Еліміздің, қала берді облыстың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын ұстаздар еңбегі екені сөзсіз. Білімді ұрпақ қана ел экономикасы мен мәдениетінің, әлеуметтік саласының өркендеуін қамтамасыз ете алатынын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы айтып келеді. Ал осы міндетті назарда ұстап келе жатқан облыс әкімі Елеусін Сағындықов ұстаздарға әлеуметтік жағдай туғызуға көңіл бөлуде. Облыс әкімі мұғалімдер мәртебесін көтерудің, қолдаудың үлгісін көрсетіп отыр десек, артық айтқандық болмас. Өңір басшысының тікелей ұйытқы болуымен соңғы жылдары үздік ұстаздарды қаржылай қолдау жүзеге асырылуда.
Жақында білім беру ұйымдарының, арнаулы оқу орындарының беделін, мұғалім мәртебесін арттыруға ықпал ету және педагогикалық ұжымдар мен ұстаздардың кәсіби біліктілігін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған “Білім жетістіктері” облыстық марафон-байқауының қорытындысы шығарылды. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген арнайы баспасөз мәслихатында кеңірек таныстырды.
Үстіміздегі жылы облыстың үздік білім ұйымдары мен ұстаздарын марапаттау үшін 135,0 млн. теңге бөлініпті. Марафон-байқауға қатысқан 2286 мұғалімнің 916-сы жеңімпаз атанды. Облыс әкімінің 120 мың теңге көлеміндегі грантына 507 мұғалім, 110 класс жетекшісі, 94 мектепке дейінгі балалар мекемесінің тәрбиешілері, 60 қосымша білім беру мұғалімдері, 83 колледждер мен лицейлер мүғалімдері, 25 өндірістік шеберлер және 37 коррекциялық білім беру саласының мұғалімдері ие болды. Сондай-ақ, 34 білім беру мекемесіне 500 мың теңгеден 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.