Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысының күн тәртібінде 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке қатысты заңдық құжаттар қаралып, қорытынды әзірлеу уақыты белгіленді.
“2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасы, Ұлттық қордан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдық құжаттар айналымға алынды. Сол сияқты “Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы” және соған жапсарлас Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты бекіту заң жобалары қолдау тауып, қорытынды әзірленетін болып шешілді. Сондай-ақ отырыс барысында кезінде Мәжіліс депутаты болған, белгілі қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовқа Астанадағы бір көшенің аты берілуіне орай осындай шешім шығарған мәслихат депутаттарына ризашылық хатын жолдау туралы шешім қабылданды.
Депутаттық сауалдар әдеттегіше бір сағатқа созылды. Зағипа Балиева мемлекеттік қызмет көрсету саласында, әсіресе, жеке куәліктер мен паспорт беру орындарының жұмысын тексеру мақсатында партиялық комиссия құру қажеттігіне назар аудартты. Егер ондай комиссия құрылғандай болса, онда оның құрамына Парламент депутаттарын да енгізу керек, деп санайды З.Балиева.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі мүшкіл жағдайы Розақұл Халмұрадов сауалында өткір қойылды. Депутат кесенеге 1993-2002 жылдар аралығында түркиялық бір фирманың күрделі жөндеу жүргізгендігін тілге тиек ете келіп, тиісті құзіретті мекемелер тарапынан қабылданып алған нысанда гидроизоляция және бөлмелерінің вентиляция жүйелері бұзылғандығы анықталғандығын алға тартты. Соның салдарынан кесене қабырғалары сызданып, кірпіштері мүжіле бастаған. Егер жағдай осылайша қала берсе, онда кесененің үстіндегі үлкен күмбез бір күні құлауы да мүмкін екен. Қазіргі таңда “Қ.Ясауи кесенесін қорғау” қоғамдық бірлестігі және облыстық әкімшілік тарапынан құрылған комиссия сәулет өнерінің жауһарын сақтап қалуға кірісіп те кетіпті. Алайда депутат Үкімет тарапынан нендей іс-шаралар қолға алынарын білгісі келерін айтып, Премьердің атына сауал жолдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.