11 Қыркүйек, 2010

Астаналық меймандарға алғыс

579 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Ақтөбе қаласындағы “Дәстүр” үйінде “Диалог Еуразия” платформасы ораза ұстап жүргендер мен облыстағы белгілі ақсақалдарға, зиялы қауым және этно-мәдени бірлестіктердің өкілдеріне ауызашар берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, “Нұр Ғасыр” мешітінің бас имамы Бауыржан Ес­махан Құран оқып, ауызшар бастал­ғаннан кейін Сенат депутаты, фи­лософия ғылымдарының докторы, “Диалог Еуразия” платформасының комитет басшысы Ғарифолла Есім мен “Диалог Еуразия” қоғамдық қо­рының президенті Салих Акчай сөз алып, платформа туралы, оның мақсаты мен мәні туралы кең түсінік берді. Олардың айтуынша, Амери­ка­да тұратын дінтанушы ғұлама Фет­хулла Гүленнің бастамасымен құ­рыл­ған бұл платформа қазірдің өз­ін­де әлемнің 16 елінде жұмыс іс­тей­тін көрінеді. Дүние жүзіндегі қай­шы­лықтарды мәдениеттердің тіл та­бысуы және ұлттардың өзара түсіністігі арқылы шешуді ұстанып отырған платформаның біздің елі­міздегі ұйымын Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Нұрлан Ора­залин басқарса, Ақтөбедегі филиал­дың төрағасы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының рек­торы, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев. Бұған дейін аталмыш платформа Астана мен Алматыда ауызашар беріп келіпті. Биыл олардың қатарына Қарағанды мен Ақтөбе қалалары қо­сылған. Ауызашарда сөз алған об­лыс­тық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин платформа жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін педагогика ғылымдарының кандидаты Ниетжан Беріков, фи­лософия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, “Шам­­шырақ-Ақтөбе” ЖШС-нің ди­ректоры, ақын Мейірхан Ақдәулетов платформа туралы орамды ойларын ортаға салды.“Диалог Еуразия” плат­формасы облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Нұрышев ауыз­ашарға жиналғандарға алғысын айтып, астаналық қонақтардың иығына шапан жапты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * КӨРМЕ ӨТКІЗУ МҮМКІНДІКТЕРІ 6-9 қыркүйек аралығында Ха­лықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы В.Лоссерталес, атал­ған көрмелер бойынша үй­­лес­ті­руші А.Ангель және ело­р­­дамызда “ЭКС­ПО-2017” халық­ара­лық ма­манданды­рыл­ған көрме өткізу жөніндегі өті­німді алға бас­тыру бойынша қа­зақ­стандық та­раптың бас консуль­тан­ты Х.Кор­­реаспен бірге іссапармен Ас­танада болды. Ал аталған көр­­мелер бюро­сы­ның Бас хат­шысы БАҚ өкілде­рімен брифинг өткізді. Халықаралық көрмелер бю­ро­сы­ның бас хатшысы В.Лоссер­та­лес­тің іссапарының мақсаты – Қазақстан басшылығының Ас­та­на қаласында “ЭКСПО-2017” көр­ме­сін өткізу жөніндегі өті­нім­ді алға бастырту ниетінің бе­рік­тігіне көз жет­кізу, сол сияқты, өтінімдер ба­за­­сының құрылуы және “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізуге бірқатар бас­қа да мемле­кеттерден өтінімдер­дің түсуіне байланысты еліміз басшылы­ғы­мен “ЭКСПО-2017”-ні өткізу идеясын жүзеге асыру жө­ніндегі қазақстандық жоспарларға қа­тысты мәселелерді талқылау. Бас хатшының айтуы бойын­ша, оның Елбасымен кездесуі Қазақ­станның аталған шараны Астанада өткізуге деген берік ниетіне көз жет­кізуге мүмкіндік берсе, Эконо­микалық даму және сауда министрі Ж.Айтжановамен кездесуде көрмені өткізудің эко­номикалық тиімділі­гі­ талқы­ланған. Сондай-ақ Ту­ризм және спорт министрі Т.Дос­мұ­хамбе­тов­пен әңгімеде Астана қа­ласына туристерді тарту мүмкіндігі қа­рас­тырылса, елорда әкімі И.Тас­ма­ғамбетов бас хатшыны экспо­ор­­та­­лық орналасуға тиіс аумақ­пен та­ныс­тырған. Сыртқы істер ми­нистр­лігінде жауапты хатшы Р.Жо­шы­баев­пен кездесу бары­сын­да аталған ша­раны Қазақ­станның шетел­дер­де­гі дипло­матиялық өкіл­діктері ар­қылы қолдау қажеттілігі атап өтіліп, Ин­дус­трия және жаңа техно­ло­гиялар ви­це-министрі Д.Тұрға­нов­пен “ЭКС­­ПО-2017” тақыры­бы талқыланған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.