11 Қыркүйек, 2010

Бұрынғы басымдықтар бүгінгі талаппен үйлеспейді

730 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) осыдан екі-ақ жыл бұрын іс жүзінде ыдыраудың алдында тұрған еді. Бірақ 2008 жылы Ресей Федерациясында, 2009 жылы Америка Құрама Штаттарында мемлекет басшыларының ауысуы ЕҚЫҰ-дағы жұмыс үдерісінің бұрынғыға қарағанда анағұрлым іскерлікпен жүруіне алып келді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық әр жыл сайын ауысып тұрады. 2010 жылдың басында құрамына Еуропадағы, Солтүстік Америкадағы және бұрынғы КСРО аумағында пайда болған мемлекеттер (оның ішінде Орталық Азия елдері де бар) кіретін Ұйымға Қазақстан төрағалық ете бастады. Осы арада соңғы жиырма жыл бедерінде ЕҚЫҰ-ға тек ЕО-ға немесе НАТО-ға мүше, болмаса кандидат мемлекеттер ғана жетекшілік етіп келгенін айта кеткен жөн. Қазақстан және 2010 жылдың сәуіріндегі Қырғызстандағы төңкеріс 2010 жылдың басында Қазақстан Үкіметі Президентке сол жылға арналған және үлкен мақсаттар қойылған өзінің бағдарламасын ұсынған болатын. Алайда, көп уақыт өтпей, көрші мемлекеттегі жанжалды реттеу мәселесі алдынан шықты. Сәуір айының басында Қырғызстанның бұрынғы басшылығы елдің солтүстігінде орналасқан мемлекет астанасы – Бішкек қаласынан қуылды. Оның барысында 80 адам опат болса, тағынан тайдырылған президент Құрманбек Бакиев азамат соғысы басталады деп қоқан-лоққы жасады. Осындай қиын жағдайда Қазақстан өзіне бітімгершілік рөлін алды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мем­лекет ретінде Қазақстан Қырғызстанның бұ­рын­ғы және жаңа үкіметтері арасында үнқаты­су орнатуға қол жеткізді. Бұл жерде Қазақстан өзінің іс-әрекетін ЕҚЫҰ-ның Венадағы орталық штаб-пәтерімен, БҰҰ-мен, ЕО-мен, Ресеймен, АҚШ-пен, Германиямен және өзге де мемлекеттермен үйлестіріп отырды. Қоры­тын­дысында тағынан тайдырылған президент өзінің алғашқы қанқасап пиғылынан бас тартып, Қазақстанның әскери авиациясының қатысуымен саяси баспана ұсынылған Бело­рус­сияға әкетілді. Мұндай күрделі жағдайда Қа­зақ­стан делдал рөлін табысты атқара алған бірден-бір мемлекет болды десек, қателес­пей­тініміз анық. Өйткені, Қазақстан Қырғызстан­мен шекаралас мемлекет қана емес, сондай-ақ осы елдегі аса ірі шетелдік инвестор да болып табылады. Сондықтан Астана Қырғызстанда тұ­рақтылық болғанына өте-мөте мүдделі және бұл елде өз әлеуетін одан әрі арттыруды қалайды. Қазақстан Ресеймен, ЕО елдерімен, сондай-ақ басқа да Еуропа мемлекеттерімен, АҚШ-пен және шығысында шектесетін Қытаймен өзара сенімге құрылған қарым-қатынас ұстанып келеді. Экономикалық қуаты жөнінен Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерден айтарлықтай озық тұрған Қазақстан Қырғызстанға көп кө­лемде гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін және оған әлеуеті жететінін айғақтады. Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Қыр­ғызстандағы осындай түбегейлі өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келуін бақытты кездей­соқтық деп те есептеген жөн шығар. Қырғызстандағы тұрақсыздық жалғасуда 2005 жылы Қырғызстанда күш көрсету арқылы алғашқы төңкеріс жасалған болатын. Ал үстіміздегі жылдың сәуірінде билік алмасуы мемлекеттің өз азаматтарының қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге қабілетсіз екенін тағы да көр­сетіп берді. Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер мұнымен тәмамдалған жоқ. Мамыр айының ортасында адам шығынына ұрындырған оқи­ғалар қайталанды. 10 маусымда елдің оңтүс­тігінде жүздеген, кейбір деректерге сүйенсек, 2000-дай адамның өмірін қиған қарулы қақ­тығыстар орын алды. 400 000 адам көрші Өз­бекстанға қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Гуманитарлық апат этностық жанжал сипа­тында көрініс берсе, онсыз да күрделі жағдай оны өз мақсаттарына пайдаланып қалуға ты­рыс­қан кейбір мүдделі топтардың іс-әрекетінен ушыға түсті. Бұл арада есірткі мафиясы да өз үлесін құр жібермеуге ұмтылып бақты. Есірткіні заңсыз өңдіру және контрабанда БҰҰ-ның деректері бойынша, көптеген жылдардан бері бүкіл дүние жүзінде өндірілетін героиннің шамамен 90 пайызы Ауғанстаннан тарайды. Ол көрші өңірлер арқылы Батыс Еуропаға, Солтүстік Америкаға және Ресейге жіберіледі. 2009 жылдың күзінде БҰҰ төмен­дегідей деректер жариялады. Соған сәйкес, жыл сайын Ауғанстанда өндірілген героинді қолданудан әлемде 100 000 адам көз жұматын болса, оның 10 000-ы тек НАТО елдерінің үле­сіне тиеді екен. Бұл сан батыс елдерінің 2001 жылы Ауғанстанда қазаға ұшыраған әскери­лерінен бірнеше есе асып түседі. Қырғызстан өз кезегінде есірткі контрабандасы үшін маңызды транзиттік мемлекет болып табылса, маусымдағы қақтығыстардың эпицентрі болған Ош қаласын есірткі контрабандасының аса маңызды өткізгіш бекеті деп есептеу керек. Қырғызстанда бүгінде тұрақтылық ұғымы атымен жоқ және де соңғы жылдары миллион­дармен саналатын есірткі саудасынан түсетін пайда мемлекеттік биліктің дәрменсіздігінде өзіндік орны бар фактор болып отыр. ЕҚЫҰ міндеті ЕҚЫҰ көп жылдардан бері дағдарыстарды шектеуде және шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өйткені, Ұйым болашақта да өзінің қызметін бақылаушы ретінде ғана жалғастыратын секілді. ЕҚЫҰ-ны ұйым ретінде бұл үшін жазғыруға да болмайды, оған іс жүзінде тетіктер жетіспейді. Жаңасын құруға немесе қолда барды жетілдіруге бола ма? Қырғызстандағы қасірет тағы да қайталанып, бүкіл Орталық Азияны жаңадан дүр сілкіндіріп жүрмей ме? Бұл есірткі контрабандасының ағынын ұлғайтуға жеткілікті себеп болып табыла ма? Бұл сауалдар бүгінде өте көкейкесті. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өткен айлар ішінде өзінің тиімді әрекет етуге қабілетті екенін көрсетті. Бұл белсенділік Қырғызстан­да­ғы қантөгісті қақтығыс кезінде шектеулі көлемде көрінгенімен, одан артықты күту де мүмкін емес еді. Осы дағдарыс барысында ЕҚЫҰ-ның кез келген уақытта жедел іс-қимыл та­ныта алмайтыны айқын аңғарылды. Қыр­ғызстан басшылығы әуелі араласу туралы өті­ніш­пен қайырылған Ресей де түсінікті себеп­термен тартыншақтай берді. ЕО, АҚШ және Қытай реакциясы Ресейдікінен де ұстамдырақ болды. Гуманитарлық апаттың ауқымдылығы мен есірткі контрабандасының ағыны белең алып тұрған шақта Қырғызстанда тұрақтылық­ты қалпына келтіру тек ЕҚЫҰ-ның ғана мін­деті болып табылмайды десек те, Ұйым бұл жерде соңғы рөл ойнамауы тиіс. ЕҚЫҰ алдында дамудың жаңа кезеңіне өту міндеті тұр ма? Шілде айының ортасында “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы” деген ұлы сөздердің бойына жаңа күшпен қан жүгірту мүмкіндігі пайда болды. Бұлай деп отырған себебіміз, қазақтың Алматы деген қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі болып өтті. Оған 50-ден астам сыртқы істер министрі мен 500-дей дипломат қатысты. Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле франциялық әріптесі Бернар Кушнермен бірлесіп былай деп мәлімдеді: “Біз Қырғызстанда бірге болған кезімізде елдің оңтүстігіндегі жағдай тынышсыз қалпында қа­лып отырғандықтан, полиция миссиясын енгіз­ген жөн деген ортақ ұстанымға келдік. Бұл жөнінде Қырғызстан тарабы өтініш те жасады. Әуелде полиция офицерлерінің саны 52 бірлікті құрайтын болса, болашақта олар 102-ге дейін кө­бейтілуі мүмкін. Контингент саны көп емес және ол тиісті жеріне бірнеше айдан кейін ғана келе алатын болар. Елде болу мерзімі 4 аймен шектелсе, бұл уақытты ұзартуға да мүмкіндік бар”. ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы саяси белсенділігін оның 90-шы жылдары Балканда көрсеткен белсенділігімен еш салыстыруға келмейді. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның 2009 жылы тек Косовоға жұмсаған қаржысы оның бүкіл Орталық Азия елдеріне бөлінген бюджетінен 2 есе асып кетті. Бұл арада Орталық Азия тұрғындарының саны Балкандағыға қарағанда 20 есе аз екенін де қаперден шығармаған жөн. Қырғызстандағы полиция миссиясын ЕҚЫҰ-ның шешімділік көр­сеткені деп бағалау қиындау. Алайда Германия мен Фран­цияның Қазақстанмен келісе отырып ЕҚЫҰ-ның жетек­шілік рөлін көрсетуге және жауапкершілікті өздеріне алуға дайын екенін айғақ­тауы­ның өзі маңызды факт. Ал Қазақстан Орталық Азия­да тұрақтандырушы күш ре­тінде ерік-жігер және қабі­леттілік танытып отыр. Атал­ған мемлекет үстіміздегі жыл­дың маусымындағы тәр­тіп­сіздіктер барысында қатты зардап шеккен Қырғызстанның оңтүстігіндегі қалаларды қал­пына келтіруге айтарлықтай қолдау көрсетуге ниеті бар екенін мәлімдеді. Оның үстіне Қазақстан Бішкекте ЕҚЫҰ-ның өкілдігін күшейту бастамасын көтерді. Өкінішке қарай, бұл бастама әзірше қандай да бір нақты нәтиже берген жоқ. Есірткінің заңсыз өндірісі және контрабандамен күрес ЕҚЫҰ қазірдің өзінде есірткінің заңсыз өндірісімен және контрабандасымен белсенді күрес жүргізіп келеді және бұл күрес уақыт өткен сайын шешімділігімен ерекшеленуде. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министр­лері­нің бейресми кездесуі барысында Орталық Азиядағы өңірлік ақпараттық үйлестіру орта­лығымен (ОАӨАҮО) ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. ОАӨАҮО БҰҰ қаржыландыратын ұйым және ол өз қызметін Орталық Азия мен Ресейде жүргізеді. Мақсаты – есірткінің заңсыз айналымымен күрес. Орталық Азия елдері есірткінің заңсыз айна­лымымен күресте өз әлеуеттерін арттыра түсуі тиіс. БҰҰ-ның 2010 жылдың маусымына қатысты бағамы бойынша, орташа есеппен алғанда айына ел аумақтары арқылы заңсыз өткізілетін героиннің 5 пайызы тәркіленеді екен. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, Еуропа­дағы көрсеткіштер кейбір өңірлерде бұдан анағұрлым нашар. Мысалы, Балканда тәркіле­нетін есірткі көлемі оның жалпы заңсыз айна­лымының 2 пайызын ғана құрайды екен. Мұның ЕО елдеріне де қатысы бар. Резюме Сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің нәтижелері қандай? Қырғызстанға жоспарланған полиция миссиясы мен есірткі­нің заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынты­мақтастықты ЕҚЫҰ-ның нақты шешімділігінің белгісі деп бағалауға бола ма? Әрине, бұлай бағаласақ, артықтау болар. Бірақ бұдан артық­ты күтудің өзі қиын нәрсе. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның жылдық бюджеті 160 миллион еуро шама­сында ғана. Бұл қаржыны жеткілікті деуге әсте де келмейтіні анық. Сонымен қатар, бұл ұйым өте-мөте инертті. Қандай да бір нақты іс-әре­кет хақында әңгіме қозғала қалса, әрбір мүше 56 мемлекет вето құқығына ие. Бірақ ЕҚЫҰ ешбір алмастыруға келмейтін пікірталас фо­румы болып табылады. Ең бастысы – Алматыдағы бейресми кез­десуде Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 1999 жылдан бері өтпей келе жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет және үкімет басшыларының саммитін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл айтулы басқосу жыл аяғына таман Қазақстанда өткі­зілетін болып белгіленді. Германия сол кездің өзінде-ақ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл жоғары деңгейдегі кездесуде қандай мәселелер бойынша келісім жасалуы тиіс? Өз ойымды ортаға салар болсам, мәселен, ЕҚЫҰ өз қызметінің басым бағыттарын Балканнан Кав­каз өңірі мен Орталық Азияға қарай бұрға­ны жөн. 90-шы жылдары белгіленген басым­дықтар қазіргі заман шындығына сәйкеспейді. Есірткінің заңсыз айналымымен күреске де күш көбірек жұмсалуы тиіс және ол ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі болғаны ұтымды. Бұл жерде әңгіме мыңдаған адамның өмірі туралы болып отыр. Кристиан ВИППЕРФУРТ, доктор. Германияның “Eurasіsches Magazіn”журналында жарияланған. * * * ҰЙЫМ САММИТІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ ОТЫРЫС ӨТКІЗІЛДІ Алдағы 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) саммитіне дайындықтың әр қырлары бойынша құрылған жұмыс топтары 16 тамызда Ақордада өткен кеңес барысында ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың берген нұсқауларына сәйкес өз жұмыстарын жалғастыруда. Астанада ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет болатын орасан зор халық­ара­лық форумды ақпаратпен қамтамасыз ету мә­селелері бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді. Қ.Саудабаев өз сөзінде: “Елбасымыз әділ айтып өткендей, Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның алдағы саммиті тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге таныту мүмкіндігін туғызады. Шынында да, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен 12 серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, 68 халықаралық ұйымдардың басшылары қатысатын саммитті жария ету үшін, елімізге және елордамызға бүкіл әлемнің көз қадалуын қамтамасыз ететін жүздеген дүниежүзілік БАҚ тілшілері Астанаға келеді”, деп мәлімдеді. Осыған орай, саммитті лайықты әрі тиімді өткізу және оған ақпараттық сүйемелдеу жасау үшін тиісті мемлекеттік органдардың ерекше жауапкершілігі атап көрсетілді. “Біз бүгін қонақтарымызбен саммит шеңберінде жемісті жұмыс істеу мүмкіндігімен қатар, Қазақстан және қазақстандықтар туралы көбірек мәлімет алу мүмкіншілігіне қол жеткізу үшін қажетті нақты қадамдарды талқыға салып отырмыз”, деп ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі ойын түйіндеді. Отырыс қорытындылары бойынша тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді. * * * АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үстіміздегі жылы желтоқсан айының басында Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммитіне арналған еліміздің адам құқықтары саласындағы бағдарламалық құжаттарының тұсаукесері өткізілді. Университет табалдырығын биылғы жылы имене басқан, балауса жастар – бірінші курс студенттері Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының док­то­ры, профессор Еңлік Нұрғалиеваның дәрісіне көп­теп жиналыпты. Залға толған болашақ заң­герлер алдында Адам құқықтары жөніндегі ко­мис­сияның мүшелері Тастемір Әбішев, Леонид Мартынов, Гүлзи Нәби кезек-кезегімен еліміз­дегі 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары саласын­да­ғы ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010 жыл­дан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құ­қық­тық саясаттың тұжырымдамасын таныстырып өтті. 12 жыл бойына аталған комиссияның хатшылығын басқарып келе жатқан Тастемір Әбішев студенттерге биылғы жылы еліміздің атқарып отырған халықаралық миссиясы– ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына тоқталып, оның үш өлшемі жайлы әңгімеледі. Солардың ішінде бірқатар сауалдар туындайтын мәселе деп адам құқығын сөз етіп, еліміздің азаматтарының өздері жұмыс атқаратын комиссияға жиі шағымданатынын алға тартты. Әрине, олардың көпшілігі негізсіз, бірақ, арасында заң бұзушылықтың, адам құқығының аяққа басылуының кездесетіні шындық деген шешен Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгеніне және оның халықаралық стандарттардағы құқық қорғау тетіктеріне сәйкес жетілдіру бағытында нақты қадамдарды көздейтініне мән бере сөйледі. Құқықтық мемлекет құру бір күннің, тіпті бір жылдың шаруасы емес, деп бастаған негізгі ойын заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева. Ол қалыптасу үшін жүздеген жылдар қажет. Ал біздің елімізде осы 20 шақты жылдың ішінде осы бағытта орасан зор жұмыстар атқарылды. Бізді комиссияның есептері ТМД бойынша ең үздік деп бағаланып келеді. Әрине, комиссия алдына шағымдарын айтып, мұңдарын шағып келген азаматтармен кездесу де оңайға түспейді. Заң бұзылып, қылмыс орын алғанда екі жақтың да бірдей қанағаттануы мүмкін емес. Әйтеуір, бір жақ өзін жапа шеккенге санайды, солармен бірге, жаныңды қоса ауыртып, бірінші кезекте заңның үстемдігі алға шыққанын анықтау үшін біліктілік қажет. Кейде біздің комиссия араласуымен заңнан ауытқыған сәттер анықталып, барлығы заң аясына қайтып келіп жатады, деді шешен. Комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар атынан мүше Гүлзи Нәбиқызының әңгімесін студенттер зор ықыласпен тыңдады. Қарапайым мысалдармен өз ойын ұғынықты жеткізген Гүлзи Нәбиқызы сөзін аяқтағанда жастар қолдарын шапалақтап та жіберді. Кездесу барысында Ұлттық іс-қимыл жоспарының ұсынымдары мен Құқықтық саясат тұжырымдамасының іс-шараларын уәкілетті мемлекеттік органдардың іске асырып жатқандығы, бұл мәселенің өткен жолы Елбасының құқық және заң саласындағы мемлекеттік органдар басшыларымен кездесуінде нақты айтқандығы атап өтілді. Студенттермен кездесу уақытында адам құқығы мен бостандықтарын іске асыру, заң үстемдігіне қол жеткізу, елімізде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша қызықты пікір алмасу болды. Жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.