14 Қыркүйек, 2010

“Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды”

795 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жазылған жайдың жаңғырығы 2010 жылғы 12 нау­рыз­да осын­дай тақы­рып­пен жария­ланған сұх­батта атақты ақы­ны­мыз Олжас Сүлейме­нов өзі, өмірі, өлеңі ту­ралы, заман, қоғам, адам жайында ордалы ойларын ортаға салған, сол тұста қоғамда талас арқауына айналып тұрған Ел бірлігі док­тринасының жобасына қатысты да пікір айтқан болатын. “Жа­зылған жайдың жаңғырығы” айдарымен “Егемен Қазақстанның” бетінде жарияланған мақалаларға үнқосулар шығып тұратынын жұртшылық жақсы біледі. Әдетте олар сол мақала немесе сұхбат газетте басылғаннан көп уақыт өтпей жарық көретінінен де оқырман қауым хабардар. Дегенмен, біз бұл жолы қалыптасқан дәстүрді бұзып, сонау ерте көктемде, наурыз айында жасалған сұхбатқа үнқосуларды қоңыр күзде назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Мұның себебін сөз түйінінде айтатын боламыз. Алдымен оқырмандар пікірлеріне назар салыңыздар. *** Олжас атамыздікі шындық. Терең пайымдасақ, тәуелсіздік де­ген қасиетті ұғым адамзат қо­ғам­ы­ның кемелденген сайын жаңа сипаты болатынын, диалектикалық құбылыс екенін мойындау керек. Олжекең қазақ мәселесіне ға­лам­шарлық тұр­ғыдан қараған. “Шекс­пир тра­гедия­лары сияқты кітап­тар әдебиетте аз жазылды”, “Еур­азия­ның әрбір мемлекеті өзінің ішкі өмі­рінің практика­сымен нығарлай түсетінін, ал әр елдің ішкі өмірі абсолютті тәуел­сіз­дік жолындағы күрестің ғасырлар бойы жи­нақталған дәстүрлерінің сарқын­шақ­тарына толы бола­тынын жақсы ұғына­мын. Бұған Доктрина жобасын талқылау барысындағы пікірталас кезінде көзіміз тағы жете түсті” дегендеріне дау айтуға болар еді. Бірақ ол бұл жер емес.Тұтастай алғанда қажетті сұхбат. *** Мен Олжас ағамызды сонау қылы­шынан қам тамған кеңес заманындағы “Аз и Я” кітабы үшін ғана сыйлап өтер едім. Ал қазіргі таңда ол кісінің Қазақ үшін атқарып жатқан еңбектері ұшан теңіз! Жасай беріңіз! *** Олжас Сүлейменов – қазіргі қазақстандық қоғамда іріліктің өлшеміне айналған тұлға. Өздерін оппозицияшыл саясаткерлердің сапына қосатын кейбіреу Олжас­тың заңғар тұлғасын төмендету арқылы өзін одан зор қылып көр­сетуді көксейді. Заманауи қазақ зия­лысының қазақи психо­ло­гиясының көрінісі бұл. Ал О. Сүлейменов болса, қылышынан қан тамған ке­ңестік кезеңде Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатып еді ғой! Ірілік дегеніміз – осы! “Арғымақтар”, “Аз и Я”, “Не­вада-Семей” – Ұлы Даланың Ұлы Рухының О.Сүлей­меновтің поэ­зиясында жандануы, тарихта ті­рілуі, қоғамдық санада бұлқынуы! Бо­дандық дәуірінде Түркі ха­лық­тарының тілі мен салт-дәстүрін Шумер өрке­ниетіне апарып тіреу, со­нымен қатар орыс жасақ­тарымен соғысқан қыпшақ қолының қа­һарман­дығын империялық астам­шыл ой­дағы тарихшылар мен сая­сатшылардың кө­зі­не шұқып тұрып көрсету – қазіргі тәуел­сіздік жағдайында, демократиялық қо­ғамда Кремльге қарап кіжіну немесе Ақордаға қарап айбат ше­гу­мен бірдей емес-ті. *** Олжас Сүлейменовтің білім­дар­лығына тағы да бір көз жеткізген сәтті сұхбат! Аман болсын, арда ағамыз!!! *** Шынында да, Олжекеңнің “Аз и Я” кітабы – орыс ғылымының бетіне тар­тылған шапалақ, үлкен ерлік. Аннота­циясында, тіпті КСРО Жаяу Әскерлер Қолбасшысы Олжекеңді: “Сүлейменов – орыс мұрағатына бас жіпсіз жіберілген хайуан” дегенді оқып едік. Ол­­­жекеңе осындай тартымды сұх­баттардың арқауы болып, арамызда жүре беруін тілеймін! *** Қаншама ой, не деген ше­берлік. Таңырқамасқа шараң жоқ, білімді болсаң осы кісідей бол! Сізге ұзақ өмір берсін. *** КЕРЕМЕТ! Бұл да бір Жаратушы Иеміздің құдіреті болар. Елім деп, жерім деп, халқының қамын ойлаған, болашағына үлгі болған Олжас Сүлейменов Омар­ұлы ағамызды мақтан тұтамын. Құдіретті күштің кере­метімен АТА рухы өзіңізге риза болсын. Ұр­пағым елім, жерім деп өткен қа­сиетті Бабаларымыз рухтары демеп, қолдап жүрсін Сізді. Сіз сияқ­ты азаматтар көп болса, ҚАЗАҚ нағыз қазақ болар, Асыл қазақ болар, Ұрпақтары өнегелі, инабатты қыздары бар, қайратты да ұлдары бар елдің де елі болар. Қазақтың атын елге танытқан еңбектеріңізге көп рахмет. Ісіңіз тек өрге өрлесін!!!– дегім келеді. *** Олжас ағамыз туралы түсінбей жүрген сауалдарыма жауап алғандаймын. Сұхбат­тың берері мол. Ағамызға ұзақ ғұмыр тілеймін! *** Олжас ағамыз орысша тәрбие­ленген. Ол кісі өте сауатты. Бірақ еш­қашан да қазақ ұлтын сүйе алмайды, қазақ ұлтының жан-тәнін түсіне алмайды. Түсіне алмаған соң, білімі арқылы өз ойын шындыққа шы­ғарады. Меніңше, Олжас аға­мыздың айтқанының бәрі шындық емес. Сұлу сөйлейді, бірақ сылдыр сөйлейді. Бұл ары-беріден кейін тапсырыспен жазылған мақала екені көрініп тұр. Жанымызда қырғыздар шулап жатқанда, елге ақыл айтатын осындай басалқалы мақалаларды жариялау керек болған болуы керек... *** Соңғы жылдары Олжас аға­мыздың ауыл-аймаққа барып, елмен кездесіп, арқа-жарқа әңгімелескенін естімеппін. Ауыл – қазақтың алтын құрсағы деп жатамыз. Нағыз ұлтжанды қазақтар ауылда тұрады. Меніңше, ауылдағы қазақ пен Олжас ағамыздың арасы тым алшақ. Ауылдың қазағы Олжасты түсінбейді, Олжас ағамыз оларды түсінбейді. Меніңше, газетке көлдей қып үлкен сұхбат бергеннен гөрі, Олжас ағамыз бір шағын ауылға барып, жұртпен кездесіп, осы айтқандарын керемет әңгімелеп, көзін жеткізіп, елдің алғысын алып жатса, үлкен сауап іс болар еді. Астанада, жылы жерде отырып бәрі сұлу сөйлейді. Елді аралап көрсін, ауылды аралап көрсін, жұртпен тілдессін, қайта бір ай жүріп, таза қазақша үйреніп қайтады. Халықтан артық әулие жоқ. Елмен тығыз араласып жүріп қана елдік мәселелерді айтуға болады. Басқаша айту мүмкін емес. *** Қателестіңіз, біріншіден, бұл мақала, айтқаныңыздай, қыр­ғыздардың “шуынан” бұрын жарияланған, екіншіден “сылдыр, орысша тәрбиеленген қазақ ұлтын сүйе алмайды, тапсырыс” деген­деріңіз бәрі бекер. Ө Т Е бекер!!!! Артық айтылды, Жаратқан Иеміз таразыласын! *** Ауыл қазағы, барша қазақ Олжасын аспанға көтеріп сүйеді. Кезінде “Арғы­мақпен” құйғын­датып, евтушенколарды, рождест­вен­скийлерді ысырып тастады ғой. Ол кездегі еңбегі Қазақтың зор мәртебесі, ал Олжас ауылдан алыс, қидың иісін сезіп, қара шалдардың әңгімесін естіп, талды ат қылып мініп көрген жоқ. Кітаппен өскен адам ғой. Аналитик екені сөзсіз. Ғажап ойлайтыны да сөзсіз. Алайда, Шекспир бізбен шендесе алмайды!!! *** Міне, пікірлердің бір парасы осылай дейді. Олардың бәрін көзінен тізіп жариялап жату артық болар, оның үстіне арасында бір бірін қайталайтындары, бұрын жазылған пікірді қостайтынын айтумен шектелгендері де бар­шылық. Өзіңіз де көріп отырсыз: пікір қосу­шылардың дені Олжас Сүлей­меновпен сұхбатты қажетті, ойлы дүние ретінде бағалайды, ара-арасында ақынды аспанға асыра мақтайтындар да бар, сонымен бірге суреткерді сөзбен “сой­ып салғандар” да табылады. Бір оқырман газет ма­териалы Қыр­ғызстандағы у-шуға байланысты біздегі қо­ғам­дық пікірге әсер ету үшін жарияланғандай етіп жа­зыпты, тағы бір оқырман артынша оны теріске шығарып, сұхбаттың көршілердегі шие­леністен бұрын басылғанын айтыпты. Пікір қосу­шылардың ешқайсысы да сұхбатқа селқос қарамағаны анық. Айтқандай, оқыр­мандардың аты-жөнін жаз­бауымыздың сырын түсіндіре кетейік. Интернет кеңіс­тігінде пікір білдірушілердің бүркеншік атпен үнқосуы – қалыптасқан жай. Осы сұх­батқа қатыс­ты ойын жол­да­ғандардың да бірқатары солай еткендей. Қанжығалы, Қаған, Бай Қазақ, Қаймана қазақ, Жаяу, Жа­­нашыр деп қол қоюшылардың бүр­кен­шік атты таң­дағанына талас болмас, со­нымен бірге Нұрбек, Жанұзақ, Ермек, Ис­лам, Қайрат, Айнұр, Қарлығаш, Сағдат, Гүл­­фай­руз, Оралхан, Шәкизат, Бану сияқты есімдердің өзі дәл сол адамдардың дәл аты болмауы да әбден мүмкін. Сондықтан біз де фамилия көрсетуден бой тартып отырмыз. Ал енді біз бұл пікірлерді неге жария­лап жатырмыз дегенге келейік. Мұндағы мақсат газет жария­ланымының оқырман­дар арасындағы жаңғырығын жеткізу ғана емес. Біз осы арқылы “Егемен Қазақстан” оқырмандарына газет мақалаларына үн қосудың, пікір білдірудің жаңа мүмкін­дік­тері барын айтып, сол мүмкіндікті пайда­ланудың жолын нақты көрсеткелі отырмыз. Қай басылым болса да өз мақа­ла­ларының оқырмандарға әсеріне, сөзінің қай­тарымына алаңдамай қоймайды. Бұ­рынғы кезде газет редакциясына оқырман хаттары жиі жолданатын, олардағы пікір­лер басылым бетінде жүйелі түрде жария­ланып та жататын. Жалпы хат жазу үрді­сінің бүкіл әлемде азайғанындай, бізде де оқырманның өз ойын редакцияға хат жолдау арқылы білдіруі кеміп келеді. Бұған да түсіністікпен қараған жөн. Мына жүр­дек уақыт, жанталас заман соған әкелді. Газет сайты сізге “Егемен Қазақстан” бетіндегі мақалаларды оқумен бірге оларға пікір білдіруге де жол ашады. Ендігі жерде өзіңізді толғандырған жарияланым жөнінде қолға қалам алып, хат жазу да, оны конвертке салып, Астанаға жолдау да, ол пікірім газетке шыға ма, шықпай ма деп алаң көңілмен күту де тіпті шарт болмай қалды. Ендігі жерде сіз бұл үшін: 1. Интернетті қосасыз. 2. Латын әріптерімен www.egemen.kz деп теріп, газет сайтын ашасыз. 3. Оқыған мақалаңыздың соңында Пікір жазу Атыңызды жазыңыз E-mail адресіңіз Жіберу деген жазу шығады. 4. Өз аты-жөніңізді, электронды поштаңыздың адресін толтырасыз. 5. Пікір жазасыз. 6. Тінтуір (мышь) арқылы “Жіберу” деп жазылған тұсты басасыз. Болды. Бар керегі осы ғана. Дұрыс толтырылған жағдайда пікіріңіз екі-үш минөттің айналасында газет сайтына шыға келеді. Әрине, бұл айтылғаннан газет мате­риалдарын сайт арқылы оқу толыққанды әсер бере алады деген пікір туындамайды. Тасқа басылып, қолыңызға келіп тұрған баспа өнімінің жөні басқа екені белгілі. Оның үстіне сайтқа газет материалдарын түгел салу да мүмкін емес. Дегенмен, сайт арқылы айтқыңыз келген ойды оқырман қауымға тез жеткізудің артықшылығы айдан анық. Біз сізді сол мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз. Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, “Егемен Қазақстан” газеті сайты шығармашылық тобының жетекшісі.