Сарғайған тарих парақтарына жүгінер болсақ, Қазақ елінің ертеңі үшін толарсақтан саз кешіп, кеуделерін оқ пен найзаға төсеген небір айтулы тұлғалар болған. Соның бірі де бірегейі – “Тұран жолбарысы” атанып, ұлт рухын асқақтата көтеріп, қазақ тарихына есімі алтын әріппен жазылып қалған Жалаңтөс баһадүр бабамыз.
Сонау 1990-жылдары Жалаңтөс баһадүр жайында алқалы жиындарда айтыла бастаса, Елбасы 2001 жылы арнайы тапсырма беріп, Үкіметтің бір емес, екі қаулысы шығады. Сол жылы Жалаңтөс баһадүрдің 425 жылдығы мен еліміз тәуелсіздігінің 10 жылдығы тұспа-тұс келіп, Қызылордада республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Оған Манаш Қозыбаев бастаған белгілі ғалымдар қатысып, батыр бабамыз жайлы нақты деректерді көпшілік назарына салады. Сол конференцияда атақты академиктің: “Жалаңтөс баһадүрсіз қазақ халқының тарихы болмайды”, дегені тектен-тек болмаса керек. Қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі тарихының айбары да, айдары да осы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы десек, артық айтқандығымыз болмас.
Иә, күні кеше, яғни отыз күн оразадан кейінгі айт мерекесінің алғашқы күні Сыр елі Жалаңтөс баһадүр рухын ұлықтап, Тұранның даңқты перзентін тұғырға қондырды. Сөз орайы келгенде Жалаңтөстің өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасасақ, артық етпес. 1595 жылы Абдулла ханның құзырымен Бағдат қаласындағы Даналық үйі мектебінің тыңдаушысы болып қабылданған Жалаңтөс ғылым-білімге, соғыс өнеріне ден қойған көзі ашық, көкірегі ояу атпал азамат болып өседі. Ал 1604 жылы Жалаңтөс Бұхар хандығының бас қолбасшысы болып тағайындалады.
1611-1642 жылдары Қазақ еліне сыртқы жаулар шапқыншылық жасай бастады. Жалаңтөс 50 мың жауынгерін қарулармен қамтамасыз етіп, қан майданға аттанады. Осы соғыстарда Жалаңтөс 42 рет жекпе-жекте жеңіске жетіп, қаһарман қолбасшы ретінде есімі Орта Азия мен Еуропа елдеріне тарайды.
Жалаңтөстің атағын әлемге әйгілі еткен аса ірі жеңісі оның егде тартқан жылдарының үлесіне тиеді. 1643 жылы Жетісу өңіріне жоңғар қалмақтары лап қояды. Салқам Жәңгірге Жалаңтөс баһадүр 20 мың жауынгерімен көмекке келіп, күші бірнеше есе басым жоңғар қалмақтарын ойсырата жеңіп, Жетісу жеріне тыныштық орнатады.
Жалаңтөс баһадүр мемлекетті басқарумен, соғыс өнерін өркендетумен ғана айналысып қоймай, сәулет өнеріне, оқу-білімге де ерекше назар аударған. Бабамыздың артында қалдырған өшпес мұрасы – Самарқан шаһарындағы ғажайып ғимараттар. Ол Самарқанды қайта құру жұмысын Орталық Регистан алаңын қалпына келтіруден бастаған. Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресенің қарсы алдынан Шер-Дор (Арыстан қақпа) медресесінің алғашқы кірпішін 1620 жылы қалаттырған Жалаңтөс құрылысты 1636 жылы тәмамдайды. Оның бастамасымен “Тілла-Қари” медресесі де салынған. Сөйтіп, Регистан алаңындағы құрылыстарды толық аяқтап, оны үлкен бір ансамбльге айналдырады. Бұл ансамбль – бүгінде әлем жұртшылығын қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің інжу-маржаны.
Ұлы бабамызды ұлықтауды мұрат тұтқан сырбойылықтар дүйім түркі әлеміне аты әйгілі қолбасшыға ескерткіш қойып, еліміздің перзентін тағы да паш етті. Жалпы құрылысқа 58,7 млн. теңге қаржы бөлініп, еңселі кешен 2 гектар аумақты алып жатыр. Сәулет туындысының бейнесі биіктігі 11,5 метрді құрайды. Тас тұғырдағы арғымақ мінген батыр бейнесіне қоса, қос қанатына қабырға орнатылып, демалыс орындары мен жасыл алаңдар жасақталған.
Сыр елінде Тұранның даңқты перзентінің тұғырға қонуы ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген дүйім жұртшылықтың көңіл күйін тасытып, батыр бабаға деген шексіз құрметтерін еселей түсті.
Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы сөзді облыс әкімі Болатбек Қуандықов алды. Ол өз сөзінде Елбасымыздың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының қазақтың ұлт болып ұйысуына қызмет еткен тарлан тұлғаларды тірілткенін ерекше атап өтті.
Мұнан соң сырбойылықтарға деген шексіз ризашылық сезімін жеткізу лебізін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев жалғастырды. Ол өз сөзінде жаугершілік заманда ғұмыр кешіп, ерліктің теңдессіз ерен үлгісін көрсеткен бабаның қайраткерлігіне қатысты нақты деректер келтірді. Академик еліміздің тәуелсіздік алған аз уақытта ұлы жетістіктерге қол жеткізгенін тілге тиек етіп, ТМД елдері арасында ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне ие болғанын ерекше атап өтті. Жыл соңына қарай 55 мемлекеттің басшылары Астанада бас қосып, әлемдік мәселелерді талқыламақ. Бұл Қазақстанның мәртебесін асқақтата түсетін киелі жиын болмақ.
Салтанатты шараны сабақтаған “Жалаңтөс баһадүр” қоғамдық қорының төрағасы, еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев мәңгілік тұғырдың ұрпақ игілігіне айналуына үлес қосқан барша азаматтарға, еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандарға батыр жұрағаттары атынан жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сонымен, еңселі ескерткіштің көгілдір лентасы қиылып, жібек жамылғысы ашылды. Алып тұғырда ауыздығын шайнаған арғымаққа мініп, оң қолын көтеріп, елді ерлік пен бірлікке шақырған Жалаңтөс бейнесінен өр рухтың асқақтығы сезіледі. Қысқасы, баһадүр батырлар мен орақ тілді ақындардың ордасы – Сыр елінің сәулеті тың туындымен толықты.
Мерекелік шара Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында “Жалаңтөс баһадүр” деректі фильмінің көрсетілімімен, “Тұран топырағының даңқты перзенті – Жалаңтөс баһадүр” атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев бастаған ғалымдар, халық қалаулылары, ақын-жазушылар, ардагерлер, еліміздің басқа аймақтарынан келген меймандар, БАҚ өкілдері қатысты.
Ғылыми конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімі Болатбек Қуандықов кіріспе сөз алып, батыр бабамыздың тарихтағы алар орнын зерттеп, зерделеуге бағытталған конференция жұмысына сәттілігін жеткізді.
Республикалық ғылыми-танымдық конференцияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы “Қыпшақтану” орталығының директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков “Қазақстан тарихының проблемалары және Жалаңтөс батыр” деген тақырыпта баяндама жасады.
– Бүгін күллі Қазақ елі, қазақ жері үшін тарихи күн, – деп баяндамасын бастаған ол Жалаңтөстің тарихи тұлғасын ғылыми тұрғыдан сомдау, оның ғұмырындағы жұмбақ кезеңдерді ғылыми тұрғыдан әлі де айшықтау қажеттігін баса айтты.
Сөз кезегі “Ұлт-азаттық қозғалыс: қазіргі Қазақстан тарихнамасына жаңаша көзқарас” атты баяндама жасау үшін Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанға берілді.
Батыр бабамыздың өмірдерегіне жан-жақты тоқталған баяндамашы өзінің ұсыныс-пікірлерін де айта кетті. Ол алдағы уақытта араб, парсы, шағатай, қытай қолжазбаларын да жинақтап, зерттеу қажеттігін ескертті. Ал Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Өтеген Күмісбаев Жалаңтөс баһадүр бейнесінің поэзияда бейнеленуі жайлы айта келіп, батыр аты еліміздің өзге аймақтарында да айшықталса деген ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Конференцияда сондай-ақ Мадрид университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Смат Өтениязовтың “Жалаңтөс баһадүр өмір сүрген заманның проблемалары” атты баяндамасы тыңдалды. Зерттеу деректері бабамыздың батыр ғана емес, әрі шешен, әрі би, әрі сәулетші болғанын айғақтайды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Дүкенбай Досжан, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев сөз алып, әлі де тарих қойнауында қалған деректерді талмай іздестіру қажет екендіктерін айтты.
Баһадүр бабамыздың есімін ұлықтауға арналған шара Қызылорда қаласының орталық алаңында жалғасты. Ораза айт мерекесімен орайлас келген баһадүр тойында Сыр өнерпаздары сазды әуендерді асқақтата салып, жұртшылықтың көңіл-күйлерін көкке көтере шалқытты. Той мұнан соң ақындар айтысымен, спортшылар сайысымен сабақтасып, самалаларға шомылған қаланың түнгі аспаны отшашулармен көмкерілді.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.