Қазақстан спорты дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Елімізде халықаралық деңгейдегі жарыстар мен чемпионаттар өткізіліп, спортшыларымыз аса абыройлы жарыстарда биік тұғырдан көрініп жүр. Оған тамыз айының 14-і мен 26-сы аралығында Сингапурде өткен алғашқы жазғы жасөспірімдер олимпия ойыны дәлел бола алады.
Қазақстан бейресми командалық есеп бойынша 205 елдің арасынан 24-ші орынды еншіледі. 10 қыркүйекте Орталық аппаратта осы халықаралық шарада лайықты өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларға құрмет көрсетілді. Сайыс жүлдегерлерімен болған кездесуді ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: “Сіздер, әлемнің 200-ден астам елі қатысқан халықаралық жазғы жасөспірімдер олимпия ойынына қатысып, жоғары көрсеткішке қол жеткіздіңіздер. Сингапурде алғаш рет өткізілген мәртебелі жарыста, сіздер алтын, күміс, қола медальдар иеленіп, бүкіл әлем алдында тағы бір рет Қазақстанымыздың абыройын, мерейін көтеріп қайттыңыздар.
Бұл Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық салаға, соның ішінде спортқа да ерекше қолдау көрсетіп отырғанының нәтижесі деуге болады”, – деп атап өтті. Өз кезегінде спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы дені сау ұрпақ тәрбиелеу идеясын қолдауға, спортпен шұғылдануды кең көлемде насихаттауға дайын екендіктеріне сендірді.
Кездесу барысында “Нұр Отан” партиясының басым бағыттарының бірі халықты спортпен шұғылдануға ынталандыру және дене тәрбиесін дамыту екені айтылды. Жыл сайын партияда түрлі жастағы мыңдаған тұрғындар қатысатын көптеген спорттық шаралар мен акциялар өткізіліп тұрады. Бұл саламатты өмір салтын қалайтындардың санын арттыруға ықпал етіп келеді.
Айта кетейік, қазақстандық спортшылар грек-рим күресі, ауыр атлетика, таэквондо түрлерінен екі алтын, екі күміс, екі қола медальді қанжығасына байлады. Сонымен қатар, дзюдо бойынша сынақтан тыс аралас командалық есепте жоғары дәрежелі бір медаль жеңіп алды.