2010 жылғы 10 қыркүйекте 78 жасқа қараған шағында тамаша адам, талантты ұйымдастырушы және басқарушы, өзінің ұзақ жылдарғы жоғары кәсіби қызметімен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюына елеулі үлес қосқан Владимир Васильевич Ни қайтыс болды.
В.В.Ни 1933 жылғы 7 қаңтарда Ресей Федерациясының Владивосток қаласында туған. Оның еңбек жолы Қазақ кен-металлургия институтын бітіргеннен кейін біздің еліміздің халық шаруашылығы кешенімен тығыз байланысты болды. Ол көмір өндіру жөніндегі учаске қызметшісінен Мемлекеттік жоспарлау комитетінің көмір өнеркәсібі және газдандыру бөлімі бастығының орынбасарына, одан кейін елдің Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісіне дейінгі үлкен еңбек жолынан өтті.
Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің, жоғары кәсіби және моральдық қасиеттерінің арқасында Владимир Васильевич қоғамда зор бедел мен құрметке бөленді. Ол әрдайым бар күш-қуатын жұмысқа жұмсап, оны жанын сала атқаратын. Тәуелсіз Қазақстанды құрудың мәртебелі парызына, елімізде президенттік институтын дамытуға адал болып, өзінің белсенді жұмысымен реформалардың алға қарай басуына, қоғамда тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесті.
Бұл, әсіресе, оның Президент Аппараты Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шаруашылық басқармасының бастығы, содан кейін Мемлекет басшысының Іс басқарушысы болып жұмыс істеген кезеңінде айшықты көрінді. Оның үлесіне Астана құрылысына тікелей де белсене қатысудың, мемлекеттік органдарды біздің жаңа елордаға көшіруді қамтамасыз етудің зор құрметі мен жауапкершілігі тиді.
В.В.Нидің қызметін мемлекет жоғары бағалады, ол “Отан”, “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев” ордендерімен, көптеген медальдармен наградталған.
Владимир Васильевичпен бірге жұмыс істегендердің бәрі де оны бар болмысымен іске берілген адам ретінде білді, ол үшін елге және халыққа, прогресс пен демократияның жоғары мұраттарына қызмет ету басты нәрсе болатын.
Владимир Васильевич Нидің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы.