Жеріңнің аты – еліңнің хаты
Үстіміздегі жылдың маусым айында Солтүстік Қазақстан облысында облыс әкімі Серік Біләловтің тікелей қолдауымен үлкен бір шара өткізілді. “Солтүстік Қазақстан: өңір тарихы, тұлғалар тағдыры” деп аталып, қазақ және орыс тілдерінде өткізілген бұл конференцияның маңызы өте зор болды. Ол өңір тарихында замана нәубеттерімен ұмыттырылып келген біраз шындықтың бетіне түскен шіркеуін ашуға талпыныс жасады және сонымен бірге отарлық саясаттың сарқынын серпу бағытында соны ізденістер мен ұсыныстар жасалып, сананы отарсыздандыруға бағдар ұстанды. Оның жұмысына еліміздің бүгінгі таңдағы тарих, философия, заң ғылымдарының айтулы майталмандары Салық Зиманов, Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелдиев, Бүркітбай Аяған, Камал Бұрханов, Серік Негимов және тағы да басқа белгілі ғалымдар қатынасты. Конференцияның негізгі мақсаты еліміздің терістігінде әуелі патшалы Ресейдің, артынан кеңестік отарлау тұсында аты-заты ұмыттырылған айтулы тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, олардың азаттық жолындағы өрелі істерін халыққа жеткізуге арналды.
Құртай деген кім еді?
Жуырда, солтүстікте осы конференцияның жалғасы іспеттес бір ұлан-асыр оқиға болып өтті. Бұл іс жоғарыда аталған конференцияда қабылданған қарардың орындала бастағанының бір айғағындай болды. Бұрын “Степное” округі деп аталған ауылдық округке Құртай есімі берілуін ұлықтаған бұл жиынның да маңызы зор еді.
Тимирязев ауданына қарайтын осы аймақта ХІХ ғасырда Құртай есімді ақылды адам өткен. Малды-жанды, оның үстіне ақыл-парасатымен өз ортасынан озық, білімді де білікті болған осы бір жанның есімін Кеңес өкіметі ұмыттыруды көздеп қаншама шаралар жасаса да оның есімі халық жадынан өшпеген.
Бұл аудан – Солтүстік Қазақстан облысындағы тыңгерлер көп келіп, неше түрлі мінездері бар келімсектер молынан қоныстанған жер. Өздерінікіндей қала, село, хутор, деревня болмаған соң, олар бұл аймақты иесіз жатқан, адам аяғы баспаған бос өңір деп санаған болуы керек, келе сала жер-судың, тау-тастың, төбе-төбенің ежелгі аттарын керек қылмай ойларына келген атауларды қоя бастаған. Соның ішінде ел мен жерге еш байланысы жоқ коммунистік идеологияның бос көпірме, оспадар атауларын да беріп отырған. Шын мәнінде қазақ жерінің орманды-дала аймағына жататын осынау құнарлы аймағында бос жатқан, иесіз өңір болмайтын. Оны иелері шаруашылықтың талабына сәйкес, жылдың төрт мезгілінде кем дегенде бір рет келіп, бірін жайлау, бірін күзеу, бірін қыстау ретінде жайлап кететін. Барлық жердің пайдасы мен залалы, қасиеті мен кепиеті сияқты ерекшеліктеріне орай нақты атаулар берген. Осы атауларға қарап-ақ ол жерлердің қаншалықты пайдалы, я зиянды екенін тап басып айыруға болады. Мәселен, “Қарасор”, “Қаражар”, “Сорқұдық”, “Сұңқарөлген”, “Қандыасу” және т.б. атаулар ол жердің сорлы, жағымсыз екенін білдірсе, керісінше, “Кеңжайлау”, “Өлеңді”, “Кеңшалғын”, “Енқыстау” және т.б. атаулар ол аймақтың ырысты екенін білдіреді. Сондай-ақ кісі есімдері берілген жер аттары да иелерінің қаншалықты жағымды, жақсы тұрмыста өмір сүргендеріне байланысты құтты, я құтсыз болып келеді. Мәселен, “Шорман”, “Есенейдің бүркеуі”, “Қосшығұл қыстауы” атанған жерлер иелерінің малды-жанды болуына байланысты қайырлы қоныстар саналған.
Сол сияқты “Құртай” атанып, бірі қыстау, бірі жайлау болған жерлер де осы өңірдегі бір құйқалы, шөбі шүйгін, оты мол аймақ болатын. Оның аумағы бертін келе Тимирязев және Шал ақын сияқты екі ауданның территориясына бөлініп кеткен. 1810 және 1888 жылдар аралығында өмір сүрген Құртайдың өзі халқына қайыры тиген, алақолсыз мырза, әрі қара сөзге дес бермеген шешен адам екен. Ол туралы кәріқұлақ ақсақалдар көптеген әңгімелер айтып, оның айтқан даналық сөздері мен би, бай ретінде атқарған игі істері туралы ауыздан ауызға тараған көптеген деректерді еске алып отырады. Мәселен, бірде малының құты деп саналған қара бурасы жынын шашып, кісіге шабады. Ежелден тіршілік көзі ретінде малды жанынан жоғары бағалаған қазақ мұндайда да киелі малға құрық салдырмаған ғой. Бірақ Құртай кісілікті ұстанымынан айнымай, бураны құрбандыққа шалдырады. Қазіргі адам мұндайды бәлендей маңызды мәселе көрмеуі мүмкін, ал ол кезде мұндайға мықтының мықтысы ғана бара алса керек.
Құрекең арабша хатқа жүйріктігімен қоса, орысша да сауатты адам болыпты. Өз заманында қазақ жеріне еріксіз қоныс аударған переселендерге де ол оң қабақпен қарап, олардың тыныштықпен қоныстануына, ыңғайлы жерге қала салуына көмектескенін архив материалдары дәлелдеп отыр. Соның ішінде қазіргі Дмитриевка деген елді мекен тұрғындары да осы ырысты жерге Құртайдың ақылымен қоныстанғанын айтып, ризашылығын білдіріп отырады екен.
Әрине, келімсектерге қарсы “жер бермейміз” деп алысуға да болатын шығар. Ондай ерлер есімдері де белгілі. Бірақ ондай күрестің бәрібір нәтижесіз боларын алдын ала білген кейбір ақылман адамдар келімсектердің бейбіт жолмен қонстануын, олармен арада татулық орнатудың жаулықта болғаннан әлдеқайда тиімді екенін жақсы түсінген. Сондықтан да ондай адамдар өкіметтің қалауымен көшіп келіп жатқандарға шүу дегеннен оң қабақ көрсеткен.
Сонымен бірге, Құртай өз ауылдарында дінге ұйытатын молла, жаңаша оқытатын мұғалімдер ұстап, балалардың тілін сындыруына жағдай туғызған.
Осы өңірдің қазақ-орысы Құртайдың осындай игілікті істерін ұмытпай, оның жеріне ресми билік Ракитное, Степное, Лебедевка деген селолар салғанымен, өзара әңгімеде күні кешеге дейін оларды “Құртай ауылдары” деп атай берген. 1971 жылы осы ауылдар қарайтын сайлау округі де “Құртай сайлау округі” деп аталған екен. Жергілікті тұрғын Қуаныш Әбішевтің айтуына қарағанда, сол жылы облыстық кеңес депутаттығына сайлау өткізілген және сонымен бірге ресми түрде әлі күнге “Құртай ауылы” деп аталып келген соңғы селоны “Ракитное” қылып өзгертуге және сайлау округін де “Ракитское” деп атау қажеттігі туралы ұсыныс болады. Елге, жерге еш қатысы жоқ “Ракитное” деген сөзді кім қай жақтан алып келгенін ешкім білмейді, бірақ әйтеуір қазақ атауын жоюға бұл “жақсы” себеп болады. Содан, ол кезде бөлімше басқарушысы болып істеп жүрген, депутаттыққа кандидат Қуаныш Әбішев мұндай әділетсіздікке қарсы шығып, Құртай атауының ежелгі жер аты екенін көтеріп, оның үстіне ауданда төрт-ақ ауылдың ғана қазақша аты қалғанын айтып, наразылық білдіреді.
Сол сол-ақ екен, жергілікті МҚК-ге жұмыс табыла кетеді. Қуаныш Әбішев тұтқынға алынып, алдымен аудандық милицияға, одан облыстық МҚК-ге жеткізіледі. Алдымен қорқыту-үркіту арқылы “түсіндірме жұмыстары” жүргізіліп, одан жігіт өзінің позициясынан қайтпаған соң депутаттыққа ұсынылған кандидатурасын алып тастатып, әрі қарай қызмет бабында өсуіне қатаң тыйым салынады. Тіпті сол күннен бастап оның жатқан-тұрған жеріне аңду да қойылған екен. Артынан Кеңес өкіметі құлардың алдында Моңғолияға бармақ болған сапарында МҚК архивінен мұның ісі шыға келіп, онда “сенімсіз элемент” деп бағаланғандықтан, шетелге де жіберілмейді.
Міне, қазақтың мүддесін жоқтап бір-ақ ауыз сөз айтқан адам бейбіт замандар деп аталған 70-ші жылдардың өзінде осындай қудалауға түскен. Соған қарап-ақ өкіметтің ұлттық мүдделерді көтеруге қаншалықты шамданып қарайтынын көре беріңіз. Кейде, сол жылдары басшы қызметтерде болған ағаларымызды қолдағы бардан айрылып қалған деп жазғырғымыз келіп тұрады, осындай жағдайда кім ұлттық дүниені қорғағандай еді...
Құртай өз заманының алды болуымен қатар, сол кездердегі ірі мансаптарға да қол жеткізіп, оларды да біліктілікпен атқара білген. Ұзақ уақыт би сайлануымен қатар, ол ауылдық старшын, артынан болыс лауазымдарына да тағайындалған. Қорған, Қызылжар, Омбы, Атбасар сияқты қалалардың ірі жәрмеңкелеріне мал айдап, сабалап қымыз апарып, сабылтып жігіт-желең жүргізіп, ол жақтан ауылдың тұрмысына қажетті сапалы тауарлар, кітаптар жеткізіп, қандастарының экономикалық та, мәдени тұрғыдан да өсуіне, алға дамуына үлкен ықпал еткен. Оның балалары да әке ісін жалғастырып, өз ортасының жақсы тұрмысқа жетуіне қолайлы жағдайлар жасай білген.
Мәселен, Құртайдың бір баласы Мұқыш та өз ортасынан озып туған жақсыларының бірі болыпты. Ол әке ісін жалғастырумен қатар, дүйім елді аузына қаратқан шешен де екен. Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” кітабында ол туралы былай деп жазады: “Мұқышты мен бала күнімнен білемін. Ол – шамасы жүзге тарта жылқысы бар, екі-үш жүздей қойы бар, қырық-елулеген сиыры бар, үйлендірген балаларына тіккен үш ақ отауы бар ел ішінде “орташа бай” саналатын адам. Жасы сол кезде жетпістерді алқымдап, сақалы бурылданып қалған кісі. ...Елдің айтуы бойынша Керей-Уақ аталатын бес болыс елдің ең шешені үш адам: біреуі Самай руынан шыққан Есілбайдың Шәймергені, біреуі Уақ руынан Қостангелді, біреуі – біз атап отырған Құртайдың Мұқышы. Бұл үшеуінің ең шешені – Шәймерген. Ал Мұқыштың анау екеуінен артықшылығы – оның Ғабдолла дейтін орыс және татар мектептерінде оқыған мұғалім баласы болған да, сол баласы әкесін газет, журнал оқуға үйретіп, замана жайын білуде Мұқыш ауылдағы қазақтың қара тоқпағына сүйенетін шешендердің бәрінен анағұрлым ой-санасы озық болған. Мына жиында Алашорда адамдарына жауап беруге оны жұрттың ортасынан бөлетін себебі де осы екен” (С.Мұқанов., “Өмір мектебі”., 1-кітап., 471-б., 1976 ж.).
Бұл – бозбала Сәбиттің 1918 жылы Міржақып Дулатов бастаған Алашорда азаматтарының атақты бай Әлти Көкеновтің үйіне келіп, мәжіліс құрғанда Торсан бимен бірге келіп, Мұқышты алғаш көргендегі әсері.
1888 жылы өмірден озған Құртай ақсақал да, замананың құбылуын біршама көріп қалған оның баласы Мұқыш та кеңестік қанды қырғынның кәрі келмей тұрғанда, жақсы тұрмыста өмір сүріп, бақиға аттанған. Ал енді олардың ұрпақтарының қызылдар қырғынынан көрмеген құқайы жоқ. Енді соларға аз-кем тоқталып өтейік.
Қуғындалған қор заман
Мұқыштың үлкен ұлы Қасымның өмірі кер заманға кез болған. Ол ата-бабасынан бері бай, малды-жанды болғаны үшін, әсіресе, атасы мен әкесінің ел билеп, халықты ынтымақта ұстағаны үшін “үстем тап өкілі” ретінде қуғынға ұшырайды. 1928-30-шы жылдарғы үлкен кәмпескеге іліккен оның дүние-мүлкі мен мал атаулысы тегіс тартып алынады. Ал өзі, балаларының айтуына қарағанда, сотталып, Астрахань облысына жер аударылады.
Солтүстік Қазақстандағы кәмпескенің қалай жүргізілгені, байлар мен олардың отбасы тағдыры не болғаны жайлы әлі күнге толық зерттеу жүргізілген емес. Тек олардың біраз бөлігін отбасымен бірге Көкаралға айдағаны ғана анық. Сонымен бірге, кәмпескеленген байлардың отбасы мүшелеріне арналған лагерь де болғанын осы Қасым байдың тағдырына байланысты біліп отырмыз. Қазекең қай күндегі өзіне тән көнбістігімен қазақтарға арналған лагерь туралы осы уақытқа дейін аузына алмаған.
Қасымның кіндігінен 14 бала өмірге келген екен, өзі айдалып кеткен соң оның әйелдері мен балаларын осы ауданның Жарқын ауылының түбіне ұйымдастырылған ашық аспан астындағы лагерьге қамайды. Осындай лагерь аудандағы Марьевка селосының түбіне де ұйымдастырылыпты. Олардың сыртын тікенек сыммен қоршап, қарулы милициядан қатаң күзет қойылады. Бар жазықтары – бар адамның, бай адамның ұрпағы ғана болған бұл жандар осы лагерьде адам төзбес айуандық пен зұлымдықты бастан кешеді. Бірнеше ай бойы ашық аспан астында мал тәріздес ұсталған адамдарға ешқандай тамақ та берілмейді. Қайырымы бар ауылдастарының тордың ар жағынан лақтырған болмашы дүниелерімен ғана аш адамдардың бір бөлігі жан сақтайды. Қалғандары аштықтан, аурудан бұралып өліп жатады.
Күзетшілер кейбір әйелдерді сыртқа тамақ сатып әкелуге жіберетін көрінеді. Өздерінде де түк жоқ халық несін сатсын, әйтеуір жоқтан бар болғанға ұқсайды. Мал-мүлікті, қымбат дүниені тегіс тартып алған соң тұтқындағылардың қолдары мен құлақтарындағы соңғы жүзік, сырғаларына сатып алған болмашы тамақ аштықтан бұратылып жатқан адамдардың бәріне жетпейді. “Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен” деген атақты сөз де осындай жағдайдан қалса керек.
Өздері аштықтан бұралып жатқан адамдарға қызылдардың қызыл сөзінің қыздырмасына ерген кешегі жарлы-жақыбайлар, “шолақ белсенді” атанып, атқа мінген ақылсыз “жыртық тымақтар” да қысастықты арттыра береді. Олар тамақ алуға шыққан қыз-келіншектерді келеке етіп, қолдарындағы қымбат заттарын тым арзанға бағалайды, кешегі бізді қанаған “байдың тұқымы”, “арамтамақтар” деп оларды келемеж қылады.
Міне, халық арасында “Бай қаласы” деген атау алған осындай лагерьлерді және онда тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың кімдер болғанын болашақта зерттеу қажет екені айқын. Мұндайлар жалғыз солтүстікте емес, бәлкім еліміздің басқа жерлерінде де ұйымдастырылған шығар-ау...
Осындай жағдайда қарап жатып аштан, суықтан, аурудан қырылатындарына көзі жеткен Қасымның әйелі Мағрипа, өзі ер мінезді, батыл жан болса керек, балаларын алып, лагерьден қашып шығады. Алдымен ол елдегі туған-туысқандарын сағалайды, бірақ өздері де қорқып-үркіп, шықпа, жаным, шықпамен отырған олардың ұзақ уақыт пана бола алмасын біліп, “ішке” қашады.
“Іш” деп терістік жақтың қазақтары Ресей жеріндегі тайганы айтады. Қалың орманның іші болғандықтан, ол жақта қыдыңдаған өкімет болмайтын, сондықтан орыс селениелерінің маңындағы қалың тайганың ішінде отырып жан сақтаған талай қазақ репрессия құрығынан аман қалған. Бірақ сазды, ми батпақты қалың орманды қара суық пен аштықта кеше отырып қашқандар соңынан қуған “шолақ” белсенділердің құрығынан құтылып, қауіпсіз жерге жеткенше де көп азап шегеді.
Осы лагерьде аштықтан, суықтан, аурудан, одан тайганы кешкен жол қиыншылығынан Қасымның 14 баласының 12-сі қаза тапқаны қиындықтың қаншалықты деңгейде болғанын айғақтап тұр емес пе?
Міне, кешегі елдің құты, ақылы асқан данасы, жаттан қорғар панасы болған Құртайдың ұрпағы осындай азап шегіпті.
Аталы ұрпақ арымас...
Бірақ елмен бірге есін жиып, еңсесін тіктеген Құртайдың тұқымы тектілігін танытпай қоймады. Қасымның тірі қалған жалғыз ұлы Ахметжанның, қыздары Күлбан мен Түкіріктің балалары замананың жаласымен жағаласа жүріп, Түмен облысындағы тайга ішінде тұрса да интернатта жатып, жақсы білім алып, жоғары оқу орындарын бітірген білікті азаматтар болды.
Ел есін жиып, етегін жапқан тәуелсіздік заманында олар да ардақты аталарының атын жаңғыртып, халыққа оның қастерлі есімін қайтару жолында біраз шаралар жасады. Аты, затын білгізіп, есті қариялардың есіне түсірген соң, көптеген адамдар оның есімімен бұрынғыша жер атауын қайта атауды қолдайды. “Степное ауылдық округін” “Құртай округі” деп атауды өтінемін деген ауылдағы қадірменді қарттардың, атақты адамдардың өтініші облыс, аудан әкімдеріне жолданып жатты. Соның ішінде Лебедевка селосының тұрғыны А.Батанова, Ракитное селосының тұрғыны П.Кутявин, сол маңдағы Шал ақын ауданы Мерген ауылының тұрғыны А.Каршалов, Ленин орденімен екі рет наградталған Лебедевка селосының тұрғыны П.Куцевалов, т.с.с. ақсақалдар мен кейуаналар өздерінің Құртай есімін бала кезден білетінін, оның жақсы атын ғана естігендерін айтып хат жазған.
Жоғарыда біз Құртайдың Мұқыш деген баласын ғана айтқан болатынбыз. Одан басқа Құртайдан Оразбай деген де ұл туған. Сол Оразбайдың немересі Еділ деген жеке кәсіпкер мен Құртайдың інісі Келінбайдың ұрпағы Ғазиз Шаяхметов өз қаражаттарына Степной орта мектебіне екі ауылдың (Ракитное, Лебедевка) балаларын жинап әкелетін “ГАЗель” автокөлігін сыйлайды. Міне, осындай жұмыстардың арқасында Құртай бабаның есіміне ешкім де қарсы болмай, былтырғы жылдың аяғында ауылдық округке оның жарқын есімі берілді. Енді сол құрметті есімнің туған жеріне оралғанын атап өту үшін биыл оның ұрпақтары жоғарыда аталған шараны ұйымдастырған еді. Ол Құртай биге 200 жыл толуына арналған мерейтойды атау шеңберінде өтті.
Құртай ұрпақтары күрестен, тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған жарыстардың жеңімпаздарына, мектепке, ауылдық округке, осы ауылдағы жасы ең үлкен қартқа арнаған өздерінің жүлделері мен сый-сияпаттарын жасады. Облыстық филармония әншілері мен жергілікті өнерпаздар қазақ, орыс, украин тілдерінде ән-күй мен билерді төгілтті. Тіпті, сол күннің кешіне жастар сол жерде дискотека құрып, би кешін өткізді. Мұндай мерекені ауылдарында бұрын-соңды көрмеген тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ.
***
Осы бір шағын шарадан маңызды ой түйдік. “Ә” дегенде Құртай есіміне басқа ұлттың өкілдері арасынан кейбір тұрғындар, жергілікті билік өкілдерінің де кейбірі қарсы болыпты. Ал түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақсақалдың кім болғанын, қандай еңбектер атқарғанын таныстырғаннан кейін оның есіміне ешкім де қарсы болмағаны өз алдына, бұл шараға белсене атсалысқан. Демек, ежелгі атауларды қайтаруда белден басып, шулатпай, халықпен жұмыс істеудің маңызы зор екені айқын көрінеді. Ел мен жердің тарихына байланысты қаншама халықтық атауларымызды қайтара алмай жатырмыз. Соның бәрі жергілікті тұрғындар мен төменгі билік өкілдерінің наразылығынан болып отыр. Ал олармен тиімді түсіндірме жұмыстарын жүргізе білсе, халық қарсылығын қоятыны күмәнсіз.
Міне, сөйтіп біз осындай игілікті шараның куәсі болдық.
Жақсыбай САМРАТ, Солтүстік Қазақстан облысы,
Тимирязев ауданы.