Жақсы нәтиже берген “Жол картасы” бағдарламасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың Батыс Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапарынан осындай ой түюге болады.
Сапарының алғашқы күні саясаткер әйелдер клубының алғашқы отырысына қатысып, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлерімен де кездесіп үлгерген Гүлшара Наушақызы бұдан кейінгі уақытын “Жол картасының” жергілікті жерде орындалу барысымен танысуға арнады. Әуелі күрделі жөндеуден өткен Жеңіс алаңында болған министр мұндағы атқарылған жұмыс сапасына оң баға берді.
Батыс Қазақстанда соңғы кезде әлеуметтік сала нысандары көптеп ашылып жатқаны белгілі. Қаланың халық тығыз қоныстанған 9-шағын ауданында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен биыл ашылған №5 қалалық емхананы соның бірегейі деуге болады. Жаңа үлгімен салынған емдеу орнының іші-сырты бірдей жарқырап тұр. Министр де ғимаратты асықпай аралап, медицинаның соңғы жетістіктерімен жарақтандырылған емдеу кабинеттерін көзбен көрді. Ғимараттың маңайы абаттандырылып, тал-терек отырғызылған.
Гүлшара Әбдіқалықова бұдан кейін Мәскеу көшесі бойындағы ұзындығы екі шақырым құрайтын күрежол құрылысымен де танысты. Бұрын жауын-шашынды күндері лайсаң болып жататын көшеге қатқыл табанды жол төселген. Мердігер ұжым — “Уральскдорстрой” ЖШС жол құрылысына 212 адамды тартып, 213 млн. теңге қаржы игерген. Әр жұмысшы орта есеппен 35-40 мың теңге мөлшерінде табыс тапқан. “Жол картасы-2010” бағдарламасы шеңберінде шешімін тапқан жол құрылысының сапасы ұдайы бақылауда және жоғары деңгейде. Көше болып есептелгендіктен мұнда көлікпен қатар жаяу жүргіншіге арналған тротуар да салынуда.
Мәртебелі мейман аралап көрген соңғы нысан — Еуразия көшесі бойындағы №3 “Елочка” балабақшасы 1975 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген балабақша екі жыл ішінде адам танымастай өзгеріпті. Жақсылыққа жол бастаған сол “Жол картасы”. Балабақша директоры Ольга Канашкинаның сөзіне қарағанда, екі кезеңнен тұрған жөндеу жұмыстарын жүргізген “СПС” ЖШС 59 адамды құрылысқа тартқан. Ғимараттың іші-сырты түгелдей жаңартылған, балалар ойнайтын төбесі жабық он алаңқай жасақталған. Министр мұндағы жұмыс сапасына да оң баға берді.
“Жол картасы-2010” бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан облысына 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Сол қаржының күні бүгін 90 пайызы игерілген. Жалпы, облыстағы бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны мен сапасы жақсы. Әлеуметтік нысандарды жөндеу, жол салу ісі осымен тоқтап қалмайды. Индустрияландыру, “Жол картасы” бағдарламалары шеңберінде жалғаса береді, деді Г.Әбдіқалықова сапарының соңында.
Темір ҚҰСАЙЫН.