Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сигэо Нацуиді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Төраға екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы табысты еңбегіне байланысты С.Нацуиге ризашылық білдіріп, бұдан былайғы қызметінде табысты болуға тілектестігін білдірді.
Қазақстан-Жапония қатынастарының қазіргі белсенділігін атап өте келіп, Қ.Тоқаев парламентаралық ынтымақтастықты өрістетудің маңыздылығына тоқталды.
Сенатта Жапония Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топ жұмыс істейді, екі елдің жоғары өкілетті органдары арасындағы байланыстар Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы бойынша табысты жүзеге асып келеді.
“Қазақстан үшін Жапония саяси және экономикалық саладағы өзара қарым-қатынастар көлемі жыл сайын артып келе жатқан ел болып табылады. Саяси орталар ғана емес, Қазақстанның қалың жұртшылығының да дос елге деген ықыласы артып келеді”, – деді Төраға.
Қ.Тоқаев 29 тамызды Бейбітшілік жолында ядролық қарудан арылудың дүниежүзілік күні ретінде жариялау туралы Президент Н.Назарбаевтың бастамасын қолдағаны үшін Жапония басшылығына ризашылық білдірді.
С.Нацуи өз кезегінде Жапония ядролық қарусыздану және қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның саясатын жоғары бағалайтынын атап өтті. Елші С.Нацуи Қазақстан халқына игілік және өркендеуіне тілектестігін білдірді, осында бола жүріп, өзіне жаңа әлем және келешектің елін ашқанын айтты.