Социалистік Қазақстан” газетіне бөлім меңгерушісі болып келе қалды. Тілшісі түгілі еден жуғышының өзі ЦК-дан басқаға сәлем бермейтін, есепшісіне дейін галстук тағып жүретін бұл мекемені орағытып өтетін едік. Қалай Ақаң келді, үшінші қабатқа жан кірді. Әуелі теннис ойнайтын болдық, одан насыбай ату мен сызу басталды. Соның бәрінен ерекшелігі редакцияға домбыра келді, домбырамен қосылып ән келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тығылып жатқан таланттар сол арадан табылатын болды. Күйші Төлеген, Дәнеш, Мәдениет, Рақым, Қажыбек, Қайрат, Жәнібек сол арада бас қосып жүрді. Несіпбек, Жәнібек үшеуміз де үйірсек тарттық. Бір күні, иә, бір күні…
Жаңылмасам, қыс айының іші…Ақаң мен Жәнібек екеуара оңашалана бастады. Кештетіп оңаша қалады. Апта өтті, ай өткен жоқ. Біз де жұмыстан кейін Ақаңның бөлмесінде қалатын болдық. Тыңдаушы керек екен. Саусаққа да сол күндері көзім түсті. Ақаң бір әуенді ұзақ қайталап тартады. Жәнібек тамсанады. Қабағын түйеді, қолын шошайтады. Мен Ақаңның саусағынан көз алмаймын. Осы күй он күнге созылды. Енді Жәнібек жұрттан бой тасалай бастады. Бір айдың мөлшерінде мені үйіне шақырды. “Мынаны тыңдап көрші” – деді. Бұрын мен естіп білмеген бір алапат жыр. Ақтамбердінің толғауы. Үш-төрт күннен кейін Ақаңа тыңдатуға бардық. Кешкі мезгіл. Жәнібек сорғалата жөнелгенде басында еркіндеу отырған Ақаңның басы иілді де қалды. Тыңдап болған соң: “ – Ой, алла-ай! Мына қазақтың әні кісі өлтіретін шығар. Не деген ғажап, не деген философия, не деген кеңдік! Жәнібек, енді сенің бағың ашылады”, – деді. Әншінің де еңбегі бар шығар, бірақ сол әуенді күйден ажыратып алып, оған лайық Ақтамбердінің сөзін тауып, домбыраға түсіріп, Жәнібекке үйреткен Ақаңның өзі емес пе еді. Өз әніне өзі таңданды деуге болмас, ал өзге адам туралы мегзер отыр деп тағы да айта алмайсың. Сол шапудың тұсында Несіпбек те шашын бір талдап жұлып жүріп “Сарыарқа” мен “Дәурен-айдың” сөзін жазды.
Ал енді бүгінгі қазақ әнін Ақтамбердінің толғауынсыз, “Сарыарқа” мен “Дәурен-айсыз” елестетіп көріңізші. Ақаң болмаса, Ақаңның сүйрік саусағы болмаса ол әндер өмірге келмес еді. Осыдан кейін Ақаң мен Жәнібек, Несіпбек үшеуі қосылып алып қазақтың әніне жұртты таң-тамаша етті. Бұл қазақ әнінің жаңа белеске көтерілген, Жәнібектей жампоздың, Несіпбектей су жорғаның Ақаңның алдына түсіп алып халқына қарай жайтаңдай жөнелген тұсы еді. Сол ән Бекболаттың бесігін тербетіп, ауамен қоса ішіне ән боп құйылып еді. Жамбасымен жорғалайтын Бекболаттың қызығын қызықтап Жәнібек бөлме-бөлмені аралап ән айтатын, ол қай бөлмеге барса, соған жамбастай жорғалап баратын Бекболаттың ұзына сапары мен өзекті жүрегіне ұя салған ән – осы Ақтамбердінің толғауы, “Сарыарқа” мен “Дәурен-ай” еді. Оны ұялатқан – Ақселеудің саусағы болатын. Досымыз Сейілғазы теледидарда Жәнібек екеумізге ән туралы сұхбат өткізуді ұсынғанда, орныма Ақселеу ағаны ұсынып едім. Әр хабардың соңы таңды таңға ұластырған ән тәулігіне ұласушы еді. Сондайда Ақаңның қолынан домбыра түспеуші еді. Әттең, дариға, сондай күндерді де басымыздан өткізіппіз-ау!
Ақаңның жұлдызы өрге өрлеп, “Күмбір-күмбір күмбездері” жарық көріп, “Білім және еңбек” журналына бас редактор боп, қара өлеңдерді жинастырып жүрген кезі болатын. Өтініші бойынша ауылға барғанда қара өлеңнің қазынасы нағашы апайым Ақпаннан біраз шумақтарды жазып алып, Ақаңа әкеп бердім. Қашанғы сырбаз қалпымен, қара сиямен жазатын қаламын баптай ұстап, саусақтарын қайыстыра отырып қалың дәптеріне көшіріп алды. Содан кейін насыбайын бір атып алып: “Мен саған бір ақыл айтайын. Осы көркем шығарма дегенің бос сөздің желқабызы екен. Мен қойдым, сен де қой. Халыққа түк пайдасы жоқ. Одан да құрып бара жатқан еліміздің руханиятын құтқаратын ғылыми-көпшілік жанрға көш. Мен көркем кітаптарымның барлығын таратып жатырмын”, деді. Шындығында да, Ақаң қайтып көркем дүниеге оралған жоқ. Менің де жүгім архив жаққа ауып бара жатқан тұс болатын. Ол сөзін қабылдамасам да үнемі есімде жүрді. Кейде көркем шығармаға аңсарым ауып, өмірім еш кеткендей көрінгенде, Ақаңның сол сөзімен өзімді жұбатамын. Сол кездегі тұқылымен столдың үстін тықылдатып қағып отырған қара сиялы молтық қара қалам мен сұқ саусағы әлі көз алдымда.
Тіршілік емес пе, шымшымасыз болмас. Сол саусақтардың Ақаңды тосылдырған тосын қиындықтан құтқарғанын да шала кетейін. Жазушылар одағының екінші қабатындағы Қал-ағаң (Қалихан Ысқақов) пен Несіпбек отыратын бөлмеге кіре қалдым. Терезе алдындағы Несіпбектің орнында Ақаң әңгіме айтып отыр екен. Үш-төрт адам ұйып тыңдап отыр. Мен де отыра қалдым:
– Содан таңертең бір саусағының өзі қамшының сабындай, борбайы да ұзын әлгі шал сыртқа шықса, тура алдынан қансонардың қызыл түлкісі өтіп барады екен. Әп бәлем, бұйырған олжа екен ғой, – деп, аттап-аттап барып, түлкінің құйрығынан ұстай алып, қонышындағы қамшысымен түлкінің тұмсығынан тық еткізіп ұрып жіберіп: Әй, бәйбіше! Мынаны үйге кіргізе сал, – деп алдына тастай салыпты, – деді.
Несіпбек бастаған тыңдаушылар ауыздарын ашып қалыпты. Әңгімеге тосын араласып, әсеріне толық елікпегендіктен бе, бірден:
– Ой, Ақа, айтасыз-ау. Қанша алып шал болса да түлкіні бір-екі аттап барып қалай ұстайды? Ең болмаса біраз қуған шығар, – деп қалғаным қуауызданып. Ақаң:
– Өй, сен бала не білесің?, – деп бір қарап алды да асықпай қалтасынан шақшасын алды.
Ұзын сүйрік саусақтарымен шақшасын салалай қысып, тықылдата қағып біраз үнсіз отырды. Біз де үнсізбіз. Содан кейін алақанына салып, атып кеп жіберді де:
– Өй, Тұрсын, сен осы Арқаның баласы емеспісің, ендеше білесің. Есіңе түсірші өзің. Арқада ат сауырынан келетін көбік қар түседі ғой. Сол түні түнімен көбік қар жауып, таңға жақын басылмай ма. Ал түнімен маядан тышқан аулап, тойынған түлкінің салмағы ауырлап, қашқан кезде аяғы көбік қардың түбіне жетпей, омбылап қалмай ма? Енді содан кейін оны аттап-аттап барып, соғып алмағанда не қалады, – деп шақшасын сондай бір риза күйде қалтасына қайта салғаны бар.
Сөз тапқанға қолқа жоқ. Сөзсіз осы ой салалы саусақтарымен шақшасын қағып отырғанда түсті. Шіркін, кейде қыза сөйлету үшін де осылай шымшып алатыным да бар еді. Оралхан, Кәрібай, Кәдірбек, Ақселеу төртеуінің сексенінші жылы жолсапарда жүргенде үш күн қатарынан қисынды әңгіме жарыстырып, төртінші күні түнгі сағат он бірде Оралханның жеңіске жеткені, соны атап өтеміз деп таңғы алтыға дейін тасқаяқ қуғанымыз да есімде. Оның өзі таусылмайтын бір хикая. Қазір аялағаныңның өзін ауырсынатын ағалар басым боп бара жатқан сияқты...
Ақаңның алпыс жасқа толуына орай университеттің журналистика кафедрасы шығарған арнайы қолжазба журналға жазған, өзі көзі тірісінде оқыған шағын мақаламды:
“Мен сондықтан да Ақаңның саусағындай сұлу саусақты сирек кезіктірдім. Ондай саусақ қазіргі тірі қазақта Уәли мен Секенде ғана бар шығар.
Мен Ақаңның саусағына ғашықпын. Сол саусақтардан суси құйылған әндер мәңгі өшпесе екен, сол саусақтар талмаса екен, буынына сарысу ұйымаса екен, сіңірі қатпаса екен деп тілеймін.
Саусағыңыздан айналдым, Ақа!”, – деп аяқтаппын.
Өкінішке орай, жазмыштан озмыш жоқ, ол саусақтар мезгілсіз талды, уақытсыз буыны суыды. Пәни мен бақидың заңы солай. Әрбір адамның мәңгілікке ғайып болуы – өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің дауысы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал Ақаңның дауысы мен орыны Алаш дүниесіне мәңгі жетіспей тұратын болады. Оның артында – жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән, сыңар дос, аялы құшақсыз іні, сусыны қанбаған шәкірт қалды.
Күн сайын өлім мен өмір алмасып, біріне-бірі орын босатып беріп жатқан тіршілік қой. Алайда: “Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер”, – деп Абай айтқандай, табиғи көрініп, өзімізді өзіміз жұбатқанмен де, Ақаңсыз өмір – бәрібір баяғы өмір емес, бәрі де “баяғыдай көрінбейді”. Оның мінезі, сырбаздығы, әңгімесі, мәрттігі, тіпті, шақшасының тықылы да бізге жетпей тұратын болады. Маған: осы ажал оның мырза өміріне жараспайтын-ақ сияқты, оның осы өлімінің өзінде бір үйлеспейтін заңсыздық, бір тосын тылсым бар сияқты көрінеді де тұрады.
Армансыз адам болмайды. Бірақ Ақаң қалай дегенмен де: “Армансыз өмір сүрді” дегізетіндей ғұмыр кешті. Ол соңғы жылдары тіршілікке соншама бір наразы да разы құштарлықпен қарап, “Қазақтың ауызша тарихын” ұсынып тұрып: “Енді ештеңе жазбаймын. Шаршадым. Қолымда бардың барлығын таратып беремін. Ал өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымның, шежірелерімнің, мұрағат құжаттарымның, сирек басылымдар мен фотокөшірмелерімнің бәрін сенің кітапханаңа, сенің өзіңнің қолыңа тапсырамын. Өзге – ортақтаспас, сен қиянат жасамассың. Біреуге болмаса, біреуге сауабы тиер, рахметін алармын. Енді өмір сүремін. Өмірдің рахатын көремін. Қойшығарамен тасқаяқ ойнаймын. Сендерді серуендетемін. Тапқанымды шашамын. Шіркін, сонда қандай рахат болар еді, ә, бала!”, – деді.
Ақыры дегеніне жетіп тынды. Бір жыл бұрын: “Ал, Тұрсын! Сен бірден үйге келе ғой. Сенің басыңды ауыртпайын деп проректор Мұхтарға телефон шалып, көлік сұрап алдым. Үш-төрт кітапханашы қыздарыңды ертіп кел. Кітаптарды буып, түйіп, жинап қойдым. Масқара! Ішінде не жоқ дейсің. Екі-үш күн қимай, босағада ұстадым. Ал, мен айнымай тұрғанда, жылдам жет!”, – деді.
Сөйтіп, 4 500-ге тарта шежірелер мен сирек кітаптарды өз қолымен тиесіп, кітапханаға алып келді. Ұқыптысын-ай, Ақаңның. Әр қолжазба түптелген, ғылыми сипаттамасы, сілтемесі жазылған, библиографиясы көрсетілген, хатталған. “Уһ, енді бір демалатын болдым-ғой!”, – деді ауыр жүктен құтылғандай боп.
Содан кейін анда-санда келіп, кітаптарына қарағыштап, сипалап, үнемі толықтырумен болды. Кейде көзінің қырымен қарап өтеді, кейде тұрақтап қалады, кейде фотопленкалар әкеп береді. Түптің түбінде “Ақселеу Сейдімбектің кітапханасы” деген диссертацияның қорғалатыны анық. Енді ол маған қазір парыз, өсиет сияқты болып қалды. Университеттің ректораты тарапынан ықылас ауып, ол кітаптар арнайы аудиторияға жинақталып, Ақаңның барлық келбетін көз алдыңа елестететіндей көрікпен иықтанып тұр. Оның сақталуы мен зерттеуі көңілді алаңдатса да, бір аманаты орынын тауып орындалған соң менің де жаным тыныш тапты. Асығыс та болса оның шығармашылығы туралы диссертация қорғалды. Мұның барлығы, әрине, игілік қормалы.
Міне, жыл айналып келгенін күтпей, қырқы берілгенде қойылған сеңгір тас кейпінде ол өзінің сүйікті Жаңаарқасындағы, өзі орынын көзі тірісінде белгілеп кеткен Бәйгетөбеден қоныс тауып, Ақаң демалып жатыр, шындап демалып жатыр. Ол қайырылып келмейтін мәңгілік демалысқа кетті.
Бақұл болсын. Енді оның жоқтығы күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын, мәңгілік сезіліп тұратын болады. Ол сағыныш та сартапқа айналып, жүрегімізде өшпейтін тат болып қалатын күндер де алда болса керек. Бұл рухани өкініштің орыны тола қоймас, сірә.
Өмірден өтерінен он сағат бұрын өзінің қолқанат қызы Үржамалға: “Мен өзімнің соңымдағы мұраларымды екі-ақ адамға иелік етуге сеніп тапсырып кетемін. Ол: қызым – Перизат пен Тұрсын. Жүр, сол балаға барып амандығын білейік. Көңіліне бір кірбің түсіп жүрсе керек”, – деп Қойшығара аға мен Қаржаубайды ертіп алып, менің бөлмеме келіп, бір сағаттай тосып отырыпты. Тіршіліктің етекбастылығынан Ақаңның соңғы бой жасаған амандығын алып, соңғы рет еркелей алмағаным өкінішті.
Өйткені, көрген сайын еркелеп, қойнына тығылып, басымды кеудесіне қойып, біраз иіскеп тұрушы едім. Ол да: “О, құдайдың бере салғаны сол!”, деп еміренуші еді. Қойшығара ағамыз сонда басын шайқап, екеумізге сүйсіне қарап тұрушы еді. Енді кім еркелетер дейсің? Рымғали ағам да досының молаға бастаған көшіне ілесіп кете барды. Еркелерміз-ау, бірақ Ақаң сияқты исінгіш кеуде қайдан табылсын...
Қайран саусақ! Әй, саусақ!..
Тұрсын ЖҰРТБАЙ.
29.08. 2010.