Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты ғимаратында Партияаралық кеңестің отырысы болып, онда мемлекеттік органдардың көші-қон саясатын жүргізуіне, мемлекет мүддесі мен оралмандар құқықтарының сақталуына талдау жасауға ерекше ден қойылды.
Еліміз егемендік алған жылдан бастап 730 мыңнан астам этностық қазақтар тарихи Отанына оралғаны белгілі. Қазіргі таңда оралмандардың құқықтары мен мәртебесін белгілейтін бірқатар заңдық құжаттар бар. Атап айтқанда, 1997 жылғы 13 желтоқсандағы “Халық көші-қоны туралы” Заң, 2003 жылғы 10 шілдедегі “Ауыл аумақтарын дамытудың 2004-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы”, 2006 жылғы 28 тамыздағы “Қазақстан Республикасын аумақтық дамытудың 2015 жылға дейінгі стратегиясы туралы”, 2007 жылғы 28 тамыздағы “Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты туралы 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Президент Жарлықтары күшіне енген.
Алайда оралмандар мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. “Нұр Отан” ХДП хатшысы Ерлан Қарин елге оралған 800 мыңға тарта этностық қазақтардың 400 мыңы еңбекке қабілетті болса, соның тек 49 пайызы ғана жұмысқа орналастырылғандығын жеткізді. Мысалы, Ақмола облысының “Қызылжар” ауылында “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша 200-ге тарта отбасына баспана тұрғызылып, жұмыспен қамту қолға алынуы керек болса, жақын маңдағы Васильков кен-байыту комбинатынан тек 53 оралман ғана екі қолға бір жұмыс тапқаны белгілі болып отыр.
Тексеріс көрсеткендей, бой көтерген баспаналар сапасыз немесе тіпті тұруға қолайсыз екені анықталыпты. Елге оралған қандастарымыздың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өмір сүруді қолайлы көреді екен. Ерлан Тынымбайұлының пікірінше, бұл жағдай онсыз да қиындық кешіп отырған бәсекелі еңбек рыногын шиеленістіріп отыр. Айлап азаматтық алу, тіркелу сияқты ресімдеулерден өту және де қайтара өту оралмандарға үлкен қиындықтар туғызуда.
Шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына оралту мәселесі әлі түбегейлі шешімін таппай отырса, Руханият Жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин әсіресе, ол Қазақстан мен Қытай арасында кездесетінін алға тартты. Оның пайымынша, бұл мәселенің шешімін екі ел арасындағы халықаралық келісім арқылы тапқызуға болады. Сондай-ақ, Үрімші қаласында Қазақстанның мәдени орталығын ашу сол жердегі отандастарымызбен байланыс жасауға ерекше серпін беруге тиіс. Ал отырысқа қатысқан “Әділет” партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев оралмандар мәселесін Оңтүстік Қазақстан облысындағы сияқты жер телімдерін, өздеріне баспана салуға несие беру арқылы шешуге болады деп санайды. Бұл тәжірибені барлық өңірлерге ұсынуға болар еді, дейді Мақсұт Сұлтанұлы.
Осылайша отырыс барысында көптеген ұсыныс, пікірлер және пайымдар ортаға салынды. Енді сол айтылған ұсынымдар Парламентте жатқан көші-қон туралы заң жобасын жан-жақты дамытуға пайдаланылады. Отырыстың мақсаты да сол партиялардың ұсыныстары мен пікірлерін бір арнаға түсіру болған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.