Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Әзірбайжан Республикасы, Ирак Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Пәкстан Ислам Республикасы, Түрік Республикасы және Украина елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Закир Гашимов, Раджех Сабер Аббуд әл-Мусауи, Чжоу Ли, Мохаммед Туфаиль, Лале Үлкер және Олег Деминнен Сенім грамоталарын қабылдады.
Салтанатты жағдайда Сенім грамоталарын қабылдаған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев олардың алдында қысқа сөз сөйледі. Елбасы алдымен дипломаттарды Қазақстандағы қызметтерінің басталуымен құттықтап, ол күннің күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болып саналатын Ораза айтының күніне дөп келіп отырғанын жақсы нышанға жоритынын тілге тиек етті. Одан әрі Президент елшілердің дипломатиялық жұмыстары Қазақстанның сыртқы саяси беделінің артып, аса танымал халықаралық ұйымдарда төрағалық ету кезеңімен сәйкес келіп отырғанын ауызға ала отырып, үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ саммитінің өтетінін еске салды. Бұл – Қазақстан үшін тарихи жетістік деп айтуға болатын оқиға, деді ол.
Елбасы Н.Назарбаев бүгінгі елшілер келген мемлекеттермен Қазақстанның байланысына қысқаша тоқталып өтті. Соның ішінде Ирак туралы айтқанда осы ел басшылығының Астанада Төтенше және өкілетті елшісін тағайындау туралы шешімін құптайтынын, Ирак елі араб әлеміндегі Қазақстанға барынша жақын орналасқан ел екендігін, сондықтан да Қазақстанның Иракта бейбітшілік пен тұрақтылықтың түпкілікті орнауына, тұрмыс ахуалының қайтадан қалпына келтірілуіне мүдделі екенін айта келіп, біздің әскерилеріміздің Ирактағы жағдайды қалпына келтіруге қосқан үлестерін атап өтті. Біздің мамандар Иракта 4 млн.-нан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды және мыңдаған бейбіт тұрғындарға медициналық көмек көрсетті, деді ол.
Әзірбайжан Республикасы туралы айтқанда оның Каспий теңізіндегі маңызды көршіміз екенін ауызға алды. Бізді тарихи тамырымыздың бірлігі ғана емес, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтарымызды дамытуға деген ұмтылысымыз, Каспий проблематикасы бойынша позициямыздың біртектілігі де жақындастырады, деді Президент.
Қазақстан Оңтүстік Азия аймағы мен Ислам әлемінде маңызды орны бар Пәкстан Ислам Республикасымен де жан-жақты ынтымақтастықты дамыта түсуге мүдделі. Қазірдің өзінде біздің елдеріміз көптеген аймақтық және халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара тығыз іс-қимылдар жасауда, деді Елбасы. Ал биылғы болған су тасқынына байланысты Қазақстанның Пәкстанға қаржылай көмек беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
– Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады. Ол сауда-экономикалық байланыстардың үдемелі өсуіне негізделген табысты әріптестіктің жарқын үлгісі. Біз халықаралық аренада да белсенді бірлескен әріптестер болып табыламыз. Біздің әріптестігіміз саяси сенімділіктің жоғары деңгейіне жеткен. Бүгінгі Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды факторы болып табылады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Одан әрі Елбасы бауырлас Түрік Республикасымен арадағы байланыстарға қысқаша сипат берді. Қазақстан Түркиямен арадағы қөпқырлы іс-қимылдардың дами түскенін қалайды. Соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықтарды тереңдете түсуге “Жаңа синергия” атты бірлескен бағдарлама тың серпін берер деген үміттеміз. “Сондай-ақ біз жаңа жалпытүркілік құрылымдарды дамыту жолында Түркиямен бірлескен күш-жігерімізді жалғастыра беретін боламыз”, деп жалғастырды Елбасы.
Қазақстан Украинамен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Біздің елдерімізді тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Қазақстанды мекендейтін украин халқы өкілдерінің қалың қауымдастығы біздің елдерімізді жақындастырудың маңызды факторы. Украина Президенті В.Януковичтің осы жылдың сәуір айында Қазақстанға жасаған ресми сапары мен менің жақын күндерде Украинада болатын ресми сапарым екі елдің арасындағы қарым-қатынастық аясын кеңейтуге жаңа серпін берері сөзсіз, деді Елбасы Украинаға қатысты сөзінде.
Сөзінің соңында Президент елшілерге Астана Қазақстандағы оң өзгерістер мен жаңарулардың айнасы екендігін айта келіп, онда жұмыс істеуге және демалуға барлық жағдай жасалған деп сөзін аяқтады.
Жақсыбай САМРАТ.