14 Қыркүйек, 2010

Қарышты қарқын қарымы

534 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Сараптама Биылғы жылдың бірінші жартысында Қазақстан экономикасы өсудің қарымды қарқынына қол жеткізді. Енді елдің ішкі жалпы өнімі 2008 жылдың басындағы деңгейіне жетуі үшін, сыртқы әсерлер қазіргідей қолайлы болып тұра берсе, осыған дейін Үкімет болжап келгеннен де аз уақыт керек екен. Статистика агенттігінің жедел мәлімет­теріне қарағанда, бірінші жартыжыл­дықтағы ішкі жал­пы өнімнің көлемі осы күнгі бағамен 8733,0 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, нақты өлшемде 8 пайыздық өсудің бар екенін көрсетеді. Оның бұлайша қарыштап өсуіне екі түрлі фактор оң әсер етсе керек. Олардың біріншісі салыстыру үшін алынған 2009 жылғы база негізінің төмен екендігі (өткен жылғы қаңтар-маусым аралы­ғында ІЖӨ құлауы 2,3 %-ға дейін барып еді) болса, екіншісі экспортқа шығарылған тауар­ларға деген сұраныстың артып, бағаның көтеріліп кетуінен іздестіріледі. Сарапшылар қазір біз бірінші жарты­жыл­дық­та сыртқа шығарған тауарлардың басым бө­лі­гінің әлемдік бағасы, бұдан бұрынғы жылмен салыстырғанда, айтар­лық­тай өсіп кетті деп отыр. Ол тіпті Үкімет болжағаннан да жоғары шыққан. Соның ішінде Brent сұрыпты мұнай бағасының күрт көтерілгені бірден бай­қалуда. Айталық, оның баррелі 2009 жыл­дың осы мезгілінде 52,06 доллар тұрған болса, қазір 77,67 доллардан қайырылады. Көріп тұрған­дарың­ыздай, бұл биылғы жылдың бюджетінің негізі қаланып жатқан кездегі бағадан бір жарым еседен астам жоғары. Жаһан рыногында еліміздің экспорттық тауарлары арасында мәні жағынан екінші бұйым болып табылатын түсті металлдың бағасы да шарықтап өскен. Атап айтқанда, өткен жылдың бірінші жартысына қарағанда, мыс – 76, мырыш – 63, қорғасын – 57, аллюминий мен қалайы 43 пайызға қымбаттаған. Айналып келгенде, бағаның жақсаруы мен теңгеру базасының төмен болып келуі өнеркәсіп өндірісінің нәтижесіне оң серпін берді. Осының салдарынан өткен жылдың салыстыру нысаны болып тұрған уақытқа қарағанда, биылғы сондай мерзім аралығында өндіріс көлемінің табиғи өсімі 11 пайызды көрсетті. Былтыр осы кезеңде ол 2,7 пайызға кері кеткен еді. Жалпы, бізде биыл құрылыс пен негізгі капиталға инвестиция салудан басқа нақтылы секторлардың бәрінде, сондай-ақ қызмет көрсету саласында айтарлықтай жоғары қарқын бары көрініп тұр. Мұнда тек құрылыс көлемі мен инвестиция салу тиісінше 3,9 және 4,8 пайызға артқа кеткен. Ал ауыл шаруа­шылығы саласында керісінше жалпы өнімнің ауқымы 3,1 пайызға көбейе түскен. Бірінші жартыжылдықта бөлшек сауда тауар айналымы көлемі – 13,1, көлікпен тасымалдау қарқыны – 6,8, байланыс қызметі 5,3 пайызға артты. Өткен жылдың салыстыру кезеңінде шын мәнінде тауар өндіру мен қызмет көр­се­ту­дің барлық дерлік салаларында құлдырау орын алған. Тұтастай қарағанда, өткен жылғы алғашқы 6 айымен салыстырғанда, биылғы тауар өндіру көлемі – 7,3, қызмет көрсету 4,8 пайызға артық шыққан. Өндірістің құрылымы да былтырғыға қара­ған­да айтарлықтай елеулі өзгерістерге ұшыра­ған. Нақты айтсақ, ауыл шаруашы­лы­ғының үлесі 3,2-ден 2,6 пайызға, құ­рылыстың үлесі 8,3-тен 5,9 пайызға азайса, ал өнеркәсіп кері­сінше 29,4-тен 32,0 пайызға ұлғайған. Тұта­сы­мен алғанда, ІЖӨ-дегі тауар өндіру үлесі былтырғы салыстырмалы уақыттағы 40,9-дан 40,5 пайызға, ал қызмет көрсету 59,3-тен 56,8 пайызға кеміп кеткен. Экономика құры­лы­мын­дағы осынау өзгерістер бұл секторлардың әртүрлі қарқынмен дамуына да, тауар мен қызмет түрлері бағаларының құбылуына да байланысты пайда болған. Әлбетте, экспортқа шығарылған тауар­лар бағасының көтерілуімен бірге, тауар­лар өндіру мен қызмет түрлерінің табиғи көлемі өсуі ішкі жалпы өнім құнының қарқынына әсер етпей қоймайды. Сон­дық­тан да бұл көрсеткіш, жо­ғарыда атап өткеніміздей, 8733,0 млрд. теңгеге жетіп, 2009 жылдың осы мезгіліне қарағанда, 35,5 пайыздық ілгерілеушілік жасалды. Мұн­да ІЖӨ долларға шаққанда, үштен бір бөліктей болып өсіп, 59,3 млрд. доллар болғанын да айта ке­туіміз керек. Салыс­тыру үшін келтірейік, осы көрсеткіш бойынша рекордтық деңгей тір­кел­ген 2008 жылдың бірінші жартысында Қа­зақстан ішкі жалпы өнімін 57,7 млрд. долларға, немесе 6,95 трлн. теңге сомасына жеткізді. Осылайша бірінші жартыжылдықта ІЖӨ динамикасына өнеркәсіп өсімінің жоғары қарқыны, экспорт тауарлары құны көлемінің кең ауқымда өсуі, сонымен қатар тауар айна­лы­мы сальдосының бұлардан да гөрі айтар­лық­тай жақсаруы негізгі ықпал жасады. Қазақ­стан­ның биылғы жылғы қаңтар-маусым аралы­ғын­дағы сыртқы сауда айналымы 42,5 млрд. дол­ларды құрады. Бұл өткен жылдың осы мезгіліне қарағанда 40,1 пайызға артық. Осы тұста экспорттың өсуі 72,2 пайызға жетіп, 29,6 млрд. АҚШ долларына теңессе, керісінше импорттың ауқымы 1,8 пайызға кеміп, 13 млрд. доллармен тұйықталды. Сыртқы сауда айналымы динамикасы­на оң әсер еткен негізгі факторлар қата­рында экспортқа шығарылған тауарлар бағасының артуы, экспорттың табиғи өсімі, сондай-ақ салыстыру базасының төмендігі бар. Мәселен, былтырғы жылғы осы кезеңде оның алдындағы салыстыр­малы мерзімге қарағанда, экспорт ауқымы екі еседен астам азайып, сауда балансы про­фициті, яғни пайдасы күрт қысқарып кет­кен еді. Осының аясында биылғы жылдың бірін­ші жартысындағы сауданың оң сальдосы төрт еседен астам өсіп, 16,6 млрд. АҚШ дол­ларын құрады. Статистердің бағалауынша, осы уақытта бір айдағы атаулы орташа жалақы 72 692 теңге болып, былтырғы тиісті кезеңмен салыс­тыр­ған­да, 12,4 пайызға артқан. Ал нақтылы мөл­шер­лемеде ол 5,0 пайызды құрайды. Шілде айында бұл деңгей тағы артқан. Тұрғындар тапқан ақшалай табыс көлемі 38 359 теңге болып, атаулы және нақтылы өлшемдерде тиісінше 15,7 және 8 пайыздар мөлшеріне көтерілген. Осыларға қарап отырып, үстіміздегі жылдың ал­ғашқы жартысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысы алдын-ала бол­жанған шамадан әлдеқайда жоғары болғанын пайымдауы­мызға болады. Сөйтіп, базалық салалар­дағы әлемдік рынок бағаларының өсу жағдайы, тұтастай алғанда, экономиканы қалпына келтіру өсімінің де жоғары қарқынын байқатты. Бұл тұтас көрініске тек әлі күнге дейін жағдайы күрделі күйінде қалып тұрған банк секторы ғана қосыла алмайтын шығар. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысын­да Қазақстанмен бірге Өзбекстан да ішкі жалпы өнімнің өсуінен 8 пайыздық көр­сет­кішке жетті. Бұл күллі ТМД елдері ара­сындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Айталық, осы уа­қытта Тә­жікстан 7 пайыздан сәл жоғары дең­гейден табылса, Армения мен Беларусь 6 пайыз­дың ауқымынан асты. Өсімнің оң дина­ми­касына Достастықтың басқа елдері де қол жеткізді. ТМД статистика коми­тетінің мәлі­меттері бойынша, жылдың бірінші жарты­сында ІЖӨ-нің ТМД ел­деріндегі орташа өсуі 4 пайыздың шама­сында деп бағаланса, өнер­кәсіп өнімінің өсімі 10 пайызға жақындаған. Бұдан екі апта бұрын жарияланған ақпарат­қа қарағанда, еліміздің экономи­калық ахуалы шілде айында өзінің тұрақты қалпын сақтап қалған. Ай ішінде өнеркәсіп өнімдерін өн­дірудің табиғи көлемінің индексі 2009 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайыз жо­ға­ры болып шыққан. Осының негізінде өнер­кәсіп өнімдерін өндірудің бірінші жартыжыл­дықтағы өсу деңгейіне өзгеріс енбеген. Мұнда өнімнің қазіргі бағадағы көлемі ай көлемінде 960 млрд. теңгеге өсіп, жеті айдағы көрсеткіш 6 474,7 млрд. теңгеге барып тоқтаған. Өткен жеті айда тау-кен өнеркәсібінің таби­ғи өсу индексі 5,8 пайызға шамаланды. Өнді­рістің өсуі шикі мұнай мен газ конденсатын (5,6 %), табиғи газды (5,0 %), көмір мен темір кен­дерін өндіруді ұлғайту негізінде мүмкін болды. Мұнда отын-энергетикалық пайдалы қазбаларды алуды ұлғайту түсті металл кені көлемінің түсіп кетуімен тұспа-тұс келді. Есепті кезеңде өнім өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқы­ны 19,4 пайызды құрады. Азық-түлік, өңделген мұнай өнімдері, тоқыма бұйымдар, құрылыс материалдары, металлургия және химия өнер­кә­сібінің өнімдері біршама артты. Қаңтар-шілде айларында ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы ішкі жалпы өнім көлемі ағымдағы бағамен 460,0 млрд. теңгеге теңесіп, өсу қарқы­ны жартыжылдық қорытындысындағы 3,1 пайыз­дан 1,3 пайызға кейін шегеріліп кетті. Сонымен бірге, бөлшек сауда айналымы кө­лемі­нің өсу қарқыны ай ішінде 13,1-ден 13,3 пайызға көтерілді. Жүк тасымалдау ауқымы 10,4 пайызға өсіп, ол 201,3 млрд. тонна-шақырымға теңесті. Бұдан басқа, ұзақ уақытқа созылған құлдыраудан кейін, шілде айында құрылыс-монтаж жұмыс­тары­ның көлемі аз да болса өскен сыңай танытты. Оның қаңтар-шілде аралы­ғын­дағы көлемі 892,1 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңінен 0,1 пайызға артықтығын байқатты. Шілдеде қаржы салу саласында да ілгерілеу үрдісі болды. Жеті айда негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция көлемі 2 257,6 млрд. теңгеге тірелді. Бұл айда негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция осының алдындағы айдағы 4,8 пайыздан 2,9 пайызға дейін азайды. Кә­сіпорынның өз қаржысы жетіспей жатқан кезде, кредит ресурсының тапшылығы мен оның қымбаттауы жағдайында құлдырау қар­қы­нының баяулауы мекеме мен тұрғындардың қаржылай үлестерінің, сондай-ақ бюджеттің ұлғайтылуы, бұған керісінше, онымен бір мез­гілде шетелдік инвестициялар мен заем қаржы­ларының қысқаруы есебінен қамтамасыз етілді. Шілде айының мәліметтері, ауа райы жағ­дай­ына қатысты қолайсыздықты көбірек кешкен ауыл шаруашылығынан басқа, базалық салалардың барлығында да іс жүзінде жағдайдың жақсара бастағанын көрсетеді. Нәтижесінде қаңтар-шілде шегіндегі қысқа мерзімдік экономикалық индикатор жыл ішіндегі ең жоғары нүктеге жетіп, ол 109,2 пайызды құрады. Мамандар сонымен қатар ағымдағы жыл­дың екінші жартысында отандық экономика­ның біртіндеп төмен түсе бастауы ықтимал екенін де айтады. Мұн­дай қауіпке бірнеше фактор қозғау салып отыр. Мысалы, ендігі жерде салыстырып қарау үшін алынатын базаның өсетіні, соның ішінде экспортқа шығарылатын тауарлар бағаларының біртіндеп теңесуі сондай себептерге жатады. Сол сияқты осының алдындағы ре­корд­тық көрсеткішті жылдарға қара­ғанда, дәнді дақылдар көлемі қысқарып кетуіне байланысты ауыл шаруашылығында байқала­тын айтарлықтай баяулау үдерісі де белгілі бір рөл ойнайды. Соған қарамастан, қаңтар-шіл­де аралығын­дағы нақтылы көрсеткіштерді, ­сон­дай-ақ кү­тіліп отырған қолайлы бағалық конъюнктураны ескергенде экономиканың тұтастай жыл ішінде 5-7 пайыз деңгейінде өсуі сақ­талатынына үміт артуға болады. Бұл Үкіметтің алдын-ала болжа­ғанынан еселей көп. Жақында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишім­баев Қазақ­станның 2010 жылғы ішкі жалпы өнімі өсуінің 5 пайыз болатынын қадап тұрып айтты. Бұл деңгейдің өзі Үкіметтің жыл қорытындысына жаз басында жасаған бол­жамы­нан 1 пайызға, ал қаңтарда болжағанынан 3 пайызға артық. Бірақ, сарапшылар еліміздің экономикасы өсуі­нің негізгі қозғаушы күші болып отырған әлем­дік конъюнктура жылдың екінші жартысында өзгеріп кетуі мүмкін деген де болжам білдіреді. Соның салдарынан қазіргі өсу деңгейі біршама төмен түсіп, 5 пайыздың маңайында тоқтауы ықтимал. Дегенмен, мұның бәрі әзірге болжам ғана. Ол мұнайдың Brent сұры­бы баррелінің бағасы 65 доллардан болып тұрған жағдайдан шығарылып алынып отыр. Ал жағдай бұдан да гөрі қолайлы бола қалса, рес­публиканың 2010 жылға белгіленген бюд­жетінің күзгі қаралымында көрініс беруі мүмкін. Бірінші жартыжылдықтағы жақсы нәтиже­лерге қарағанда, солай болып қалуы да ғажап емес. Жылдың бірінші және екінші тоқсан­дарында өнеркәсіп өндірісінің өсуі тиісінше 11,6 және 12 пайыз мөлшерлерінде болды. Осы­ның өзі экономика өсімінің жоғары қар­қында екеніне еш күмән тудырмайды. Бұлар, әсіресе, 2009 жылдың ІV тоқсанындағы 9,6 пайыздың қасында әлдеқайда қауқарлы болып көрінер еді. Бұдан бөлек, жылдың екінші жартысынан дәстүрлі түрде қаржы секторының жандана түсуі мен нақты секторды несиелеудің біршама жақсаруы күтілуде. Осы жерде Үкі­мет­тің өткен жылдың соңында 2010 жылғы ішкі жалпы өнімнің өсімін 2,5 пайызға болжап алып, қаңтардың басында бұл мөлшерді 2 пайызға дейін түсіре қарастырғанын да еске алған абзал. Ол мұнай баррелін сол кезде 2010 жылға – 58 доллар, 2011 жылға 60 доллар мөл­шерінде болжамды бағалау негізінде жасалған еді. Үкіметтің бұл сақ­тығын сонда рейтинг агенттіктері, банктер және Халықаралық ва­люта қоры қолдаған болатын. Биылғы мамыр айында жарық көрген Халықаралық валюта қорының “Ай­мақтық экономика дамуының перс­пек­тивалары” атты ресми баяндамасында Кавказ бен Орталық Азия елдерінде қар­жы дағдарысының зардаптары соңынан еңсе көтерудің алғашқы белгілері байқал­ғаны, ал Қазақстан мен Әзірбайжаннан 2-3 пайыз өсу күтілетіні айтылған. Осы аралықта тек санаулы ғана сарап­шылар бұлардан гөрі оптимистік көзқараста болды. Мысалы, Standart & Poor‘s өкілі Екатерина Тро­фимова ағымдағы жылдың ақпан айында жақсы сыртқы ахуал орнаған жағдайда Қазақстанның 2010 жылғы экономикалық өсуі 5 пайызға дейін көтерілетінін білдірді. Ал халықаралық инвест-топтың жетекші маманы Иван Чакаров 2009 жылдың күзінде-ақ дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанды ТМД елдеріндегі басқа көршілеріне қарағанда жақсы болашақ күтіп тұрғанын айтып еді. Оның пікірінше, біздің ел Достастықтың басқа дәулеттерінен гөрі дағдарыстан күштірек қалыпта шығуға тиіс. Себебі, Қазақстан дағдарыс кезінде ішкі жалпы өнімнің қалқып төмен түсуіне қол жеткізіп, көп бөлігі шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына және инфрақұрылымға бағытталған дағдарысқа қарсы жақсы бағдарлама жасай білген. Бұған қоса Nomura 2010 жылы мұнай баррелінің бағасы – 72, ал 2011 жылы 75 долларға дейін көтерілетінін болжап отыр. Осы деректердің өзі бізге жақын болашаққа, келер жылға оптимистік көзбен қарау керек екенін білдіреді. Серік ПІРНАЗАР, Астана.