14 Қыркүйек, 2010

Өркендеуге қадам басқан өңірде оң өзгеріс көп

636 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен барып, облыстағы индустриялық-иновациялық жобалардың іске асу барысымен, партиялық оқудың жай-күйімен танысты. Өркендеуге қадам басқан өңірде оң өзгеріс көп Елбасының жанында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин болды. Елбасы бастаған делегацияны Ақтөбе халықаралық әуежайында облыс әкімі Елеусін Сағындықов қарсы алды. Жаңа өнімдерге сұраныс көп Президенттік кортеж әуежайдан бір­ден өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп отырған іргелі кәсіпорын­дардың бірі – “Ақтөберентген” акцио­нерлік қоғамына ат басын тіреді. “Ақтөберентген” акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Рахым­жан Исмағамбетов Елбасын кәсіпорын­ның бүгінгі тыныс-тіршілігімен және осында соңғы кездері шығарыла бастаған жаңа өнімдермен таныстырды. Ол Нұр­сұлтан Әбішұлына “Арман-2” және “Ар­ман-32” флюрографиялық қондырғысын көрсетті. Одан кейін жаңа құрастырылып жатқан компьютерлік томограф жанына тоқталып, осы заманғы озық медицина­лық қондырғының артықшылықтары мен тиімділігі туралы әңгімеледі. Акционерлік қоғамның құрылтай­шысы “АРСНО” ЖШС екені белгілі. “Ақ­төберентген” АҚ елімізде медицина­лық және өнеркәсіптік рентгендік аппаратын өндіретін жалғыз кәсіпорын болып табылады. Мұнда алып жүрілетін және жылжымалы рентгендік диагнос­ти­калық және флюрографиялық аппараты, сонымен қатар дәнекерлеу жалғамалары­ның дефектоскопиясы үшін стационар­лық және жылжымалы өнеркәсіптік аппаратын шығарады. Кәсіпорын шығаратын 28 түрлі рентген аппаратын әлемнің жиырма үш елі пайдаланады. Олар ТМД елдерінде және шетелдерде үлкен сұранысқа ие бо­лып отыр. Мұнда ресейлік әріптестермен үш бірлескен кәсіпорын құрылған. “Ақтөберентген” АҚ шығаратын өнімнің ассортиментін және сапалық өлшемдерін кеңейте отырып, инновация саласына елеулі көлемде қаражат бөлуде. Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кәсіпорын өз қаражаты және “Қазақстан Даму Банкі” АҚ несиесімен қаржыланатын 16 қиықты осы заманғы компьютерлік томографтар өндіру жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба “General Electrіc Healthcare” (АҚШ) ком­паниясымен бірге ТМД елдері аумағында бірінші рет қолға алынып отыр. Өндірісті технологиялық жарақтан­дыру, өндірістің мәдениеті мен қауіпсіздігі “GE Healthcare”-нің барлық талаптарына сай келетін дайындық жұмыстары жүр­гізіл­ді. Маусым айында компьютерлік томо­графтарды құрастырудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өндірістік желі­нің жоспарланған қуаттылығы жылына 28 компьютерлік томограф шығаруға мүм­кіндік береді, бағасы осындай шетелдік қондырғыларға қарағанда 30 пайызға төмен. Компьютерлік томограф өндірісі үшін осы заманғы аса жоғары техно­логиялық медициналық техника өндірілетін жалпы алаңы 900 шаршы метр №3 жаңа құрастыру цехы құрылды. Жобаның іске асырылуы осы заманғы медициналық рентгендік аппаратпен ден­саулық сақтау жүйесі мекемелерін қамта­ма­сыз ете алады. Кәсіпорын өнімдері Қазақстан, Ресей және тағы басқа ТМД елдеріне өткізілетін болады. Мұнда қазір­дің өзінде 197 адам еңбек етеді, орташа айлық жалақы – 73500 теңгені құрайды. Осында қойылған стендтер мен макеттер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстың Индустриялан­дыру картасы туралы облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова баяндады. Өңірде республикалық Индустриялан­дыру картасына енгізілген он екі жоба болса, облыстың Индустрияландыру кар­тасы аясында 36 жоба жүзеге асырылатын болады. Солардың арасында республи­калық Индустрияландыру картасына ен­ген жобаларды “Ақтөберентген” акцио­нерлік қоғамы, “АЙС” ЖШС, “Ақтөбе мыс компаниясы” ЖШС жүзеге асыруда және облыстық деңгейдегі “Ситал”, “Вос­ход Ориел”,  “ҚазақОйлАқтөбе” ЖШС және басқа кәсіпорындар өңірдің қар­қынды дамуына серпін беретін болады. Облыста 2020 жылға дейін жалпы сомасы 1,8 триллион теңге болатын 134 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылады. Үсті­міздегі жылы жалпы сомасы 143,9 мил­лиард теңге болатын 43 үдемелі инвес­ти­циялық-инновациялық жоба іске қосы­лады. Облыста үстіміздегі жылдың сегіз айында 578,7 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Жалпы көлем индексі 112 пайызды құрады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,0 трлн. теңге болатын 84 жоба жүзеге асырылуда. Есепті кезеңде 54,7 млрд. теңге бола­тын 18 жаңа нысан пайдалануға берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,7 пайыз өсті. Осы кезге дейін 218,5 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Облыстың сыртқы сауда айналымы 4414,5 млн. АҚШ долларын құрады. Шағын және орта бизнес нысан­дары 2,4 пайыз, оларда жұмыс істейтіндер саны 2,0 пайыз, ал шығарған тауарлар мен көрсеткен қызметтері 6,9 пайыз өсті. Сондай-ақ бюджетке түсетін төлемдер мен салықтар артты. Ауыл шаруашылы­ғын дамытуға 5,8 млрд. теңге бағытталды. Облыстағы қоғамдық-саяси тұрақты­лық­қа экономиканың қарқынды дамуы­мен бірге, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының, белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мен 8 этно-мәдени орталықтың ықпалы зор. Елбасы көңіл аударған инвестициялық жобалардың қай-қайсысы да өңір үшін маңызды. 110 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын салып жатқан “АЙС” ЖШС жоба іске қосылғанда облысты сүт және сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ететін болады. 23,3 миллион АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция тартылған “Парижская коммуна” ЖШС-ның мал ша­руашылығы кешені жылына 40 мың шошқа өсіруге, 3200 тонна шошқа етін өндіруге бағытталған. Елбасы болашақта жү­зеге асырылатын жобаларға жататын “Жаңажол ГТЭС-і”, “Батыскалий” ЖШС, “Қандыағаш ГТЭС-100”, “Қазақ­Ойл­Ақтөбе” ЖШС сияқты кәсіпорындар­дың өндірістік негіздемелерімен танысты. Партиялық оқу орталығы ашылды Елбасы “Нұр Отан” ХДП Жоғары партия мектебінің Ақтөбе аймақтық ор­талығына келді. Осы жылдың мамыр айын­да партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Нұр Отан” ХДП-ның Жоғары партиялық мектебі ашылған болатын. Мектептің ашы­луы партия өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналғаны белгілі. Бұл кадрларды партия жұмысының заманауи сипаты мен тәсіліне оқытатын бірегей орталық құруға мүмкіндік берді. Өңір­лердің ішінде алғашқы болып Ақтөбе қаласында “Нұр Отан” ХДП Жоғары партия мектебінің аймақтық орталығы өз есігін айқара ашты. “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе филиалының ғимараты төрт қабатты, жалпы аумағы 4781,70 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 2008 жылы қайта өңдеуден өткізілді. Осында 2008 жылдың қыркүйек айында Қазақстан және Ресей елдері президенттерінің қатысуымен шекаралас аймақтардың бесінші форумы болып өтті. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалғап салынып жатқан 3 қабатты ғимараттың жалпы аумағы 4347, 17 шаршы метрді құрайды. Оның бірінші қабатында екі оқу аудиториясы, екі компьютер класы, екі акт залы, асхана орналасады. Екінші қабатында 350 орынға арналған алты оқу аудиториясы мен мәжіліс залы болады, үшінші қабатта тағы да алты оқу ауди­ториясы орналасады. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мектеп филиалы­ның материалдық-техникалық базасымен танысты, кітапхананы көрді. Содан кейін Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маң­ғыстау облыстарынан келген бастау­ыш партия ұйымдары төрағаларымен, Ақтөбе бөлімшесінің жұмысшыларымен және облыстың партия активімен кездес­ті. Олар бұл жолғы семинардың алғашқы тыңдаушылары болды десе де болады. Кездесуге қатысушылар алдында сөз алған Нұрсұлтан Әбішұлы партияның өткен съезінде бастауыш ұйымдардың беде­лін барынша көтере отырып, елдің ертеңіне, халықтың мақсат-мүддесіне қызмет ететіндей кадрлық саясат ұстануға тапсырма берілгенін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға арналған Страте­гия­лық даму жоспарын орындау бары­сын­да партия қызметкерлері мен белсен­д­ілері үшін жергілікті жерлерде қазақ­стан­дықтарды қоғамды дамытуға жұмылдыру айрықша маңызды екендігін атап өтті. – Елмен және халықпен жұмыс істеу демократиялық елде оңай емес, басқалар қалай жұмыс істеу керек екенін білуіміз керек, жаңа саяси технологияларды үйренуіміз қажет. Жалпы, партияда жұмыс істеп жүрген кадрлардың, оның ішінде бас­тауыш ұйымдар төрағаларының дәре­жесі биік болмаса халықпен жұмыс істеу қиын. Қандай мәселеге де халықтың мүддесінен келу керек. Халықты тол­ғант­қан барлық мәселелерді оң шешуге ұйтқы болу қажет. Кадрларды оқыту үшін сая­саттану жағынан ғылыми білімі бар ғалымдарды тартуымыз керек. Тәуелсіз­дігін жаңа ғана алған елдер үшін биліктің партиясы болуы әлемдік тәжірибеде бар. Жапонияда, Сингапурда, Малайзияда солай болған. “Нұр Отан” ХДП – ха­лықтың партиясы. Таяудағы 40-50 жылда елдегі тұрақтылық пен бірлікті қамта­масыз етіп, сайлауларда жеңіске жетуі тиіс, – деді Елбасы. Партиялық оқу жүйесінде кәсібилікті тұрақты көтеру тәртіпке айналуға тиіс, ал партия өз кадрларының интеллектуалдық және қызметтік өсуіне барлық жағдайды жасауы керек. Елбасы партияның жаңа Бағдарламасын да назардан тыс қалдырмады. Оның мақсат-міндеттері Қазақстанның 2020-шы жылға дейінгі стратегиялық даму мақсаттарымен үйлесетінін атап өтті. Онда алдағы 10 жылда “Нұр Отан” партиясы жалпы қоғам мен қолдаушылар алдына ұсынғалы отырған саяси бағыт анықталған. Ақтөбе мем­ле­кеттік педагогикалық институтының рек­торы Ғалымжан Нұрышев елдегі барлық игіліктердің бәрі Елбасының сындарлы саясатынан бастау алатынын жеткізді. Өркениетті елдердің өзімен терезесі тең дәрежеде тұрған Қазақстанның бүгінінен ертеңі ажарлы болатынына Президент жүргізіп отырған сарабдал саясаттың берік негіз қалап отырғанын ерекше атап өтті. “Ақтөбе мыс компаниясы” ЖШС бастау­ыш партия ұйымы атынан сөйлеген Алек­сандр Кошик, Маңғыстау облыстық ту­ризм, дене тәрбиесі және спорт бастауыш ұйымының өкілі Рущаня Елизарьева да еліміздегі саяси тұрақтылықтың, береке бірліктің және экономикалық дамудың берік тұғырын қалап отырған Елбасының сарабдал саясаты деген пікірлерін ортаға салды. Нұрсұлтан Назарбаевқа жергілікті жерде біліктілікті көтеретін, еліміздің дағдарыстан кейінгі жаңаруында аса қажет кәсіби және теориялық білім беретін оқу орталығының ашылғанына өз ризашы­лықтарын білдірді. Сонымен қатар нұротандықтар Мем­ле­кет басшысын алдағы 10 жылдықтың ауқымды міндеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ алдағы ЕҚЫҰ Саммиті мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы сынды мем­лекеттік және халықаралық маңызды оқи­ға­лардың дайындығы және өткізу жұ­мыстарына өз үлестерін қосуға әзір екен­діктеріне сендірді. Елбасы тапсырмасы бойынша осындай оқу орталықтары тағы да үш аймақта ашылатын болады. Жастардың бастамасы жалғасын табады Мемлекет басшысы кортежі мереке­дегідей безендірілген облыстық әкімдік алдындағы алаңға бет түзеді. Қаланың басты алаңы түрлі-түсті банерлермен, транс­паранттармен және желбіреген жа­лаулармен безендірілгендіктен, қызылды-жасылды сәулелермен астасқан теңіздей толқиды. Жастардың көңілді дауыстары­нан күзгі аспанның ауасы жаңғырығады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация мүшелері Әбілқайыр хан ескерткішінің алдына қойылған сахна төріне көтерілді. Осында Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбе облысының нұротандықтары бастаған және бүкіл ел жастары қолдаған “Ауыл­дың өркендеуі – Қазақстанның өр­кендеуі” атты марафон эстафетасының қорытындысы бойынша облыс жастары­ның слетіне қатысты. Шалғайдағы елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік мекемелердің құрылысы мен оларға жөн­деу жасауға негізделген ақтөбелік жас­отан­дықтардың бастамасы тек жастардың емес, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан да қолдау тапқан болатын. Оң бастама көп ұзамай өз нәти­жесін көрсетіп, республика жастарының кең ауқымды акция-эстафетасына ай­нал­ды. Тек біздің облыстың өзінде студенттер мен құрылыс жасағы жалауы астында 70 мыңнан астам жастар бірікті. Акция мүшелері 380 ауылдық округті көркейтуге қатысып, ондағы 300 саябақ, скверлерді, 3300 көше және аллеяларды тазартып, 230 ашық спорт кешендерін және 800 әлеуметтік нысандарды қайта жөндеуден өткізіп, көркеюіне үлес қосты. Сондай-ақ 1650-ден астам жиналған қоқыс­ты жойып, 20 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарды, 300 мыңнан астам жасыл желек отырғызды. Нұрсұлтан Назарбаев акция белсен­ділерін құттықтап, қысқаша сөз сөйледі. – Қазақстан – біздің еліміз, сіздердің еліңіз, ертеңгі күнгі балаларыңыздың елі, сондықтан біздің елді мекендеріміздің таза болып, сәулеті мен көркі келісті болса, ақтөбелік жастардың “Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” атты бастамасы еліміздің барлық айма­ғында қолдау табуының арқасы, 600 мың­ға жуық жастар елді мекендерді көгал­дан­дыруға қатысты, бұл жастардың патриот­тық сезімін қалыптастырудың бір үлгісі болды. Бұл бастаманы алдағы жылдары да жалғастыра беріңіздер, мұның бәрі де болашақ үшін жасалып жатқан шаруа. Бүгінгі мерекелік сәтте сіздерді құттықтау үшін арнайы келдім. Елдің болашағы өздеріңізсіздер, осылай еңбектің дәмін татып, адамгершілік қасиеттерді бойлары­ңызға сіңіре беріңіздер, – деді Елбасы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев марафон акцияға белсене қатысып, өнімді еңбек еткен №32 мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы Нұрсұлтан Досеке­шовке, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің оқу­шысы Ольга Ганинаға және №30 орта мектептің оқушысы Жармағанбетовке автокөлік кілттерін тапсырды. Акция-марафонға қатысушылар аты­нан сөз алған №32 орта мектеп-гимна­зиясының 10 сынып оқушысы Нұрсұлтан Досекешов жастардың бастамасына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасына алғыс сезімін білдірді. Ата-анасының Ел­басындай азамат болсын деп өзінің есімін Нұрсұлтан қойғанын мақтанышпен жет­кізді. Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің 2 курс оқушысы Ольга Ганина Елбасына жастар­дың білім алуына, кәсіби мамандыққа ие болуына және азамат болып қалыпта­суына жасалып отырған қамқорлық пен көрсетіліп отырған сенімге ризашылығын білдірді. Оған өздерінің жақсы оқумен және тәртібімен жауап беретіндіктеріне сендірді. Сәулеті келіскен саябақ Одан кейін Мемлекет басшысы Орта­лық мәдениет және демалыс саябағын аралап көрді. Ақтөбеліктер мен қала қо­нақтарының сүйікті орнына айналған сая­бақ жуырда ғана қайта жөндеуден өткен еді. Саябақ аумағы 42 гектарды құрайды, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер үшін жолдар салынған. Саябақтың орталық алаңындағы қорғанда биіктігі 91 метр тутұғыр орна­лас­қан. Тутұғыр негізін Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік рәміздерімен безендірілген барельеф құрайды. Елбасы суретшілер жанына аялдап, олардың туындыларына назар аударды. Жасанды су айдынындағы судомодел­ьші­лердің жұмыстарын тамашалады. Бала­лардың ойын қалашығында болды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына да жауап берді. Елбасы Ақтөбеге жыл сайын келетінін айтып, қаланың жаңарып, жасарып келе жат­қаны­н айрықша атап өтті. Ақтөбенің еліміздегі үздік қалалар қатарына жата­тынын айтты. Ал осы саябақты Сіздің атыңызбен атауға қалай қарайсыз деген сауалға мүдірместен ондай бастаманың көңіліне қонбайтынын жеткізді. Атын атап, түсін түстемей-ақ еліміздің Тұңғыш Президенті атындағы десе қарсылығы жоқтығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы саябақтың жарақтандырылуы мен жасануына көңілі толды. Журналистердің сұрақтарына жауап бергенде Елбасы өңірдегі индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылу барысына риза екендігін айтып,  облыс әкімінің жұмысына жақсы деген баға берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.