“Кім де кім ақпаратты игерсе, күллі әлем соның қолында болады” деген тәмсіл соңғы уақыттарда, әсіресе, ХХІ ғасырға аяқ басқалы өте жиі айтылып жүр. Шынымен де солай екені анық. Бүгінде ақпарат рыноктағы ең бір өтімді тауарлардың қатарына жатқызыла бастады. Әр мемлекетте ақпарат сатумен күн көретіндердің саны да артып келеді.
Ақпарат – журналистердің кез келген шығармашылық өнім өндіруіндегі негізгі шикізат көзі болып табылғаны қашан. Алайда бүгінде ақпарат ол тек БАҚ-тың ғана емес, жер бетіндегі барлық сала қызметкерінің, одан қала берді барлық адамзаттың негізгі азығына айналды. Ақпаратсыз өмір сүрудің мәні де, сәні де болмайтынын өз-өзімізге дәлелдеп те үлгерген тәріздіміз. Ұзын сөздің қысқасы, бұдан былай ақпаратсыз әлем алға жүрмейді, дамымайды.
Ақпарат өте қуатты қару екенін жақсы білеміз. Ақпараттық шабуылдар арқылы күйреп, күл талқаны шығып жатқан кәсіпорынды да, фирманы да, тіпті елді де көріп жүрміз. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі қорғаныстар бүгінде мейлінше күшейтіліп келеді. Ақпарат арқылы сананы улау, ұстанымды бұрмалау, ұлт пен мемлекет болашағына қауіп төндіру саясаттары ашық та, астыртын да жүргізілетіні бесенеден белгілі. Сол себепті де теріс пиғылды әрекеттердің ел мүддесіне нұқсан келтірмеу керектігін жақсы түсінуіміз керек. Сонымен қатар, отандық ақпарат кеңістігінің қорғанысын анағұрлым күшейте түскеніміз абзал. Бұл бағыттағы жұмыстың ең бір салмақты тұсы еліміздегі телеарналардың мойындарына жүктелетіндігі айтпаса да түсінікті.
Отандық ақпарат кеңістігіндегі телеарналар ішінде өзіндік орны бар, шығармашылық ұжымымен де ерекше көзге түсе білген телеарнаның бірі – “Caspіonet” Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық ғарыштық арнасы. Осыдан 8 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2002 жылы 25 қазан күні ресми түрде өз жұмысын бастаған бұл арна жақында жаңа форматқа көшіп, шығармашылық қоржынын бірнеше жаңа бағдарламалармен, соның ішінде ұлттылығымызды көп дәріптейтін, елдігімізді еселей ескеретін бағдармалармен толықтырды. Мұндай жаңа қадамдарға ақпарат саласындағы әріптестері ретінде де, бұқаралық көрермен ретінде де әжептәуір марқайып қалдық.
Сәрсенбінің сәтінде аталмыш арна ұжымы үзеңгілес әріптестерін шақырып, жаңа бағдарламаларымен таныстырды. Арнаның жаңа маусымына құтты болсын айтуға БАҚ өкілдерінен басқа Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев те, еліміздің дипломатия корпусының өкілдері де келді.
Ақпарат және байланыс министрлігінің тапсырмасымен жаңа бағыттарды бағамдаған “Caspіonet” бүгінде Еуропа, Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Африканың орталық шығыс және солтүстік бөлігіндегі елдерге хабар таратады. 99 миллиондай көрермені бар бұл арна тәулік бойы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабарды эфирге шығарады. Бір ескере кететін нәрсе, “Caspіonet” арнасы хабар таратудың 50 пайызын жаңалықтарға бөлген. Оған бизнес-жаңалықтар, ауа райы және спорт топтамасы жатқызылады. Осыған дейін мәлім болғандай, аталмыш арна шетелдіктерге, өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымызға елімізде болып жатқан ең соңғы жаңалықтар мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін толыққанды ақпарат беру сынды мақсаттарын өз деңгейінде орындап келеді.
Сонымен, “Caspіonet”-ке қандай жаңа бағдарламалар енгізіліп отыр? “ATAMEKEN” деп аталатын бағдарлама ұлттық әдет-ғұрыптан, халқымыздың көне мәдениетінен, сондай-ақ шетелдегі қазақ қандастарымыздың тұрмыс-тіршіліктерінен хабардар етеді. “STEPPR TALES” – шетелдіктің Қазақстанға көзқарасы тұрғысында дайындалатын бағдарлама. Яғни, еліміздің барлық өңірлеріне саяхат жасау арқылы халқымыздың салт-дәстүрінен, рухани өмірінен, тарихынан сыр шертетін бағдарлама. Бұл 5 жылдан бері Caspіonetте жұмыс істеп келген Джонатан Ньюеллдің авторлық бағдарламасы болып табылады. Тұсауы кесілген келесі жаңа бағдарлама “PERSONA GRATA” деп аталады. Мұнда шетелдік дипломаттармен жүргізілген бейресми сұхбаттар, олардың отбасы, саясаттан тыс өмірі жайлы баяндалады. Ал “THE REAL ECONOMY” бағдарламасы аса маңызды экономикалық жаңалықтарды талдау, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру барысы, ірі шетелдік инвесторлармен сұхбат сынды бағытта көрермендермен жүздесіп тұрады. “LІMІTLESS SCІENCE” қазақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы жаңалықтарын, оларды нақты жүзеге асыру жайын баяндайды. Қазақтың ұлттық қолөнері, ата-баба дәстүрін жалғастырып жүрген шеберлер мен ұлттық музыка аспаптарын жасау өнері, олардың сиқырлы сазын дәріптейтін бағдарламалар “MASTERS OF CREATІVІTY”, “SOUNDS OG NOMAD” деп аталады.
“Caspіonet” ұлттық жер серігіндік арнасының директоры Айгүл Жұмабаеваның: “Ақпараттықтан біртіндеп ақпараттық-танымдық форматқа көшіп отырмыз. Эфирде Қазақстан халқы, әдет-ғұрпы, мәдениеті жөнінде, жалпы елімізге қатысты танымдық, қызықты бағдарламалар көбейе түсті. Барлық бағдарламалар Қазақстанды әр қырынан танытады. Бір жағынан Қазақстанға туристердің көптеп келуіне де септігін тигізеді. Жаңалықтарда да өзгерістер бар, ақпараттар жиі жаңартылып тұратын болды. Мұнымен қоса, “Хабар”, “Ел арна”, “Қазақстан” телеарналарының үздік хабарларын эфирден көрсетіп тұрамыз”, – деп айтқанына қарағанда, тың идеялар жаңа өзгерістермен қатар, жаңа сапаны да алып келетініне еш күмән жоқтай. Әріптестеріміздің жаңа бастамаларына шығармашылық табыс тілей отырып, көрермендері көбейе түссін деген ақ ниетімізді білдіргіміз келеді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.