“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында “Береке-Бірлік” пікірталас клубының ұйымдастыруымен “Астана қаласының аймақтық технопаркі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлгісіндегі инновациялық индустрияландыру Ақмола облысының ойдағыдай дамуының тиімді жолы” атты кеңес болып өтті.
Мәжіліске мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Оның жұмысын жүргізіп отырған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин экономиканы дамытудың өңірлік басым бағыттарының мақсаттарына тоқталды.
– Жеке кәсіпкерлік мемлекеттік саясаттың қозғаушы күшіне айналды, – деді ол. – Оны дамытудың тірек заңнамалары қалыптасып, Үкімет тарапынан қолдау шараларының өрісі кеңейді. “Астана технопаркінің” облысымызға келуі өңірлік тартымдылықтың өскендігін айқындайды. Қазіргі талап – өндірісті әртараптандырып, шикізаттық емес саланы өркендету. Мұнда озық үлгідегі инновациялық жобалар ғана табысқа бастайды. Жергілікті кәсіпкерлер қонақтарымыздың ұсыныстарын саралап, әріптестік байланыстың жемісін көретініне сенімдімін.
“Астана қаласының аймақтық технопаркі” ЖШС директоры Мұрат Ақшалов уақыт талабындағы кәсіпорынның жұмыс жоспарлары мен атқарылған істер жайында егжей-тегжейлі әңгімеледі. Қазақстанда қазір осындай 8 технопарк жұмыс істейді. Олар үдемелі индустриялық-инновациялық дамуды көздейтін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде құрылған. Технопарктер бизнес құрылымдары мен жас кәсіпкерлерге интернеттік мәлімет, бухгалтерлік және заңгерлік кеңес беріп, болашағы мол ғылыми технологияны, ішкі рынокта сұранысқа ие және экспорттық әлеуеті жоғары тауар өндіру мен қызметтерді құруға септеседі. Жаңа әрі тиімді жобаларға инвестиция тарту, озық технологияларды кәсіби сараптамадан өткізіп, өндіріске енгізу жұмыстың негізгі бағыты саналады. Директордың айтуынша, үстіміздегі жылы технологиялық бизнесті дамыту қызметіне бюджеттен 245 миллион теңге қаржы бөлінген.
Кеңеске қатысушылар технопарк ұйымдастырған көрмені тамашалап, іскерлік кеңестер алды. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында “Бизнестің жол картасы–2020” арнайы бөлме жабдықталатын болды.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.