Талбесік
Ақтөбе өңірін жасыл желекке малынып тұр деуге келмейді. Соңғы жылдары “Жасыл ел” бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыруға, орман қорларын толықтыруға ерекше көңіл бөлініп, жасыл желекті аумақтар кеңейе түсті. Соның өзінде аумағы 30 062 900 гектарды алып жатқан облыста мемлекеттік орман қорының жері 199718 гектарды құрайды. Ал орманмен қамтылғаны 42899 гектар жер ғана.
Облыста жеті орман шаруашылығы бар. Бұлардың тал-дарағы сиректеу өңірде жасыл желекті аумақты кеңейтуге елеулі үлес қосып келе жатқаны сөзсіз. Біздің бүгінгі әңгіме арқауына айналдырғалы отырғанымыз көне Көкжардағы Ойыл орманы болмақ. Бұл орманды басында Көкжар жәрмеңкесіне сусып жетіп бару қаупі бар Барқын құмын тоқтату үшін орыстар қолдан отырғызды дегенді алға тартады білетіндер. Бұған қазақтың белгілі ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың “Астана орманы” деген мақаласындағы мына деректер де дәлел болады.
“Одан бері де кешегі Асанқайғы “Ойыл көздің жасы еді” деп еміреніп өткен Ойыл өзенін бойлап жүре қалсаңыз, қарасаң көзің талатын жылмиып жатқан жазық даланың қақ ортасында ойламаған жерден оазиске тап боласыз. Бұл – ұзындығы жиырма бес, ені үш шақырымдай келетін Ойыл орманы. Адам таңғаларлық жәйт. Айдала. Жақын маңда бұлағы орғылаған тау-тас түгіл, қырқа-қыраты жоқ. Анда-санда қанаттыдан қарға мен ала қанат сауысқан ғана ұшады. Кенет көздің жауын алатын көгілдір әлемге еніп кетесіз. Аспан тепкен зәулім қарағайлар ыспа шағыл арасында жамбастап ұйықтап жатып кенет түрегелген ертегінің алып батырлары секілді. Ақ қайыңдар аралы аспаннан түскендей әсер етеді. Орыс отарлаушылары Ойылда қала салып, Көкжар жәрмеңкесін ұйымдастырғанда біздің далаға мәңгі бекінуді көздегені хақ. Соның бір дәлелі – осы орман” деп жазады.
“Ойыл орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Мусиннің айтуынша, оның жиегінде орналасқан ауылдың Екпетал аталуы да сондықтан болса керек. Ойыл ауданының жері жартылай шөлейт аймаққа жатады. Қырында киік жортқан сайын далаға сән беріп тұрған осы орманды ойылдықтардың “шағын Швейцарияға” балайтыны да рас. Ойыл орман шаруашылығына 23754 гектар орман қоры жері қарайды. Оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі де қомақты. Ақтөбе облысы бойынша тек қана Ойыл орман шаруашылығы мекемесі дербес ауыл болып отырғаны да шындық. Шаруашылық орталығы – Екпетал ауылында әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан деуге болады. Орталау мектеп, балабақша бар, кітапхана, ФАП жұмыс істейді. Төрт телеарна көрсетеді, телефон байланысы үйді-үйге барып, ұялы телефоның алып тұр.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Темір далалық орман шаруашылығы бөлімшесінен іріленіп, өз алдына Ойыл орман шаруашылығы болып құрылған қазіргі мемлекеттік мекемеде орманшы, 35 жұмысшы еңбек етеді, 20 адам маусымдық жұмысқа тартылады. Елуге тарта түтін тоғысқан ауылда шаңырағынан бір адам жұмыс істемейтін үйді кездестірмейсіз. Серік Мусиннің “Ойыл орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесінің тізгінін ұстағанына көп болмаса да, өз ісін жетік білетін басшы екен. Осы жердің азаматы болғандықтан, шаруашылықтың тыныс-тіршілігінен жақсы таныс екенін аңғартты. Оның да себебі бар, ата-анасы осында істеген, орманшылар әулетінен болып шықты. Жұмыстың басы-қасында жүрген орман шебері Ерлан Мұхамбетәлин мен инженер-механик Қылыш Жантелиннің білікті мамандар екені көрініп тұр.
Шаруашылықта бір шынжыр табанды, бес”Беларусь” тракторы екі жеңіл көлік, екі жүк мәшинесі, бір автобус бар. Көбі ескі болғандықтан, ұдайы жөндеуді қажет етеді. Осы техникалармен өрттен қорғау, қураған ағаштарды кесіп-бұтау, басқа да түрлі науқандық жұмыстарын атқарады. Мұнда ағаш көшеттерін өсіретін 7 гектар екі питомник бар. Көшет те жас сәби сияқты, көп күтімді қажет етеді. Болашақта тамшылатып суару технологиясын енгізу көзделуде. Сол кезде көшет өсіруге кететін шығын анағұрлым азаяды. Бұл да табыс көзі. Көшеттерді көршілес аудандарға өткізеді. Көршілес Атыраудан келіп алып тұрады екен. Былтыр ақылы қызмет көрсетуден 4, 5 млн. теңге табыс тауыпты. Анабір жылдары орманды қорудан басқа қосалқы шаруасы құлдыраған шаруашылық бүгін облыста алдыңғы қатарда. Оған қазіргі экономикалық көрсеткіші куә. Шаруашылықтың негізгі табыс көзі ағаш көшеттерін сату болғанымен, ауылдың шаруасы үшін қажеттің бәрі де осынан табылады. Сұраныс болса, шарбақ та тоқиды, кетпен-күрек саптарын да жасайды.
Орман қорын толықтыру мақсатында жыл сайын 75 гектарға ағаш көшеттері егіледі. Бұл шаруа биыл да жалғасуда. Көшпелі құмды тоқтату үшін бұдан екі-үш жыл бұрын Сарбие, Көптоғай ауылдарының әрқайсысының маңына 100 гектар, Ойыл селосының іргесіндегі көпірдің жанынан 5 гектар жерге әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылған екен. Қазір олар бой түзеп қалыпты. Көршілес аудандарға, аудан орталығындағы мекемелерге биылдың өзінде “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша біраз ағаш көшеттері өткізілген. Мекемеге қарайтын Саралжын орманшылығында да орман қорын толықтыру мақсатында көп шаруа жасалуда. Үстіміздегі жылы “Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” акциясына қатысқан 14 оқушы ауыл көшелерін тазаласа, “Жасыл ел” жасағының 50 мүшесі орманды санитарлық тазалау жұмыстарына атсалысты, ағаштарды күтіп-баптаудың басқа да шаруаларын атқаруда.
Айтпақшы, мұнда бұрынғы алмасының дәмі тіл үйіретін Ойылдың алма бағы қайта қолға алынып, он гектарға үш мыңға жуық түп алма ағаштарының көшеттері отырғызылыпты. Көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарының арқасында шығымдары жақсы дейді. Мезгілінде суару, сирету, өсімдік зиянкестеріне қарсы улау сияқты қыруар шаруасы бар. Дегенмен, шаруашылық жұмысшылары бәріне де дер кезінде үлгеріп жүр. Кезінде “Экологиялық таза ауыл” байқауы бойынша елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстарын жақсы ұйымдастырғаны үшін марапатталған ауылда бұл үрдіс биыл да лайықты жалғасын тауыпты. Ауыл көшелері тап-таза, ағаштардың түптері әктелген. Ауылдағы тұрғын үйлер мен мекемелер тәртіпке келтірілген, көлденең жатқан ештеңе көрінбейді. Шағын ауылдың мұндай болуына шаруашылық та көмек қолын созып келеді. Сондықтан, екпеталдықтар қандай қиын кезде үдере көшкен жоқ. Отыны дайын, малын өсіріп, жұмысын жасап, тұрмысын түзеп аудан орталығына таяқ тастам жерде тұрып жатыр. Орман шапағаты тиген ауылдың ынтымағы мен бірлігі мықты.
Шаруашылық шағын ауылдағы барлық шараның тұрақты бас демеушісі болып жүр. Жыл сайын орманға жүргізілетін санитарлық тазалық кезінде жиналған отын ауданның соғыс және еңбек ардагерлері мен мүгедектеріне жеңілдетілген бағамен берілсе, ауданда өтетін қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Ауылдағы орталау мектептің де мереке кезінде иек артатын мекемесі осы. Сондай-ақ, мереке каникул сайын ауылдағы “УАЗ” көлігі арнайы жіберіліп, Ақтөбеде оқитын студенттерді тегін алып келу дәстүрге айналған.
Мемлекеттік мекеменің директоры Серік Мусин Ойыл орманында теректің түрлері, қарағайдың, қандыағаштың, жуса ағашының, үйеңкінің, қайыңның өсетінін айта келіп, мұнда туристерді тартудың мүмкіндігі мол екенін де тілге тиек етті. Қарағайдың табиғи тамыр тартып отырғаны қуантты. Оның айтуынша, осы ағаштың тұқымы жерге түскен соң соңғы жылдары қоры молайған құм астындағы тұщы судан ылғал тартып, бой түзеп кететіні шыны керек, бұрын-соңды біз естімеген жаңалық болды. Мұнда қасқыр, қарсақ, түлкі, қоян сияқты аңдар мен өсімдіктің алуан түрлері кездеседі. Барқынның қалың құмының ортасындағы Қызылқарасудың табанын балдырдан тазартып, кәдеге асыруға болатынын да есімізге салды. Демалатын орындар салынып, сервистік қызмет көрсету түзеліп жатса, жол қатынасы жақсарған тарихи өңір Ойылдың өзіндік ерекшелігі бар табиғатының аясында болу үшін, аңын, құсын, балығын аулау үшін туристер келуі де мүмкін ғой. Кеңестік кезеңде арып-ашып Орынбордан, Орскіден Ойыл өзеніне балық аулау үшін келіп жүрген орыстарды көргенбіз. Әрине, бұл жергілікті билік пен қалталы кәсіпкерлердің жадында болар болашақтың еншісіндегі шаруа дер едік. Дегенмен, мұндай игілікті істің ойда жүргені жақсы, әрине. Біз көрген Ойыл орманының қазіргі жағдайы осындай.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы. Ойыл ауданы.