Әдетте футболда мыңнан бір жағдайда кездейсоқтық деген болып жатады. Біз бұл жолы Қазақстан құрамасының қонақта Австрия үздік командасынан төреші белгілеген негізгі уақыттан кейінгі қосымша минөттерде екі гол жіберіп алып, аяқ астынан ұтылып қалғанын осы кездейсоқтыққа тели салмай-ақ қояйық, бірақ жігіттеріміздің осы кездесуде жеңілісті емес, құрығанда тең ойынға әбден лайықты өнер көрсеткендеріне шүбә келтіре алмаймыз. Тап осы матчта республика құрамасы, сөз жоқ, өзінің еліміз тәуелсіздік алып, дербес құрама командасын халықаралық спорт ареналарына шығара бастағалы бергі тарихындағы әзірге ең жақсы ойынын көрсетті.
Австрияның Зальцбург қаласында өткен бұл ойында қазақ футболшылары алаңсыз қорғанысқа кетіп, қарсыласының аяқ алысын аңдып отыра берген жоқ. Олар тіпті кездесудің көп бөлігін шабуылмен өткізіп, алаң иелері қақпасынан саңылау іздеумен болды. “Бізге қорғанысқа барынша қатты назар аудару керек”, дегенді құраманың бас жаттықтырушысы Бернд Шторк әрбір матч сайын қайталаумен жүретін. Ал осы жолы бізді соңғы минөттерде тап осы қорғанысқа қатты көңіл бөле алмай қалғанымыз тақырға отырғызып кетті. Соның салдарынан қосымша уақыттың бірінші және екінші минөттерінде қақпа торынан доп алуға мәжбүр болдық.
Осының алдындағы түріктермен болған ойынмен салыстырғанда, Шторк алаңға үш ойыншыны өзгертіп шығарды. Бұл жолы жүгіргенде өз салмағын алып жүре алмайтын Сергей Остапенконың орнына шабуылдың алдыңғы өтінде одан гөрі әлдеқайда ширақ Глеб Мальцев ойнады. Сол қапталдағы Генрих Шмитгальді “Ақтөбе” сапында жарқырап жүрген Евгений Аверченко алмастырды. Ал алаңның ортасында жүретін Максим Аверченконы жақында біздің азаматтықты қабылдаған ресейлік Казбек Гетериев ығыстырды.Ол өткен ойында ойнаған жоқ еді. Онымен бір мезгілде келген ресейлік Алексей Попов өткен ойында да, бұл жолы да ортаңғы шепте ойқастады. Біздің қақпаға бірінші голдың түсуіне тап осы футболшы себепкер болды. Ол туралы әңгіме алда...
Матч бірінші минөттерден аса тартысты басталды. Осы кезде біздің ойыншылар алаң иелерінен кем ойын көрсетпеді, австриялықтар біздікінен аз қателеспей қалған жоқ. Екі жағы қай тұсынан келгенде де, бір-бірімен тепе-тең түсіп жатты. Ал қақпаға тікелей қауіпті алдымен австриялықтар жасады. Ойынның 10-шы минөтінде алаңның ортасынан доп алып, алға ұмтылған Мартин Харник әп-сәтте біздің голкипер Андрей Сидельниковпен бетпе-бет келе қалды. Бір тәуірі, қақпашымыз аса саса қоймады, өрекпіп келіп қалған шабуылшының соққысын қайтарып үлгерді. Ал үш минуттан кейін осындай соққыны біздің Александр Кислицын да жасады. Ол да осылай алаңның жартысын көктей өтіп, қақпа алаңына кірді де, ортадан жерлетіп ұрып жіберді. Бірақ доп штанга бағанасының жанынан зу ете түсті. Тағы екі минөт өткесін Марк Янко оң қанаттан көлденең келген допты бізге қарай тартып кеп салды. Соққы жасар кезінде Ренат Абдулинмен беттесіп қалған ол мүлт кетті. 16-шы минөтте Франц Шимер алыстан керемет соққы берді. Ол да қақпа жанынан ысқырып өте шықты.
Матчтың 28-ші минөтінде Нұрбол Жұмасқалиев алаңның ортасында допқа иелік етіп, алға жүгірді де, соңғы нүктені өзі қойғысы келді. Алайда, оның соққысына дәлдік жетіспей қалды. 33-минөтте жасалған біздің шабуылымызды алаң иелері қолмен ойнап тоқтатты. Осыған байланысты берілген айып добын орындаған Гетериев оны қақпа алаңына жеткізді. Сол жерде допты алаң иелерінің қақпашысы баспен қайтарып үлгерді. Бұдан кейін Азат Нұрғалиев те екі рет осындай айып добын орындап, оларды штанганың алыс бұрышынан асырып жіберді. Ал 36-шы минөтте Шимер тағы да өзін көрсете білді. Бұл жолы оның соққысына Андрей Карпович кедергі келтіріп үлгерді. Соққы сонда да болса, дарбаза алаңына жетіп, біздің голкипердің қолымен аутқа жіберілді. Осыған байланысты берілген бұрыштама добы тағы да Шимерді тауып, оның басы арқылы қақпаға қарай заулады. Бірақ біздің дарбазабон мүлт кеткен жоқ.
Алаң иелері екінші таймды бірден қауырт бастады. Шамасы, үзіліс кезінде бапкерлері тарапынан көп ескерту мен ақыл-кеңес алса керек, олар салған жерден шабуылға ышқына кірісті. Бұл біздің футболшыларды жаппай қорғанысқа көшіп, аяқтарына тиген допты оңды-солды алысқа тебе беруге мәжбүр етті. Сондай қарбаластардың бірінде, ойынның 49-шы минөтінде австриялық Линц біздің айып алаңында Абдулинмен соқтығысып, құлап қалды. Өзінің әріптесі Фели Кавлакпен қақпақыл ойнап, ішке кірген ол біздің ойыншыға қарай өзі ұмтылып еді. Стадион толы көрермен мен австриялық футболшылар пенальти талап етіп тұрып алды. Бірақ хорватиялық төреші М.Страхоня бұл арандатуға түскен жоқ. Бұл аралықта біздің Аверченко мен Кислицын бір-бірден қарсы шабуылға шығып қайтты. Содан кейінгі қауіпті соққыны бізге 54-ші минөтте Экрем Даг жасады.
Осыдан кейін қазақстандықтар қайтадан есін жинап алғандай болды. Өз-өздеріне жақсы келіп алған олар алдағы 11 минөттің ауқымында қарсыластарға қарай үш рет жойқын қарсы шабуыл ұйымдастырды. Бұлардың бәрі де белгілі бір дәрежеде қақпаға айтарлықтай қауіп төндірді. Бұлардың біріншісі Карповичтің пасынан кейін Аверченконың сол қапталмен жүгіріп өтіп, қақпаға бағыттауымен аяқталды. Екінші мезетте екінші таймда Мальцевтің орнына шыққан Сергей Хижниченкоға доп жіберілді. Біздің жақтағы ең жас ойыншы. Бірақ, бұл допқа жетіп үлгере алмады, оны қақпашы Махо қағып әкетті. Келесі көріністе Александр Киров қарсыласынан қарсы алаң бетінде доп тартып алып, үшеуге төртеу болып шабуылдады. Бірақ біздің жартылай қорғаушы допты өз аяғымен қарсыласына беріп қойды.
Алаң иелерінің қақпасы құлпын ашатын ең қолайлы сәтті біздің жігіттер 66-ші минөтте дұрыс пайдалана алмады. Біздің қақпа алаңына қарай берілген бұрыштама добын Сидельников қағып алды да, оны қолымен қарсыластар алаңына қарай әуелете лақтырды. Ол сол бойда барып Хижниченконың табаны астына түсті. Оны ала сала алға ұмтылған Сергей келесі кезекте Жұмасқалиевті соққы жасайтын жерге әдемі шығарды. Ал Нұрбол оны алғасын шамамен 17 метр қашықтықтан қақпаға қарай зырлатты. Бұл допты Махно қолмен жоғары қарай көтеріп жіберіп қана қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Бұдан екі минөт өткесін алаң иелері тағы шабуылға шықты. Алдымен алыстан Кристиан Фухс ұрып байқастады. Оны Сидельников секіріп барып, бұрышқа жіберді. Ал 70-ші минөтте біздің жақтан тап сондай бір жөңкілген шабуыл өрбіді. Оны Хижниченко қақпаға қарай жақсы ұрып еді, бірақ соққысы жәй болып қалыпты, қақпашы қиналмай ұстап алды. Содан соң Жұмасқалиев стадион толы көрерменнің жүрегін тоқтатып қоя жаздаған тағы бір соққыны керемет шиырды. Бұл жерде осыған жеткізген біздің капитан Карпович болды. Ол алдымен айып алаңы бұрышынан қақпаға қарай доп атты. Бірақ соққы төмен кетті де, қақпа сызығы алдынан көлбей өтті. Ал оның арғы мүйісінде қорғаушылардың көздерінен тасада қалған біздің Нұрбол тұр еді. Өкінішке орай, оның баспен ұрмақ болған добы сол бойы сілкініп өте шықты. Ойынның 89-шы минөтінде біз алаң иелері қақпасына соңғы мәрте соққы жасап үлгердік.
Осымен ойын тең аяқталатындай көрінген. Бірақ төреші қосқан 4 минөт бәрін бүлдіріп кетті. Шамасы, біздің ойыншылар да осы кезде бәрі артта қалғандай болып, аздап босаңсып кеткен болуы керек. Соны алаң иелері әдемі пайдаланып кетті. Бұл жолы да біздің жігіттер шабуыл ұйымдастырып көрмек сияқты болған. Олар өз алаңдары ішінде доп алған бойда оны беталды тебе бермей, өз ойыншымызға жеткізуге тырысып бақты. Бізді құртқан да осы болды. Айып алаңындағы қарбалас кезінде доп Алексей Поповтың аяғының астына топ ете түсті. Ол мұны бірден алысқа тебу орнына икемге келтіріп алып, өз әріптесіне асырмаққа ұмтылды. Оның солай тастаған добын Роланд Линц жолдан іліп әкетті...
Сосын біздің сасып қалған жігіттер гол артынан гол жіберді. Есеп – 0:2!
Енді біздің топтағы құрамалардың екі турда ойнаған ойындары нәтижелерін берейік. 3 қыркүйек. Бельгия – Германия – 0:1. Германия – Әзірбайжан – 6:1. Түркия – Бельгия – 3:2. Осымен екі ойыннан 6 ұпай жинаған Германия және Түркия командалары турнир кестесінде 1-2 орындарды бөлісіп келеді. Үшінші орында Австрия тұр.
Бұл екі турда сенсация атанған ойындар да орын алды. Біз бұлардың қатарына 3 қыркүйек күні Лиссабонда Португалия мен Кипр арасында өткен ойынның 4:4 есебімен тең ойналғанын, Францияның өз алаңында Беларусьтен 0:1 есебімен ұтылып қалғанын, 7 қыркүйекте Ресейдің өз алаңында словактардан, чехтардың литвалықтардан осындай есеппен жеңілгенін айтар едік.
Барлық топтардағы кезекті турдың ойындары қазанның 8-і күні ойналады.
Серік ПІРНАЗАР.