Кеше Алматыда “Бейбіт миссия – 2010” террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуы шеңберінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштері Бас штабтары бастықтарының қатысуымен әскери-саяси кеңес өтті.
Кеңес барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әскерлерін шартты дағдарыс жағдайын реттеуге пайдалану туралы ұсыныстар қарастырылып, жан-жақты пысықталды.
Әскери-саяси кеңеске қатысушылар халықаралық және аймақтық жағдайға, ШЫҰ қорғаныс қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық пен басқа да ортақ мүддедегі бірнеше мәселелерге кеңінен тоқталды. “Бейбіт миссия-2010” оқу-жаттығуының жетекшісі генерал-майор Мұрат Майкеев әскери-саяси кеңеске қатысушылардың назарына оқу-жаттығудың мақсаты мен маңызын, сондай-ақ шартты әскери-саяси жағдайды жеткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштері Бас штабтарының бастықтары бірлескен жедел директива әзірлеп, оған қол қойды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің “Мәтібұлақ” полигонына “Бейбіт миссия-2010” оқу-жаттығуына қатысу үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімшелері шоғырландырылып жатыр.
– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер түгелге дерлік қатысатын осындай үлкен деңгейдегі жаттығу ұйым тарихындағы сөзсіз маңызды оқиға деуге тұрарлық, – деп атап өтті ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. – Бұл жаттығулар әлемдік қауымдастыққа ШЫҰ-ның аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұрарлық тапсырмаларды өз бетінше шешуге қабілетті екенін көрсете білуі керек.
Қазақстан 2010 жылғы маусым айынан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді қолға алды. Осындай жауапты лауазымда отырып, ұйымға мүше мемлекеттердің қатысуымен “Бейбіт миссия- 2010” оқу-жаттығуын өткізу біздің ел үшін үлкен мәртебе.
Биылғы жаттығуға үш мыңнан астам әскери қызметші қатыстырылады. Сонымен қатар, үш жүздің үстінде әскери техника, елуден астам ұшақтар мен тікұшақтар тартылған.
Террорға қарсы халықаралық жаттығуға дайындық пен оны өткізуге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ІІМ Ішкі әскерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері де қатыстырылатын болады. Жаттығу бағдарламасына сәйкес әскерлер жедел тапсырманы алған сәттен бастап террорға қарсы бірлескен операцияларға дайындық пен оны өткізуге кіріседі.
Жаттығуға әзірлік барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің бөлімшелері бірнеше бірлескен дайындықтар өткізеді. Жаттығудың шешуші кезеңі 2010 жылғы 24 қыркүйекке жоспарланған. Жаттығуларды бақылау үшін “Мәтібұлақ” полигонына ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері, сондай-ақ Әзірбайжан мен Украина қорғаныс ведомстволарының басшылары келеді.
Оңтүстік астанада өткен әскери-саяси кеңестен соң ұйым Қарулы Күштері Бас штабтарының бастықтары “Мәтібұлақ” полигонына ұшып келді. Бұл жерде жоғары лауазымды меймандарға жаттығу жетекшісі, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Майкеев орын алған шартты жағдайды баяндап, аймақтағы коалициялық күштердің орналасуын жеткізді. Сондай-ақ, бас штаб бастықтарын біріккен күштердің операцияларды орындау барысында бірлесе қимылдау жоспарларымен таныстырды.
Мұхарбек МАХАМБЕТ, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.