Жазылған жайдың жаңғырығы
2010 жылғы 12 наурызда осындай тақырыппен жарияланған сұхбатта атақты ақынымыз Олжас Сүлейменов өзі, өмірі, өлеңі туралы, заман, қоғам, адам жайында ордалы ойларын ортаға салған, сол тұста қоғамда талас арқауына айналып тұрған Ел бірлігі доктринасының жобасына қатысты да пікір айтқан болатын. “Жазылған жайдың жаңғырығы” айдарымен “Егемен Қазақстанның” бетінде жарияланған мақалаларға үнқосулар шығып тұратынын жұртшылық жақсы біледі. Әдетте олар сол мақала немесе сұхбат газетте басылғаннан көп уақыт өтпей жарық көретінінен де оқырман қауым хабардар. Дегенмен, біз бұл жолы қалыптасқан дәстүрді бұзып, сонау ерте көктемде, наурыз айында жасалған сұхбатқа үнқосуларды қоңыр күзде назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Мұның себебін сөз түйінінде айтатын боламыз. Алдымен оқырмандар пікірлеріне назар салыңыздар.
***
Олжас атамыздікі шындық. Терең пайымдасақ, тәуелсіздік деген қасиетті ұғым адамзат қоғамының кемелденген сайын жаңа сипаты болатынын, диалектикалық құбылыс екенін мойындау керек. Олжекең қазақ мәселесіне ғаламшарлық тұрғыдан қараған. “Шекспир трагедиялары сияқты кітаптар әдебиетте аз жазылды”, “Еуразияның әрбір мемлекеті өзінің ішкі өмірінің практикасымен нығарлай түсетінін, ал әр елдің ішкі өмірі абсолютті тәуелсіздік жолындағы күрестің ғасырлар бойы жинақталған дәстүрлерінің сарқыншақтарына толы болатынын жақсы ұғынамын. Бұған Доктрина жобасын талқылау барысындағы пікірталас кезінде көзіміз тағы жете түсті” дегендеріне дау айтуға болар еді. Бірақ ол бұл жер емес.Тұтастай алғанда қажетті сұхбат.
***
Мен Олжас ағамызды сонау қылышынан қам тамған кеңес заманындағы “Аз и Я” кітабы үшін ғана сыйлап өтер едім. Ал қазіргі таңда ол кісінің Қазақ үшін атқарып жатқан еңбектері ұшан теңіз! Жасай беріңіз!
***
Олжас Сүлейменов – қазіргі қазақстандық қоғамда іріліктің өлшеміне айналған тұлға. Өздерін оппозицияшыл саясаткерлердің сапына қосатын кейбіреу Олжастың заңғар тұлғасын төмендету арқылы өзін одан зор қылып көрсетуді көксейді. Заманауи қазақ зиялысының қазақи психологиясының көрінісі бұл. Ал О. Сүлейменов болса, қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатып еді ғой! Ірілік дегеніміз – осы! “Арғымақтар”, “Аз и Я”, “Невада-Семей” – Ұлы Даланың Ұлы Рухының О.Сүлейменовтің поэзиясында жандануы, тарихта тірілуі, қоғамдық санада бұлқынуы! Бодандық дәуірінде Түркі халықтарының тілі мен салт-дәстүрін Шумер өркениетіне апарып тіреу, сонымен қатар орыс жасақтарымен соғысқан қыпшақ қолының қаһармандығын империялық астамшыл ойдағы тарихшылар мен саясатшылардың көзіне шұқып тұрып көрсету – қазіргі тәуелсіздік жағдайында, демократиялық қоғамда Кремльге қарап кіжіну немесе Ақордаға қарап айбат шегумен бірдей емес-ті.
***
Олжас Сүлейменовтің білімдарлығына тағы да бір көз жеткізген сәтті сұхбат! Аман болсын, арда ағамыз!!!
***
Шынында да, Олжекеңнің “Аз и Я” кітабы – орыс ғылымының бетіне тартылған шапалақ, үлкен ерлік. Аннотациясында, тіпті КСРО Жаяу Әскерлер Қолбасшысы Олжекеңді: “Сүлейменов – орыс мұрағатына бас жіпсіз жіберілген хайуан” дегенді оқып едік. Олжекеңе осындай тартымды сұхбаттардың арқауы болып, арамызда жүре беруін тілеймін!
***
Қаншама ой, не деген шеберлік. Таңырқамасқа шараң жоқ, білімді болсаң осы кісідей бол! Сізге ұзақ өмір берсін.
***
КЕРЕМЕТ! Бұл да бір Жаратушы Иеміздің құдіреті болар. Елім деп, жерім деп, халқының қамын ойлаған, болашағына үлгі болған Олжас Сүлейменов Омарұлы ағамызды мақтан тұтамын. Құдіретті күштің кереметімен АТА рухы өзіңізге риза болсын. Ұрпағым елім, жерім деп өткен қасиетті Бабаларымыз рухтары демеп, қолдап жүрсін Сізді. Сіз сияқты азаматтар көп болса, ҚАЗАҚ нағыз қазақ болар, Асыл қазақ болар, Ұрпақтары өнегелі, инабатты қыздары бар, қайратты да ұлдары бар елдің де елі болар. Қазақтың атын елге танытқан еңбектеріңізге көп рахмет. Ісіңіз тек өрге өрлесін!!!– дегім келеді.
***
Олжас ағамыз туралы түсінбей жүрген сауалдарыма жауап алғандаймын. Сұхбаттың берері мол. Ағамызға ұзақ ғұмыр тілеймін!
***
Олжас ағамыз орысша тәрбиеленген. Ол кісі өте сауатты. Бірақ ешқашан да қазақ ұлтын сүйе алмайды, қазақ ұлтының жан-тәнін түсіне алмайды. Түсіне алмаған соң, білімі арқылы өз ойын шындыққа шығарады. Меніңше, Олжас ағамыздың айтқанының бәрі шындық емес. Сұлу сөйлейді, бірақ сылдыр сөйлейді. Бұл ары-беріден кейін тапсырыспен жазылған мақала екені көрініп тұр. Жанымызда қырғыздар шулап жатқанда, елге ақыл айтатын осындай басалқалы мақалаларды жариялау керек болған болуы керек...
***
Соңғы жылдары Олжас ағамыздың ауыл-аймаққа барып, елмен кездесіп, арқа-жарқа әңгімелескенін естімеппін. Ауыл – қазақтың алтын құрсағы деп жатамыз. Нағыз ұлтжанды қазақтар ауылда тұрады. Меніңше, ауылдағы қазақ пен Олжас ағамыздың арасы тым алшақ. Ауылдың қазағы Олжасты түсінбейді, Олжас ағамыз оларды түсінбейді. Меніңше, газетке көлдей қып үлкен сұхбат бергеннен гөрі, Олжас ағамыз бір шағын ауылға барып, жұртпен кездесіп, осы айтқандарын керемет әңгімелеп, көзін жеткізіп, елдің алғысын алып жатса, үлкен сауап іс болар еді. Астанада, жылы жерде отырып бәрі сұлу сөйлейді. Елді аралап көрсін, ауылды аралап көрсін, жұртпен тілдессін, қайта бір ай жүріп, таза қазақша үйреніп қайтады. Халықтан артық әулие жоқ. Елмен тығыз араласып жүріп қана елдік мәселелерді айтуға болады. Басқаша айту мүмкін емес.
***
Қателестіңіз, біріншіден, бұл мақала, айтқаныңыздай, қырғыздардың “шуынан” бұрын жарияланған, екіншіден “сылдыр, орысша тәрбиеленген қазақ ұлтын сүйе алмайды, тапсырыс” дегендеріңіз бәрі бекер. Ө Т Е бекер!!!! Артық айтылды, Жаратқан Иеміз таразыласын!
***
Ауыл қазағы, барша қазақ Олжасын аспанға көтеріп сүйеді. Кезінде “Арғымақпен” құйғындатып, евтушенколарды, рождественскийлерді ысырып тастады ғой. Ол кездегі еңбегі Қазақтың зор мәртебесі, ал Олжас ауылдан алыс, қидың иісін сезіп, қара шалдардың әңгімесін естіп, талды ат қылып мініп көрген жоқ. Кітаппен өскен адам ғой. Аналитик екені сөзсіз. Ғажап ойлайтыны да сөзсіз. Алайда, Шекспир бізбен шендесе алмайды!!!
***
Міне, пікірлердің бір парасы осылай дейді. Олардың бәрін көзінен тізіп жариялап жату артық болар, оның үстіне арасында бір бірін қайталайтындары, бұрын жазылған пікірді қостайтынын айтумен шектелгендері де баршылық. Өзіңіз де көріп отырсыз: пікір қосушылардың дені Олжас Сүлейменовпен сұхбатты қажетті, ойлы дүние ретінде бағалайды, ара-арасында ақынды аспанға асыра мақтайтындар да бар, сонымен бірге суреткерді сөзбен “сойып салғандар” да табылады. Бір оқырман газет материалы Қырғызстандағы у-шуға байланысты біздегі қоғамдық пікірге әсер ету үшін жарияланғандай етіп жазыпты, тағы бір оқырман артынша оны теріске шығарып, сұхбаттың көршілердегі шиеленістен бұрын басылғанын айтыпты. Пікір қосушылардың ешқайсысы да сұхбатқа селқос қарамағаны анық. Айтқандай, оқырмандардың аты-жөнін жазбауымыздың сырын түсіндіре кетейік. Интернет кеңістігінде пікір білдірушілердің бүркеншік атпен үнқосуы – қалыптасқан жай. Осы сұхбатқа қатысты ойын жолдағандардың да бірқатары солай еткендей. Қанжығалы, Қаған, Бай Қазақ, Қаймана қазақ, Жаяу, Жанашыр деп қол қоюшылардың бүркеншік атты таңдағанына талас болмас, сонымен бірге Нұрбек, Жанұзақ, Ермек, Ислам, Қайрат, Айнұр, Қарлығаш, Сағдат, Гүлфайруз, Оралхан, Шәкизат, Бану сияқты есімдердің өзі дәл сол адамдардың дәл аты болмауы да әбден мүмкін. Сондықтан біз де фамилия көрсетуден бой тартып отырмыз.
Ал енді біз бұл пікірлерді неге жариялап жатырмыз дегенге келейік. Мұндағы мақсат газет жарияланымының оқырмандар арасындағы жаңғырығын жеткізу ғана емес. Біз осы арқылы “Егемен Қазақстан” оқырмандарына газет мақалаларына үн қосудың, пікір білдірудің жаңа мүмкіндіктері барын айтып, сол мүмкіндікті пайдаланудың жолын нақты көрсеткелі отырмыз.
Қай басылым болса да өз мақалаларының оқырмандарға әсеріне, сөзінің қайтарымына алаңдамай қоймайды. Бұрынғы кезде газет редакциясына оқырман хаттары жиі жолданатын, олардағы пікірлер басылым бетінде жүйелі түрде жарияланып та жататын. Жалпы хат жазу үрдісінің бүкіл әлемде азайғанындай, бізде де оқырманның өз ойын редакцияға хат жолдау арқылы білдіруі кеміп келеді. Бұған да түсіністікпен қараған жөн. Мына жүрдек уақыт, жанталас заман соған әкелді.
Газет сайты сізге “Егемен Қазақстан” бетіндегі мақалаларды оқумен бірге оларға пікір білдіруге де жол ашады. Ендігі жерде өзіңізді толғандырған жарияланым жөнінде қолға қалам алып, хат жазу да, оны конвертке салып, Астанаға жолдау да, ол пікірім газетке шыға ма, шықпай ма деп алаң көңілмен күту де тіпті шарт болмай қалды. Ендігі жерде сіз бұл үшін:
1. Интернетті қосасыз.
2. Латын әріптерімен www.egemen.kz деп теріп, газет сайтын ашасыз.
3. Оқыған мақалаңыздың соңында
Пікір жазу
Атыңызды жазыңыз
E-mail адресіңіз
Жіберу
деген жазу шығады.
4. Өз аты-жөніңізді, электронды поштаңыздың адресін толтырасыз.
5. Пікір жазасыз.
6. Тінтуір (мышь) арқылы “Жіберу” деп жазылған тұсты басасыз.
Болды. Бар керегі осы ғана. Дұрыс толтырылған жағдайда пікіріңіз екі-үш минөттің айналасында газет сайтына шыға келеді.
Әрине, бұл айтылғаннан газет материалдарын сайт арқылы оқу толыққанды әсер бере алады деген пікір туындамайды. Тасқа басылып, қолыңызға келіп тұрған баспа өнімінің жөні басқа екені белгілі. Оның үстіне сайтқа газет материалдарын түгел салу да мүмкін емес. Дегенмен, сайт арқылы айтқыңыз келген ойды оқырман қауымға тез жеткізудің артықшылығы айдан анық. Біз сізді сол мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.
Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, “Егемен Қазақстан” газеті сайты шығармашылық тобының жетекшісі.