11 Қыркүйек, 2010

“Бейбіт миссия” жалауын көтерді­

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда “Бейбіт миссия – 2010” террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуы шеңберінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштері Бас штабтары бастықтарының қатысуымен әскери-саяси кеңес өтті. Кеңес барысында Шанхай ын­тымақтастық ұйымына мүше мем­лекеттердің әскерлерін шартты да­ғ­дарыс жағдайын реттеуге пайдалану туралы ұсыныстар қарастырылып, жан-жақты пысықталды. Әскери-саяси кеңеске қатысу­шы­лар халықаралық және аймақтық жағ­дайға, ШЫҰ қорғаныс қауіп­сіз­дігі са­ласындағы ынтымақтастық пен басқа да ортақ мүддедегі бірнеше мәсел­е­­лерге кеңінен тоқталды. “Бей­біт мис­сия-2010” оқу-жаттығуы­ның жетекші­сі генерал-майор Мұрат Май­кеев әс­ке­ри-саяси кеңеске қа­тысу­шылардың назарына оқу-жаттығудың мақсаты мен маңызын, сондай-ақ шартты әскери-саяси жағдайды жеткізді. Кеңес қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштері Бас штабтарының бастықтары бірлескен жедел директива әзірлеп, оған қол қойды. Қазіргі уақытта Қазақстан Қа­ру­лы Күштері Құрлық әскерлерінің “Мә­тібұлақ” полигонына “Бейбіт мис­сия-2010” оқу-жаттығуына қа­ты­су үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанның әс­кери бөлім­ше­лері шоғырланд­ыры­лып жатыр. – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер түгелге дерлік қатысатын осындай үлкен деңгейдегі жаттығу ұйым тари­хындағы сөзсіз маңызды оқиға деуге тұрарлық, – деп атап өтті ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комите­тінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. – Бұл жаттығулар әлем­дік қауымдастыққа ШЫҰ-ның ай­мақтағы тұрақтылық пен қауіпсіз­дікті қамта­масыз етуге қауқарлы және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұрарлық тапсырмаларды өз бетінше шешуге қабілетті екенін көрсете білуі керек. Қазақстан 2010 жылғы маусым айы­нан бастап Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына төрағалық етуді қолға алды. Осындай жауапты лауазымда отырып, ұйымға мүше мемлекеттер­дің қатысуы­мен “Бейбіт миссия- 2010” оқу-жаттығуын өткізу біздің ел үшін үлкен мәртебе. Биылғы жаттығуға үш мыңнан астам әскери қызметші қатыстыры­лады. Сонымен қатар, үш жүздің үстінде әскери техника, елуден астам ұшақтар мен тікұшақтар тартылған. Террорға қарсы халықаралық жат­тығуға дайындық пен оны өт­кі­зуге ҚР Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің, ІІМ Ішкі әскерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері де қатыстырылатын болады. Жаттығу бағдарламасына сәйкес әскерлер жедел тапсырманы алған сәттен бастап террорға қарсы бірлескен операцияларға дайындық пен оны өткізуге кіріседі. Жаттығуға әзірлік барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің бөлімшелері бірнеше бірлескен дайындықтар өткізеді. Жаттығудың шешуші кезеңі 2010 жылғы 24 қыркүйекке жоспарланған. Жаттығуларды бақылау үшін “Мә­тібұлақ” полигонына ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министр­лері, сондай-ақ Әзірбайжан мен Украина қорғаныс ведомствола­ры­ның басшылары келеді. Оңтүстік астанада өткен әскери-саяси кеңестен соң ұйым Қарулы Күштері Бас штабтарының бастық­тары “Мәтібұлақ” полигонына ұш­ып келді. Бұл жерде жоғары лауа­зымды меймандарға жаттығу же­текшісі, Құрлық әскерлерінің бас қолбас­шы­сы генерал-майор Мұрат Майкеев орын алған шартты жағ­дай­ды баян­дап, аймақтағы коа­ли­циялық күш­тердің орналасуын жет­кіз­ді. Сон­дай-ақ, бас штаб бас­тық­тарын бі­ріккен күштердің операция­ларды ор­ындау барысында бірлесе қимылдау жос­пар­ларымен таныстырды. Мұхарбек МАХАМБЕТ, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.