11 Қыркүйек, 2010

“Жол картасы” жалғасын табады

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақсы нәтиже берген “Жол кар­тасы” бағдарламасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіқалықованың Батыс Қа­зақстан облысына екі күндік жұмыс сапарынан осындай ой түюге болады. Сапарының алғашқы күні сая­сат­кер әйелдер клубының алғашқы оты­рысына қатысып, мәдениет және әлеу­меттік сала қызметкерлерімен де кездесіп үлгерген Гүлшара Науша­қы­зы бұдан кейінгі уақытын “Жол кар­тасының” жергілікті жерде орындалу барысымен танысуға арнады. Әуелі күр­делі жөндеуден өткен Жеңіс ала­ңында болған министр мұндағы атқа­рыл­ған жұмыс сапасына оң баға берді. Батыс Қазақстанда соңғы кезде әлеуметтік сала нысандары көптеп ашы­лып жатқаны белгілі. Қаланың халық тығыз қоныстанған 9-шағын ауданында Премьер-Министр Кәрім Мә­сімовтің қатысуымен биыл ашыл­ған №5 қалалық емхананы соның бірегейі деуге болады. Жаңа үлгімен салынған емдеу орнының іші-сырты бірдей жарқырап тұр. Министр де ғимаратты асықпай аралап, меди­ци­наның соңғы жетістіктерімен жарақ­тан­дырылған емдеу кабинеттерін көз­бен көрді. Ғимараттың маңайы абат­тандырылып, тал-терек отырғызыл­ған. Гүлшара Әбдіқалықова бұдан кейін Мәскеу көшесі бойындағы ұзындығы екі шақырым құрайтын күрежол құрылысымен де танысты. Бұрын жауын-шашынды күндері лайсаң болып жататын көшеге қат­қыл табанды жол төселген. Мердігер ұжым — “Уральскдорстрой” ЖШС жол құрылысына 212 адамды тартып, 213 млн. теңге қаржы игерген. Әр жұмысшы орта есеппен 35-40 мың теңге мөлшерінде табыс тапқан. “Жол картасы-2010” бағдарламасы шеңберінде шешімін тапқан жол құрылысының сапасы ұдайы бақы­лауда және жоғары деңгейде. Көше бо­лып есептелгендіктен мұнда көлік­пен қатар жаяу жүргіншіге арналған тротуар да салынуда. Мәртебелі мейман аралап көрген соң­ғы нысан — Еуразия көшесі бойын­дағы №3 “Елочка” балабақша­сы 1975 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген балабақша екі жыл ішінде адам танымастай өзгеріпті. Жақсылыққа жол бастаған сол “Жол картасы”. Балабақша директоры Ольга Канашкинаның сөзіне қарағанда, екі кезеңнен тұрған жөндеу жұмыстарын жүргізген “СПС” ЖШС 59 адамды құрылысқа тартқан. Ғимараттың іші-сырты түгелдей жаңартылған, балалар ойнайтын төбесі жабық он алаңқай жасақталған. Министр мұндағы жұмыс сапасына да оң баға берді. “Жол картасы-2010” бағдарла­ма­сына сәйкес Батыс Қазақстан облысына 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Сол қаржының күні бүгін 90 пайызы игерілген. Жалпы, облыстағы бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны мен сапасы жақсы. Әлеуметтік нысандарды жөндеу, жол салу ісі осымен тоқтап қалмайды. Индустрияландыру, “Жол картасы” бағдарламалары шеңберінде жалғаса береді, деді Г.Әбдіқалықова сапарының соңында. Темір ҚҰСАЙЫН.