11 Қыркүйек, 2010

Алғашқы айналым аяқталды

450 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бокс Жақында осыдан екі ай бұрын басталған Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолында өткен 1/8 финалдық жекпе-жектер аяқталды. Қостанай қаласында осы айналымның соңғы кездесуі өткен айқаста жергілікті боксшылар Солтүстік Қазақстан командасын 8:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесуде қостанайлық 75 кг. салмақтағы Ан­тон Пинчук пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко жек­пе-жектерін уақытынан бұрын аяқтады. Алғаш­қысы Нұрсұлтан Бәшімовті шаршы алаңда еш мүмкін­дік бермей ұтса, Дычко Мехруз Әлиевті 5:0 есебімен әдемі жеңді. Ал Пинчук қарсыласынан екі соққы жіберіп алып, 10:2 есебімен ұтты. Мұның алдында және одан кейін болған айқастар да тартысты өтті. Мысалы, ең жеңіл 49 кг. салмақта күш сынасқан Дамир Жақыпов (Солтүстік Қазақстан облысы) пен Данияр Алпысбаев бір-біріне соққыларын аямай айқас­ты. Соның нәтижесінде алғашқысы 17:11 есебімен жең­се, одан кейінгі 52 кг. салмақтағы кездесуде қоста­найлық Евгений Гусевтің мысы қарсыласынан басым тұрды. Ол осы салмақта шаршы алаңда енді ғана танылып жүрген Әнуарбек Байжановты өзіне бір соққы жасатпай 10:0 есебімен ұтты. Бұдан кейін қостанайлық Закир Сафиуллин мен Герман Окуневтің (56 кг.) ара­сындағы кездесуде есеп 7:0 болып тіркелді. Қысқасы, осы айқастарда қостанайлық команда 8 рет қарсыласын жерге қаратса, солтүстіктегі көршілес­терінің тек екі жекпе-жекте ғана мерейі үстем болды. Оның біріншісі, жоғарыда айтқанымыздай, 49 кг. сал­мақта болса, екіншісі, 64 кг. салмақтағы Ерлан Сма­ғұлов Мір­болат Көпжасаровты 8:4 есебімен ұтқан кездесуде тір­кел­ді. Ал осы күнгі шаршы алаңда ең көп соққы жа­сал­­ған айқас Иван Захаренко (Солтүстік Қазақстан об­лы­сы) мен Нұрлан Нұрсейітовтің ара­сында өтті. Мұнда кездесу 26:3 есебімен соңғысының пайдасына шешілді. Бұл күні қостанайлықтар қатарындағы Спартак Бақтияров (91 кг.), Ұлықбек Ғиязов (75 кг.) қарсы­ластарынан басым түсті. Дегенмен Солтүстік Қазақстан боксшыларының көбісінің жеңілгендеріне қарап, олардың шеберліктері төмен болды деп айта алмаймыз. Мұнда өз салмақтарында Жалғас Тортылов (69 кг.), Игорь Шанин (91 кг.) сынды былғары қолғап иелері барын салып күш сынасты. Енді 1/8 финалда жеңген облыстардың коман­далары ширек финалда өзара кездеседі. Бұл жекпе-жектердің басы 18 қыркүйек күні Маңғыстау мен Атырау облыс­тары арасында басталады. Одан кейін 2 қазан күні шар­шы алаңға Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облы­сы­ның өрендері көтеріледі. Ал Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары арасын­дағы айқас 16 қазан күні өтсе, одан соң 30 қазанда Қарағанды мен Қостанай өңір­­лерінің командалары қолғап түйістіреді. Бұл бәсеке­де жеңіске жеткендері жартылай финалға шығады. Ал 13 және 27 қараша күндері өтетін осы айна­лымда ұтқан командалар 16 желтоқсан күні Қазақ­стан Бокс федера­циясының кубогы үшін финалдық кездесу өткізеді. * * *

БҰРЫМДЫЛАР БАРБАДОСТА БАС ҚОСТЫ

Барбадоста бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтуде. Бұрымдылар бәсекесіне Вадим Присяжнюк жат­тық­тыратын Қазақстан құрамасының бойжеткендері де бақ сынасуда. Оған құрама сапында Назгүл Боранбаева (48 кг.), Әйгерім Асқарова (51 кг.), Оксана Королева (54 кг.), Дина Жоламан (57 кг.), Гүлжан Үбниязова, Саида Ха­сенова (екеуі де 64 кг. ), Мөлдір Базарбаева (69 кг.), Да­­ри­ға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) және аса ауыр салмақтағы Жұлдыз Маматқұлова қатысуда. Естеріңізге сала кетсек, осылардың ішінде 2006 жылы өткен әлем чемпионатында Назгүл Боранбаева қола жүлдені жеңіп алса, екі жылдан кейін оның жетіс­тігін Елена Кольцова қайталады. Ал биылғы Азия чем­пионатында қыздарымыз Солтүстік Корея, Үндістан, Тайпей, Қытай, Вьетнам сияқты елдердің алдын орап, чемпион атанған болатын. Барбадостағы бәсеке 18 қыркүйек күні аяқталады. * * * Күрес

ӘЗІРШЕ ҚОРЖЫНДА ЕКІ ҚОЛА

Осы күндері Мәскеу төрінде күрестің үш түрінен әлем чемпионаты өтуде. Оған қатысып жатқан грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына әзірше екі қола түсіп отыр. Алғашқы қола­ны боз кілемге бірінші болып шыққан 60 кг. салмақтағы Алмат Кебісбаев жеңіп алса, одан кейін оның жетістігін аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев қай­талады. Осы белдесулерде Нұрмахан Италия мен Израиль балуан­дарын оңай ұтып, ширек финалда Афина Олимпиа­дасының чемпионы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Хасан Бароевті 3:1 есебімен жеңгеннен кейін 2008 жылғы Олим­пиада чемпионы кубалық Лопес Нуньестен айла­­сын асыра алмады. Дегенмен қола жүлде үшін күресте чехиялық Марек Свечті ұтты. Ал Алмат болса бол­гариялық Иво Ангеловтен басым түсті. Басқа кезде­сулерде 96 кг. салмақтағы Әсет Мәмбетов екі кездесу өткізіп, оның біріншісінде иорда­ниялық балуанды жең­се, екін­шісінде Олимпиада чемпионы ресейлік Асланбек Хуситов­тен ұтылып қалды. Тағы бір үміт артқан балуаны­­мыз 66 кг. салмақтағы Дархан Баяхметов те бірін­ші бел­десуінде жеңіп, екіншісінде жеңілуге мәжбүр болды. Ал 84 кг. салмақта күрескен Алзахур Өздиев 1/8 финалда кубалық балуанды жеңгенімен ширек финалда түрік қарсыласынан айласын асыра алмады. Дастан КЕНЖАЛИН.